Жаңалықтар

Билік жүйесіндегі жаңа теңгерім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылор­да қаласында өткен Ұлттық құрыл­тайдың бесінші отырысында бірнеше маңыз­ды бастама көтерді. Сарапшылар Мемлекет басшысының саяси жүйе мен конституциялық құрылымды қайта құру туралы ұсынысы басты әрі маңызды шешім болды деген пікір білдіріп.

Мемлекет басшысы қазіргі қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшіру идеясын алға тартып, жаңа құры­латын Парламентке «Құрылтай» деген тарихи атау беру қажет екенін айтты. Бұл ұсыныс Парламенттің жаңа рөлін елдік дәстүрмен байланыстыру мақсатында жасалған. Осы кезеңде Парламент депу­тат­тарының құзыреттері кеңей­мек. Президент депутат­тар­ға жаңа өкілеттіктер беру, соның ішінде Жоғарғы сот судья­ларын сайлауға қатысты кей­бір құқықтар беру керектігін мәлімдеді.

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай еліміздің саяси жүйесі түбегейлі трансформациясы күтіп тұрғанын айтады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұлттық парламенттік модельдің функциялары мен міндеттеріне нақты тоқталды. Атап айтқанда, Құрылтайда 8 комитеттен аспайтын құрылым қалыптастырылып, депутаттар саны 145 адамды құрайды, оның ішінде 3 вице-спикер болады. Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссия­сы­ның барлық мүшелерін таға­йын­­дау Құрылтайдың келісімі­мен ғана жүзеге асырылады. Жоғар­ғы соттың барлық судьялары Президенттің ұсынуы бойынша сайланады. Бұл жаңа Парламенттің шын мәнінде ықпалды институтқа айналуына және жүзеге асырылып жат­қан реформалар шеңберінде заң қабылдау үдерісінің тиімді әрі сапалы болуын қамтама­­сыз етуге мүмкіндік береді» дейді М.Споткай.

Сонымен қатар Сенат депутаты Амангелді Нұғмановтың айтуынша, Президент ұсынған өзгерістер – қоғамның әділетті, орнықты әрі есеп беретін мемлекеттік басқаруға деген нақты сұранысынан туындап отыр, дәл қазіргі уақыт елдің сая­си жаңғыруындағы логикалық әрі уақтылы кезең.

«Парламенттің жаңар­тыл­ған форматы өкілдікті күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, бұл өз кезе­гінде қабылданатын шешім­дердің сапасын арттырады», дейді сенатор.

Ал Президент жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарап­шысы Гүлмира Туканова: «Жаңа Парламент сапасының негізгі кри­терий­ле­рі ашықтық пен инклюзивтілік болуға тиіс», деген пікірін білдірді. Сарап­шының айтуынша, егер референдум барысында оң шешім қабылданса, елде бір палаталы Парламент болады. Дамыған демократиялық жүйелердің негізгі сипат­тамалары – ашық­тық, есеп беру және инклю­зив­тілік. Сондықтан бір палаталы Парламент пен сая­си жүйеде: шешім қабылдау үдерісіндегі ашықтық, депутаттар мен олардың сайлаушылары ара­сындағы өзара әрекеттесу, мүдделерді білдіру және оған қоғамның көпшілігінің қатысуы секілді қасиеттерді қамтамасыз ету маңызды.

«Болашақ реформаның дизайны заңдар мен түзетулерді қабылдау үде­рі­сін­де, заң шығару бастамасы құқығынан бастап, сараптамалық шолу, жұмыс топтарын құру, заң жобасын дауысқа салу рәсі­мі­не дейінгі ашықтықты қам­та­масыз етуі керек. Шешім қабыл­дау­дағы ашықтық, өз кезе­гінде, депутаттар мен сая­си партиялардың өз сайлаушыларымен тиімдірек өзара әрекеттесуіне ықпал етеді, себебі бұл үдерістің барлық кезеңдерін, соның ішінде олардың ұсыныстары мен шешімдерін бақылауға мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Г.Туканованың айтуынша, Парламент­ті пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде ғана құру ұсынылғанын ескерсек, саяси партиялардың ішкі сайлауларын реттеу мәселесі туындайды. Бұған олардың пар­­тиялық тізімдерін қалай құратыны, тізімдер ашық бола ма, тізім­дерде болу реті маңызды ма, сондай-ақ сайлау шегіне жеткен жағдайда партия мүшелері арасында орындар қалай бөлінетіні секілді мәселелер кіреді. Осы кезде сая­си партиялардағы демократия мен меритократия қағидаттары ерекше маңызды.

«Қазақстанның праймериз тәжірибесі одан әрі дамуы мүмкін. Сонымен қатар жаңа Парламент азаматтық қоғамның ақпаратқа қолже­тім­ділігін, заң шығару үдері­сіне қатысуын кеңейтуді қамтамасыз етуі керек. Мұны қоғамдық тыңдаулар, парла­менттік пікірталастар мен Парла­мент­­тің онлайн ресурс­тарына қол жеткізу тетіктері арқылы жеңілдетуге болады», деп түйіндеді сөзін ҚСЗИ сарапшысы.

Сондай-ақ сенатор Амангелді Нұғманов Құрыл­­­тайда айтыл­ған Президент­тің Халық кеңесін құру бас­тамасына да тоқталды. Оның пікірін­ше, Халық кеңесінің мәні ерекше. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы диалог­ті институционалдық тұрғыда бекі­туге, азаматтардың стратегиялық шешім­дерді әзір­­леуге қатысуын кеңейтіп, «еститін мемлекет» қағидатын нығай­туға бағытталған нақты қадам.

«Жалпы алғанда, Құрыл­тайда айтыл­ған бастамалар Прези­дент­тің жүйе­лі реформалар жүргізу, мемлекет­тік егемендікті күшейту, сая­си жауап­кер­шілік пен ұлт бірлігін нығайту бағы­­тын­дағы берік ұстанымын айқын көрсетеді. Бұл – бір реттік шаралар емес, ұзақмер­зім­ді даму мен азаматтардың сеніміне негіз­­делген Жаңа Қазақстанның тұтас архи­тек­турасының ажырамас бөлігі», дейді А.Нұғманов.

Қысқаша айтқанда, V Ұлт­тық құрыл­тай­да ең басты мә­селе сая­си жүйені терең рефор­малау, Парламенттің құры­лымын өзгерту мен жаңа мемлекеттік институт­тар­ды енгізу болды. Соны­мен қатар қоғам­ның мо­раль­дық құнды­лық­тары мен аза­­мат­тардың тең құқықтарына да назар ауда­рылды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button