Пікір

Ардагерлер қолдауы

Серік ШАҢҒҰТОВ,
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауда маңызды қоғамдық-саяси алаңға айналды. Қызылорда қаласында өткен бұл басқосу мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында айтылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер еліміздің тұрақты даму жолында екенін дәлелдейді. Ішкі жалпы өнімнің өсуі, Ұлттық қор резервтерінің артуы — көпжылдық жүйелі саясаттың нәтижесі. Бұл жетістіктерге аға буынның, еңбек ардагерлерінің де қосқан үлесі зор.
Мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысты тапсырмалары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Әсіресе Қызылорда өңірінің дамуы мен Арал теңізін сақтау мәселесіне айрықша мән берілуі — болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту туралы бастамалар Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірге нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, жастарды қолдау, білім мен тәрбиеге басымдық беру — баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұлттық құрылтайдың соңғы жылдары нақты нәтижелер беріп отырғанын ардагерлер қауымы оң бағалайды. Бұл алаңда көтерілген бастамалардың заңнамалық шешімдерге айналуы қоғам пікірінің ескеріліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да Ұлттық құрылтай ел бірлігін нығайтып, мемлекет пен халықты жақындастыратын маңызды институт болып қала беретініне сенім мол.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашақ парламенттің құрылымы, атауы мен құрамы жөнінде айтқан ұсыныстары — ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін, терең ойластырылған әрі жауапты бастама.
Президенттің бірпалаталы парламентке «Құрылтай» атауын беру жөніндегі пікірі халқымыздың тарихи санасымен, ұлттық болмысымен тікелей сабақтас. Құрылтай — ел тағдырын шешетін, жұртшылықтың ортақ ойы мен мәмілесі тоғысатын киелі ұғым. Сондықтан бұл атаудың жаңа заң шығарушы органға берілуі мемлекеттік институттың мазмұнын байытып, оны халыққа жақындата түседі.
Мемлекет басшысының «басты мәселе — сан емес, сапа» деген ұстанымы ардагерлер қауымының да ойымен үндес. Депутаттардың саны емес, олардың кәсібилігі, отаншылдығы, ел мүддесіне адал қызмет етуі шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда 145 мандатпен шектелу, комитеттер санын сегізден асырмау, басқару құрылымын ықшам әрі тиімді ету — уақыт талабына сай дұрыс шешім.
Президент атап өткендей, жаңа парламенттің басты міндеті — елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға сапалы заңнамалық негіз қалыптастыру. Бұл міндетті орындау үшін заң шығарушы органда тек тәжірибелі, елдің өткені мен бүгініне, болашағына бірдей жауапкершілікпен қарайтын азаматтар отыруға тиіс. Ардагерлер үшін ұрпақтар сабақтастығы, мемлекеттің тұрақтылығы мен бірлігі — басты құндылықтар, ал ұсынылып отырған өзгерістер осы мақсаттарға қызмет етеді деп сенеміз.
Сондай-ақ парламенттің Конституциялық сот, Жоғарғы аудит палатасы және өзге де маңызды мемлекеттік органдардың құрамын қалыптастырудағы құзыреттерін нақтылау билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға, ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл — құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы маңызды қадам.
Президенттің айтуынша, аймақтарда халық реформаларды қолдап отыр. Бұл қоғамда ортақ түсінік пен келісім бар екенін білдіреді. Ардагерлер қауымы да елдің жаңару жолын қолдайды, себебі бұл өзгерістер мемлекетіміздің болашағын берік етуге, жас ұрпаққа тұрақты әрі әділетті қоғам қалдыруға бағытталған.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы ұсынған парламенттік реформалар Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттырады деп сенемін. Ардагерлер кеңесі бұл бастамаларды елдің бірлігі мен дамуына қызмет ететін, тарихи жауапкершілігі зор шешім ретінде бағалайды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button