«Қалдырған ізің мәңгілік…»

Құрмет
Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, білім саласының ардагері Жамал Бабанова атындағы бастауыш сынып кабинеті ашылды.
Мектеп ұжымы мен білім саласының ардагерлері жиналған бұл шараға басты қонақ ретінде ардагер ұстаз Жамал Аймағамбетқызы ұрпағымен бірге арнайы келіп қатысты.
Шара барысында ауданның білім бөлімінің бас маманы Жансәуле Әбілхайырқызы мен Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп директоры Ләззат Айтымбетова ұстаздың білім саласына сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталып, өнегелі өмір жолынан тағылымды естеліктер өрбітті.
Салтанатты жиында әр жылдары білім алған түлектер де сөз алып, бастауышта дәріс берген Жамал апайларының жайдары мінезі мен ұстаздық ұстанымы жайында жылы лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен сый-сияпатын жасады. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінен келген түлектермен қатар, Ресей елінің Ясный қаласынан арнайы келген Ақалқа Сібіралинаның қатысуы ардагер ұстаздың мерейін одан әрі үстем етті.
Шара барысында әр жылғы түлектер кең де жарық жаңа кабинетті заманауи қажетті жабдықтармен толықтыру мақсатында қаржылай демеушіліктерін көрсетті.
Өз кезегінде 79 жастағы ардагер ұстаз Жамал Бабанова мен оның ұрпағы ауданның білім саласына, мектеп ұжымына және жалпы ұстаздар қауымына көрсетілген зор құрмет пен шынайы ықылас үшін ризашылығын білдірді.
Ләззат АЙТЫМБЕТОВА,
«Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің
директоры.



