Ақтөбе ауруханасында жедел көмекке арналған жаңа КТ мен мобильді С-доға іске қосылды

Ақтөбе қаласындағы №1 көпбейінді қалалық ауруханада бірден екі жоғары технологиялық медициналық жабдық — компьютерлік томография мен мобильді рентгендік сүзгі С-доға пайдалануға берілді.
Бұл аурухана өңірдегі негізгі стационар және барлық шұғыл жәрдем мұқтаж науқастардың 95 пайызына дейін қабылдайды. Медициналық мекеме мәліметінше, заманауи КТ аппараты мен С-доғаның іске қосылуы жедел және мамандандырылған медициналық көмекті дамытудағы маңызды қадам, клиниканың диагностикалық және хирургиялық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.
Жаңа компьютерлік томография адам ағзасының барлық мүшесі мен жүйелерін жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік береді. Аппарат салмағы 240 келіге дейінгі науқастарға арналған, бұл диагностиканы халықтың кең тобына қолжетімді етеді.
Жабдықтың кепілдік мерзімі — бес жыл. Техникалық қызмет көрсетуді инженерлік қызмет тәулік бойы қамтамасыз етеді, ақау туындаған жағдайда мамандар 24 сағат ішінде оқиға орнына келеді.
Сонымен қатар аурухана операциялық бөлімшелерде қолдануға арналған заманауи мобильді рентгендік С-доға жүйесіне ие болды. Бұл жабдық әсіресе тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары бар науқастарға жедел хирургиялық көмек көрсету кезінде аса қажет.
Айта кету керек, құрылғыда жасалған бейне(кескін) жоғары сапада, жабдық сәулелік жүктемені барынша аз деңгейде қамтамасыз етеді, бұл науқастар мен медицина қызметкерлері үшін қауіп-қатерді төмендетеді.
Рентгендік С-доға жүйесі ERG мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі меморандум аясында сатып алынды. Жобаны 30 миллион теңге көлемінде ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ қаржыландырды.
Жобаны жүзеге асыру медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі жетекші медициналық мекемелердің бірінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.
Д.АЙДАР.








