Жаңалықтар

Биыл пайдаланылмай жатқан 80 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылады

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Әділбек Қабидуллиннің айтуынша, 2025 жылы ауыл шаруашылығы мақсатында жалпы көлемі 347,1 мың гектарды құрайтын 216 жер учаскесі берілген. Жер қойнауын пайдаланушыларға 27 мың гектар аумақта 44 учаске бөлінсе, коммерциялық мақсатта аукциондар арқылы жалпы ауданы 110,2 гектарды құрайтын 139 жер учаскесі сатылған.

2022–2025 жылдар аралығында мемлекеттік меншікке 1 млн 256 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оның ішінде 1 092,3 мың гектары шаруашылық айналымына тартылған. 2025 жылы 197 субъектіден 234,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер учаскелері қайтарылып, жоспар 146 пайызға орындалды. Ал биыл айналымға тағы 80 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерді қайтару жоспарланып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында жер учаскелері үшін төленетін базалық ставкалардың мөлшерін қайта қарауды тапсырды. Базалық мөлшерлеме жерді жеке меншікке немесе жалға беру кезінде оның кадастрлық құнын айқындайды. Ақтөбе қаласында бұл көрсеткіш бір шаршы метр үшін 2 450 теңге. Бұл салық базасын кеңейтуге және қосымша қаражатты білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыту секілді әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді», – деді Әділбек Қабидуллин.

Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік меншікке қайтарылған 164,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін айналымға енгізу үдерісін қатаң бақылауға алу қажеттігін сөз етті. Аудан әкімдеріне бұл жұмыстың орындалуына жеке жауапкершілік жүктеліп, жер учаскелерін конкурстар арқылы бөлу кезінде адал әрі жергілікті шағын және орта бизнес субъектілеріне беру үшін ашық әрі әділ тетік енгізу тапсырылды.

Сонымен қатар өңір басшысы коммерциялық мақсаттағы жерлерді аукцион арқылы сату жоспарын қайта қарап, нарықтық сұранысты ескере отырып, сату көлемі мен бюджетке түсетін түсімдерді арттыруды тапсырды.

Облыс әкімі цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, кадастрлық деректерді, инфрақұрылым мен жер қойнауы туралы мәліметтерді қамтитын өңірдің жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте су нысандары мен орман алқаптарына ерекше назар аудару қажет.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Жер иесіз қалмауы керек, оны оның қадірін білетіндерге ғана беру қажет» деп атап өтті. Біз қайтарылған әрбір жер учаскесінің тиімді пайдаланылып, өңірге нақты пайда әкелуін қамтамасыз етуіміз керек. Жердің халық пен облыс экономикасының игілігіне жұмыс істеуі үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға және ауыл шаруашылығын дамытуға айырықша көңіл бөлу маңызды. Сондай-ақ жер ресурстарын есепке алу мен бақылау ісінде заманауи технологиялар мен цифрлық құралдарды енгізу арқылы басқару үдерісін ашық әрі айқын ету қажет», – деді облыс әкімі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button