Заң мен тәртіп

«Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен…»

Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектепте қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» жобасы аясында кездесу өтті. Іс-шараға Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Аслан Амангелдиев, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты.

Кездесу барысында прокурор жастар арасындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында ерте жүктілік, буллинг, лудомания және алаяқтық фактілері жиілеп отыр.
— Ерте жүктілік ең алдымен қыз баланың денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар оның оқуын жалғастыруына, болашақта мамандық таңдауына кері әсер етеді. Бұл — тек бір адамның емес, тұтас қоғамның мәселесі, — деді ол.
Сондай-ақ спикер буллингтің психологиялық салдарына ерекше назар аударды. Оның сөзінше, қорлау мен қысым көрген бала тұйықталып, өз-өзіне сенімсіз бола бастайды, ал кей жағдайда бұл ауыр психологиялық зардапқа әкелуі мүмкін.
— Егер сіздер буллингке куә болсаңыздар немесе өздеріңіз осындай жағдайға тап болсаңыздар, оны жасырып қалмау керек. Мектеп әкімшілігіне, ата-анаға немесе тиісті мамандарға міндетті түрде хабар беріп, дер кезінде көмекке жүгініңіздер, — деп ескертті Аслан Амангелдиев.
Бұдан бөлек ол лудомания мен интернет-алаяқтықтың қаупі туралы айтып, жастарды күмәнді ойындар мен белгісіз сілтемелерден аулақ болуға шақырды.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 84 мектеп бар. Қазіргі таңда «Жастарға кеңес» жобасы аясында 7 мектепте осындай ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Жоба алдағы уақытта да жалғасады.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button