ЗАҢҒА БАҒЫНУ — ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ БАСТЫ МІНДЕТ


Ақтөбе қалалық прокуратурасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшыларымен кездесіп, еңбек қауіпсіздігі мен заң талаптарын сақтау мәселелерін түсіндірді.
Ақтөбе қалалық прокуратурасы «Заң және Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында еңбек саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу және түсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Ақтөбе қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Нұрасхан Ермекбаев Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшыларымен болған кездесу барысында айтты.
Оның айтуынша, қала аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар мен заңды тұлғаларда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету — прокуратураның басты назарындағы мәселенің бірі. 2025 жылдың өткен кезеңінде Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындарда 45 жазатайым оқиға тіркелген. Соның салдарынан 1 жұмысшы кәсіби ауыр жарақат алса, 6 адам жеңіл, 38 адам ауыр дене жарақатына ұшыраған.
— Қолданыстағы Қылмыстық кодексте еңбекті қорғау қағидаларын бұзғаны үшін нақты жауапкершілік көзделген. Ал жұмыс беруші мен жұмысшының еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндеттері Еңбек кодексінің 181, 181-1 бөліктері мен 182-бабында айқындалған, — деді Нұрасхан Ермекбаев.
Сонымен қатар еңбек демалысы, ауыр және зиянды жұмыстардағы жеңілдіктер мен өзге де еңбек қатынастары ұжымдық шарттар арқылы реттелетіні атап өтілді.
Басқосуда еңбек қауіпсіздігі, жұмыскерлердің құқықтары, міндетті медициналық тексеруден өту, жұмыс орнындағы денсаулықты сақтау талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ демалыс уақыты, ауыр және қауіпті жұмыстарға ақы төлеу тәртібі жөніндегі еңбек заңнамасының нормалары талқыланды.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесу облыс аумағындағы кәсіпорындарда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат — өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және құқықтық тәртіп мәдениетін қалыптастыру.
— Біз «Қазхром» мекемесінің алаңында арнайы кездесіп отырмыз. Мақсатымыз — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында айтылған қағидаттарды еңбек ұжымдары арасында кеңінен түсіндіру. Заң талаптарын сақтау — жұмыс берушінің ғана емес, әрбір жұмыскердің ортақ міндеті. Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету арқылы ғана өндірістегі тәуекелдерді азайтып, тұрақты дамуымызға жол ашамыз, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Рахат Тәжібаев.
Кездесуде зауыт жұмысшылары тарапынан қойылған сауалдарға мамандар жауап берді.
Арайлым НҰРБАЕВА.



