Басты жаңалықтар

Асхат Шахаров әлеуметтік орталық пен балалар ауруханасындағы балаларды Жаңа жылмен құттықтады

Облыс әкімі №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен көпсалалы облыстық балалар ауруханасының қызметімен танысып, екі мекемеде ем алып жатқан балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – өңірдегі психикалық, физикалық және ақыл-ой дамуында ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсететін стационарлық үлгідегі жалғыз мемлекеттік мекеме.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазіргі таңда мұнда психикалық дамуы тежелген 59 бала ем қабылдап жатыр. Орталықта дефектологтар, физиотерапевтер мен логопедтерді қоса алғанда, шамамен 100 маман жұмыс істейді. Балалардың оңалтуы мен дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Алайда Ләззат Оразбаеваның сөзінше, стационар барлық емге мұқтаж баланы қамти алмай отыр және кеңейтуді қажет етеді.

Бүгінде облыста 6 мыңнан астам адам психикалық ауруларға шалдыққан, олардың 45 пайызы – балалар. Барлығын оңалту көмегімен қамтамасыз ету үшін балаларға арналған осы бағыттағы тағы бір мемлекеттік мекеме ашу жоспарланып отыр. Айта кету керек, облыс орталығында ересектерге арналған №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жайна» оңалту стационары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта онда 50 кәмелетке толмаған науқас ем қабылдап жатыр.

Асхат Шахаров ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, мүмкіндігінше көп баланы қамту және сапалы сүйемелдеу көрсету үшін мемлекеттік және әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту қажеттігін айтты. Сапар барысында ол медицина қызметкерлерімен тілдесіп, орталықтағы балалармен кездесіп, оларға сыйлықтар сыйлады.

Одан кейін өңір басшысы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына барды. Бұл – облыстағы жалғыз хирургиялық стационар, мұнда тек Ақтөбе облысының ғана емес, көршілес өңірлердің балалары да емделіп, оңалтудан өтеді.

Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қожиннің айтуынша, стационар 310 төсек-орынға арналған. Жыл сайын мұнда 14 мыңнан астам бала ем қабылдайды, тағы 700-ге жуық бала оңалту курсынан өтеді. Оңалту орталығында кішкентай пациенттерге операциялардан, жарақаттардан және ауыр сырқаттардан кейін кешенді көмек көрсетіледі. Тиімді оңалту үшін орталықта арнайы тренажерлер мен бассейн қолданылады, бұл балалардың тезірек қалпына келуіне және қажетті дағдыларды дамытуына мүмкіндік береді.

Биыл ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 34 дәрігер шетелдік және отандық клиникаларда білімін жетілдірді.

Өңір басшысы балалар денсаулығын сақтаудың маңыздылығын, кардиохирургиялық көмекті одан әрі дамыту және пациенттердің ем алу жағдайын жақсарту қажеттігін алға тартты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар денсаулығы жүйесіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыста кардиохирургиялық көмек кеңейтіліп, оңалту бөлімшелері жаңғыртылып, ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Әрбір бала сапалы медициналық көмекке және операциядан кейін қалпына келу үшін жайлы жағдайға қол жеткізуі тиіс», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров аурухананың бөлімшелерін аралап, балалармен кездесіп, оларға сыйлықтар үлестірді. Облыс әкімі балаларға мықты денсаулық, тезірек сауығуды және өмірлерінде қуанышты сәттердің көп болуын тіледі.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button