Жаңалықтар

Ақтөбе облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

2025 жылы облыс аумағында 87 нысан салу жоспарланған. Жылдың қорытындысы бойынша 64 нысан қолданысқа беріліп, қалған 23 нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.

Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 87,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражат Ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет, облыстық резерв пен Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қарастырылған. Бөлінген қаржы тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға бағытталған.

«Әлеуметтік нысандардың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі – 45 жоба. Денсаулық сақтау саласында 18 нысан салынып, олардың 15-і ел игілігіне берілді. Спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, төтенше жағдайлар және мемлекеттік органдар объектілері бойынша да құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде» – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Сонымен қатар өңірде ірі әлеуметтік маңызы бар жобалардың құрылысы басталды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында музыкалық-драма театры, футбол стадионы және 5000 орындық әмбебап спорт кешені бой көтеруде. Бұл нысандар өңірдің мәдени, спорттық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға серпін береді.

Жалпы, әлеуметтік нысандардың уақтылы салынуы мен пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button