Партизан тағдыры


Ақтөбедегі «Хабар-Сервис» баспаханасынан майдангер Төлтай Шановтың «Қасиет пен қасірет» атты естелік қолжазбасы жинақ болып шықты. Осы кітапта ел қорғаған жауынгер туралы замандастарының жылы лебізі, естеліктері де топтастырылған.
Бұл — өмірбаяны «мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің қиын да қилы кезеңдерімен қатар өрілген, жалындап тұрған жігіттік шағын от пен судың ортасында өткізген, қанқұйлы жаумен шайқаста қаһармандық танытқан қатардағы жауынгердің майдан жолдары шежіресі.
«ХХ ғасырдың өмір сахнасына әкеміз Түсібек пен шешеміз Мағиядан Әбілқайыр, Күнайым, Төлеуқазы, Елкей, Бөлекбай атты бес перзент жаратылып, жарық дүние есігін ашып, аша сала біртіндеп ол дүниені де өкіндірмеске аттана бастапты. Содан қалған соңғы үшеуіміз».
Осылай басталған бір әулеттің ендігі тарихы бұл еңбекте байыпты баяндалады.
Егер тұжырымдап айтар болсақ, бұл кітап адам өміріндегі қасиет пен қасіреттің нақты көрінісін бейнелейді. Төлтай Шановтың тағдыры — ерлік пен елдіктің, өмір атты сынақта алға ұмтылудың, кері шегінбеудің, мойымаудың үлгісі. Оның жан дүниесін ұғыну үшін автордың өз қолымен жазған бұл дүниенің ішіне еніп, жүрек соғысымен сезінуіңіз керек…
Профессор, тарих ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Озғанбаевтың қаламынан туындаған «Еуропаны ереуілдеткен ер Төлтай» атты мақаланың танымдық-тағылымдық мәні зор. Автор елдікке сын болған қанды соғыстың қасіретіне тоқтала келіп, бейбітшілік үшін жанын қиған ерлердің рухына тағзым етеді. Сонымен бірге Төлтай сынды қандай қиындыққа да мойымай, жеңіс жолында қаруын бойынан тастамай, жаудың бетін қайтарғанша жел өтіне қасқая қарсы тұра білген ерлердің ерекше төзімділігіне, қайсарлығы мен намысқойлығына тәнті болады.
Философия ғылымдарының докторы, академик Алтай Тайжановтың «Есімі елмен бірге жасайтын тұлға» атты толғамы да жүрек тебіренісінен туындаған. «Ұлттық-рухани өмірімізде арқа тірейтін азаматтарымызды іздегенде сан қырлы тау тұлғаларымызды алдымен атауымыз керек. Солардың бірі — соғыс және еңбек ардагері, біздің жерлесіміз Төлтай Шанов. Ол кісінің мол тағылымы, ешкімге ұқсамайтын өмір жолы мен қызметі — егемен елдің жас құрақтай желкілдеген өрендері үшін таптырмас қазына» — дейді автор.
Филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменше өзінің «Ұстазым менің…» атты мақаласында: «Біз оқыған мектептің Төлтай ағайдың атын иелену сәтінің бір бұрышында шәкірті ретінде жүру бақыты бұйырғаны да тіршіліктің өзіміз көрген соны сыйы болса керек. Бұл орайда ағайдың сүйікті қызы Майра апамыздың қажырлы еңбегі әрдайым оқшау тұратыны белгілі. Ағайдың кітаптарының жарық көруі, оны еске алу іс-шараларының жүйелі өткізіліп тұратыны Майра Төлтайқызының перзенттік борышын адал атқарып жүргенінің көпке үлгі боларлық өнегесі» деп тұжырым жасайды.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншиннің «Ерекше тағдыр иесі» мақаласында Югославия жеріндегі «Қарсыласу» халық-азаттық қозғалысының қатысушысы, «Қаһармандығы үшін» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Төлтай Шановтың партизандық жолына шолу жасалады.
…Ол өмірден көрген қиындықтарына мойыған жоқ. Қандай сәтте де жігерін жоғалтпай, алға ұмтылды. Жақсылыққа жақын жүрді. Бойындағы ізгілікті ойын шәкірт тәрбиелеуге жұмсады. Содан да болар, артында жақсы аты қалды.
Жақсының ізі қашанда өшпейді.
Төлтай Шановтың «Қасиет пен қасірет» атты естеліктері — тағылымы мен тәлімі мол өнегелі өмірдің кейінге қалдырған сабағы.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



