ЖАС САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтының Жас әуе мамандарын даярлау оқу орталығының мерзімді әскери қызмет сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Әскери ант қабылдау шарасына еліміздің алты өңірінен 322 сарбаз қатысты. Барлығы оқу орталығында әскери әуе қорғаныс күштері үшін жас әуе мамандарын дайындайтын оқу бағдарламасынан өтуде.
Салтанатты шараға Әскери институттың басшылығы, облыстық мәслихат депутаттары, «Аналар жүрегі» комитетінің өкілдері, сондай-ақ барлық өңірлерден келген сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты.
Әскери ант қабылдау — жас сарбаздардың қызметіндегі маңызды кезең.
Оқу орталығы жер және радиотехникалық ұшуды қамтамасыз ету, аэродромдық техникалық көлікті басқару, сондай-ақ күзет бөлімшелерінің қызметкерлерін дайындау сияқты 8 әскери мамандық бойынша дайындық жүргізеді. Оқу мерзімі — 6 ай. Осы уақыт аралығында B және C санатындағы жүргізуші куәліктерін алуға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар оқу орталығында «Срочники 2.0» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, мерзімді қызмет аяқталған соң тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.
Әскери институттың Жас әуе мамандарын даярлау орталығының бастығы полковник Жәнібек Қабдуалиев атап өткендей, ант қабылдағаннан кейін сарбаздар бес ай бойы таңдаған мамандықтары бойынша оқудан өтеді.
— Қызметті аяқтаған соң әскери қызметшілер білім гранттары бойынша сертификаттар, B және C санатындағы жүргізуші куәліктерін алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы әуе қорғаныс күштері бөлімшелеріне қызметке жіберілуі мүмкін, — деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк ант қабылдаған сарбаздарды құттықтап, сәттілік тіледі.
— Бүгін сіздер үшін маңызды күн. Сіздер антты командирлер мен ата-аналарыңыз алдында қабылдадыңыздар. Отан қорғаушы деген абыройлы атақты лайықты түрде арқалап, қызметті адал өтеп аман-сау оралыңыздар, — деді.
Салтанатты рәсімге қатысқан ата-аналар да ізгі тілегін жолдап, сарбаздарға сәттілік тіледі.
— Баламды Отан қорғаушылар қатарында көру әр ата-ана үшін әрқашан ерекше және маңызды сәт. Аздап қобалжығаным рас, бірақ ол өзінің қызметін абыройлы атқарады деп сенемін, — деді Орал қаласының тұрғыны Жанаргүл Нәсіпқалиқызы.
Астанадан келген мерзімді әскери қызметші Талғат Бақтыбайұлы оқуын тәмамдап, әскерге бару туралы саналы шешім қабылдағанын айтты:
— Мен дене шынықтыру пәнінің оқытушысы мамандығын тәмәмдадым. Алайда әрқашан әскери қызметші болуды армандайтынмын. Бүгін арманым орындалып, ант қабылдау рәсіміндемін. Ал қызметтен кейін өмірімді Қарулы Күштермен байланыстыруды жоспарлап отырмын, — деді сарбаз.
Салтанатты бөліктің аяқталуынан кейін ата-аналар үшін оқу орталығы аумағына таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, институт басшылығының жетекшілігімен олар казармалар мен оқу аудиторияларын аралады.
Махамбет ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ақтөбе гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы.






