Баспасөз-2026

РУХАНИ АЗЫҚ БОЛҒАН «АҚТӨБЕМ»!

Жиырма жылға жуық уақыт білім саласында еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде ауыл балаларына математика пәнінен сабақ беріп, шәкірттерімнің жетістігіне бірге қуанамын.
Шалқар қаласында туып, сол жерде мектеп бітірдім. Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің түлегімін.
Мектеп бітіргеннен кейін, ұстаздық жолды таңдап, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолымды туған жерім Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылында бастадым.
Ұстаз ретінде тек оқытумен шектелмей, өзім де үнемі ізденіп, білімімді жетілдіріп отыруға тырысамын. Осы ретте мен үшін рухани әрі кәсіби азық болатын — «Ақтөбе» газеті. Бұл — әрбір ақтөбеліктің өмірінен ойып тұрып орын алған шынайы ақпарат көзі. Жыл сайын сүйікті газетіме жазылуды дәстүрге айналдырдым. Биыл да газетке жазылдым.
Газет бетіндегі білім саласына қатысты мақалаларды, балаларға арналған шығармаларды ерекше ықыласпен оқимын. Сондай-ақ денсаулық, отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие тақырыбындағы материалдардан да мол мағлұмат аламын.
«Ақтөбе» — өңірдің шынайы тыныс-тіршілігін жеткізетін, әр оқырманға ой салатын, тәрбиелік мәні зор басылым. Мұғалім ретінде ғана емес, ана ретінде де осы газеттің әр санын асыға күтемін. Газет — мен үшін білім мен жаңалықтың қайнар көзі.
Газеттің әр санын үйге алып келсем, балаларыма дейін асыға оқиды. Әсіресе балаларға арналған «Балдырған» беті мен танымдық материалдар қызықтырады. Кейде отбасымызбен отырып, бірге оқимыз. Осылайша «Ақтөбе» газеті мен үшін ғана емес, бүкіл отбасыма ортақ рухани серікке айналды.

Жаңагүл НҰРМАНОВА,
Шалқар қаласындағы №6 мектептің математика пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button