Баспасөз-2026

КЕНДІ ӨҢІРДЕГІ КЕЗДЕСУ

«Ақтөбе Медиа» компаниясына қарасты облыстық қоғамдық-саяси екі газет — «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» және «Үш таған» журналының  адал әрі тұрақты оқырмандарымен дәстүрлі кездесу жер-жерде жалғасып жатыр. Бұл жолы медиакомпания өкілдері кеншілер қаласы Хромтауға барды.

Қала мектебіне бергісіз оқу ордасы

Алдымен бізді №6 Хромтау гимназиясында қарсы алды. Осыдан алты ай бұрын гимназия директорлығына Абзал Құрманов тағайындалған. Бұған дейін ол алты жыл бойы Дөң ауылындағы мектеп-гимназияны басқарыпты. Әдетте басшының қандай екені табалдырықты аттаған бойда-ақ аңғарылып тұрады. Жас әрі талапшыл басшы Абзал Құрманов бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша педагог-зерттеуші, сондай-ақ бірінші санаттағы директор екен. Бұған қоса оның қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі  бойынша магистрлік дәрежесі де бар.

Директордың айтуынша, 2019 жылы пайдалануға берілген, 504 орындық гимназияда қазір мыңға жуық оқушы білім алып жүр. Оқу орны Хромтаудағы 23-шағын аудан балаларын толық қамтып отыр, сондай-ақ өзге шағын аудандардан да оқушы қабылдайды. Педагогикалық құрамда 74 мұғалім бар, оның  біреуі шебер-педагог, одан бөлек ұжымда 22 зерттеуші ұстаз еңбек етіп жүр. Білім сапасы 75 пайызды құрайды және №6 гимназия бірнеше жылдан бері аудан бойынша бірінші орынды иеленіп келеді.

— Біз гимназия мәртебесіне сай жұмыс істеп келеміз. Мысалы, оқушыларымыз пәндік олимпиадаларда да, түрлі ғылыми жоба байқауларында да үнемі үздік нәтиже көрсетеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімі Асхат Шахаровтың өзі марапаттағанын білесіздер. Бұл бізді ерекше шабыттандырған жағдай болды. Бүгін ғана балаларды «Зерде» жобасына шығарып салдық. Әдеттегідей жүлдеден үміттіміз. Бұрын гимназияға қабылдау тек тест арқылы жүргізілетін. Қазір бұл талап алынып тасталды. Кез келген бала тест тапсырмай-ақ гимназия оқушысы бола алады. Бұрынғыдай оқушыны іріктеп алмасақ та  жетістігіміз азайған жоқ. Бұған қоса 2016 жылдан бері оқушылар лигасы сияқты спорттық жарыстардан да жүлде алып жүрміз. Бұған мұғалімдердің  жетістіктерін де қосыңыз, — деп зор мақтанышпен сенімді сөйледі Абзал Құрманов.

Оның айтуынша, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Дөң ауылындағы  мектеп-гимназия өңірдегі үздік білім ордасы деп танылып, облыс әкімінің 13 млн теңгелік грантын жеңіп алған. Яғни ауыл мектебі кейбір қала мектептеріне бергісіз жетістік көрсеткен. Абзал Құрманов сол тәжірбиесін аудан орталығы  Хромтаудағы №6 гимназияда да жалғастырмақ.

«Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері №6 гимназия базасында  Хромтау қаласының мектеп директорлары және балабақша меңгерушілерімен кездесті. Әңгіме барысында педагогтер облыстық екі газеттің тарих пен орыс тілі сабақтарында көрнекілік құралы ретінде көп көмегі барын атап өтті. Мысалы, «Актюбинский вестник» газетінің арқасында хромтаулықтар Ақтөбе облысындағы бірінші ғылыми дәрежесі бар заңгер, заң факультетінің негізін қалаушылардың бірі — Асыл Смағұлованың өз жерлесі екенін білген.

Сондай-ақ жақында 100 жылдығын атап өткен Бөгетсай ауылы туралы да тарихшылар мен өлкетанушылар газеттен көп мәлімет алған. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Хами Қаналин есімінің Хромтаудағы бір көшеге берілуіне облыстық басылым  өз үлесін қосты.  Волейболшылардың атақты бапкері Ринат Ерғазин туралы да («Клубта тек хромтаулықтар» — «Актюбинский вестник», 19.04.2025) спортқұмар жұрт облыстық газеттен оқыған. Педагогтердің пікірінше, облыстық екі басылымды тіпті орфографиялық сөздік ретінде де қолдануға болады.

«Ақтөбе» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңагүл Ниязмағанбетова оқырмандармен кездесуде: «Жаңа инструменттер пайда болып жатыр, технология үздіксіз даму үстінде. Бірақ бір нәрсе ешқашан өзгермейді. Ол — адамдардың тексерілген, сапалы, обьектив ақпаратқа деген сұранысы. Ал ондай ақпаратты қайдан алуға болады? Әрине, дәстүрлі БАҚ, ресми сайттар мен порталдар, кәсіби басылымдар сияқты сенімді ақпарат көзінен аласыздар. Желідегі күмәнді ақпараттың бәрін талғамсыз жұта беру қате. Сіз күмәнді ақпаратқа пікір жазып, лайк қойсаңыз, оны бөлісушінің біріне айналып шыға келесіз», — деді.

Іс-шара соңында «Ақтөбе Медиа» компаниясының  Алғыс хаты №3 орта мектептің директоры Жеңісгүл Қаражанова, №2 гимназияның директоры Елена Юшкевич, №7 мектеп-гимназиясының директоры Ақмарал Тұрғымбаева, Дөң ауылындағы мектеп-гимназия директоры Гүлсезім Жакуда, Қ.Сәтпаев атындағы мектеп директоры Баймұрат Абдраимовқа берілді.

Тар сахнадағы таланттар

Хромтаудағы қосымша білім беру орталығы мен музыка мектебі педагогтерімен әңгіме барысында олар өз тәрбиеленушілерінің жетістіктерін аудан көлемі ғана емес, одан тыс жерлер де білсе екен деген тілек айтты. Айтуларынша, әр ұжымның әлеуметтік желіде парақшасы бар, бірақ оған жазылушы саны аса көп емес.

Ал облыстық екі басылым облыс аумағындағы мыңдаған оқырманға таралып қана қоймай, өз сайттары арқылы да хабар таратады. Одан қалды әлеуметтік желілердің бәрінде жеке парақшалары бар. Облыстық басылымдардың қызықты материалдарын жергілікті пабликтер де көшіріп, басып жүр. Оқырман ескеруге тиіс тағы бір нәрсе — желідегі ақпарат бірнеше күннен кейін-ақ ұмытылып кетуі мүмкін, ал қағазға түскен нәрсе адам жадында ұзағырақ сақталады. «Ақтөбе» газетінің тағы бір артықшылығы —  «Балдырған» беті балаларға, олардың шығармашылығына арналған. Яғни облыстық екі басылым баланың да, ересектердің де кәдесіне жарайды.

Хромтаудағы музыка мектебінің теория және хор дирижерлігі пәнінің мұғалімі Лида Ещенко отыз жылға жуық еңбек жолында ондаған музыкант тәрбиелеп шығарған. Оның айтуынша, қосымша білім алу үшін  бала ғана емес, ата-анаға да  төзім қажет. Сондықтан ол балалардың жетістігі туралы ғана емес, сондай-ақ олар ізденіс жолында еңсеруге тиіс қиындық жөнінде де жазуды ұсынады.

— Өсіп келе жатқан ұрпақты интернеттегі ақпаратпен емес, тексерілген, бұрмаланбаған, ізгілікке негізделген дереккөзбен тәрбиелеу қажет, — дейді Лида Ещенко.

Айтпақшы, Хромтаудағы музыка мектебінің  жетістігі де аз емес. Мысалы, 2019 жылы облыстық байқауда гран-при жеңіп алып, Қарағандыға жолдама алған, бірақ жоспарларын пандемия  бұзған. Музыка мектебі тәрбиелеп шығарған дарынды тәрбиеленушілер қатарында Ева Старовойтова мен Райымбек Манап (фортепиано), Азиз Елжанов пен Жанель Санатқызы (домбыра), Анжелика Машихина (аккордеон) және басқа да көптеген талантты әрі талапты оқушы бар.

Музыка мектебінің директоры Ирина Петрова 1998 жылдан бері бұрынғы балабақша ғимаратын төрт ұжымның паналап отырғанын  айтады. Тар жерде тығылысып отырған төрт ұжым: кітапхана, архив, мектепке дейінгі білім беру орталығы және музыка мектебі. Ғимарттың тарлығынан  концерт залына оркестр  сыймайды, есеп беру концерттері кезінде ата-аналар мен оқушыларға орын жетпей қалады. Залға сыймаған ата-ана баласының өнерін дәлізден көруге мәжбүр. Бір жақсысы, архив ұжымы жақында жаңадан салынып жатқан ғимаратқа көшпекші.

Журналистермен кездесу кезінде педагогтер  бір ауыздан облыстық басылымдармен ынтымақтаса жұмыс істегісі келетінін айтты. Облыстың түкпір-түкпіріндегі оқырманмен кездесу барысында жиі айтылатын бір жайт бар. Ол — газетке жазылу бағасының қымбаттауы. Қымбатшылық —  «Ақтөбе Медиа» компаниясын да алаңдататын ахуал.  Бұған, ең алдымен, «Қазпоштаның» тасымал тарифін бірнеше есе қымбаттатып жіберуі және баспахана құнының өсуі себеп.

Хромтаудың қыз-қыз қайнаған мәдени өмірі

Хромтауда журналистер кітапхана, музей және архив қызметкерлерімен де кездесті. Кездесу өткен мәдениет орталығының сән-салтанаты өз алдына бөлек тақырып.  Жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат 2025 жылдың ақпанында тапсырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуі және мәдениетті дамыту үшін мұнда 400 орындық концерт залы, 50 орындық акт зал, кинопарк, сондай-ақ хореография, вокал, хор, домбыра, театр үйірмелері үшін арнайы кабинеттер, дыбыс жазу студиясы мен грим бөлмесі бар. Бұдан бөлек Мәдениет үйі заманауи LED-экран, дыбыс және жарық құралдарымен толық жабдықталған.

Айтпақшы, Хромтаудың жаңа сахнасында Роза Рымбаева, Дастан Оразбеков, Айқын Төлепберген, Мирас Жүгінісов, Қазыбек Құрайыш, «Ұлытау» тобы, Құрмаш Махан және басқа да белгілі орындаушылар өнер көрсетіп үлгерген. Орталықта жұмыс істейтін жеті  үйірменің бесеуі «халықтық», біреуі «үлгілі» атағына ие. Олар — «Замандастар», «Калинушки» хор ұжымдары, Мырзахметовтер әулетінің «Ор толқыны» және Қазбаевтар әулетінің «Наз» ансамбльдері, халық театры мен «Алтын дән» би ансамблі.

Мәдениет орталығындағы кездесуде «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері көп жылдан бері сенімді серіктес болып келе жатқаны үшін мемлекеттік архив меңгерушісі Тания Есенбаева, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Бибігүл Баймұратова мен музей директоры Нұргүл Аманғалиеваны Алғыс хатпен марапаттады.

Облыстың беткеұстар колледжі

Хромтау  тау-техникалық жоғары колледжінің  Батыс Қазақстан бойынша теңдесі жоқ. Бұл оқу орнының бәсін арттырып тұрған нәрсе  — жоғары білікті маман даярлауы ғана емес,  сонымен қатар түлектерінің  диплом алған бойы түгел  яғни 100 пайыз жұмысқа орналасуымен де танымал. Бұл — қазір Хромтаудың беткеұстарына айналған іргелі ұжым.

Педагогтердің айтуынша, колледждің табысты болуының бірнеше сыры бар. Ол ең алдымен Бағдашжан Молдашева сынды тәжірибелі басшының  шебер жетекшілігі, оқу орнының заманауи жабдықталуы және өндіріспен екі арадағы тығыз байланысы. Одан бөлек колледж оқушылары әрдайым түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Мысалы,  Хромтау сапары кезінде  біз 12 оқушының Павлодар қаласына дәстүрлі ERG-skills байқауына аттанғанын білдік. Артынша  олардың басым бөлігінің жүлдемен оралғаны туралы да сүйінші хабар жетті.

Абат ҚАРАТАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button