ОҚУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛДЫ

Ақтөбе политехникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жастарға кеңес» жобасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысқан оқушыларға облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Орынбасар Утаралинов құқықтық мәдениет, жауапкершілік, тұрмыстық тәртіп және жастардың қауіпсіздігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
— Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты — жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үйрету. Біз студенттерге нақты әрі пайдалы кеңес беріп, олардың сұрақтарына жауап беру үшін жиналдық, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Еркебұлан Жақсылықов.
Кездесу барысында жастар белсенділік танытып, полиция қызметкеріне толғандырған сұрақтарын қойып, нақты кеңестер алуға мүмкіндік алды. Осындай іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық танымын кеңейтіп, саналы да жауапкершілігі жоғары жастарды қалыптастыруға ықпал етеді.
А.БАЛЖАНАЙ.



