32 КОМАНДА СЫНҒА ТҮСІП ЖАТЫР

Ақтөбедегі «Достық» су спорты кешенінде 2013, 2014, 2015 жылы туған ер балалар мен қыздар арасында «Ақтөбе үміттері» республикалық жүзу турнирі өтіп жатыр.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам жас спортшы қатысуда. Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар барлық облыстан келген 32 команда (оның ішінде 224 ұл, 176 қыз) спорттық сынға түсуде.
18–21 қараша күндері аралығында ұйымдастырылып жатқан бұл спорт додасы 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және республикалық жарыстар күнтізбесіне енгізілген.
— Жарыста әрбір қатысушы 200 метр қашықтыққа жүзіп, өз шеберлігін көрсетеді. Әр жас санатындағы спортшылар «RUDOLPH Table» жүйесіне сәйкес анықталып, арнайы кубокпен марапатталады. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталады. «Ақтөбе үміттері» турнирі — еліміздің жас спортшылары үшін тәжірибе алаңы. Биылғы сайысқа қатысушылардың санының артуы жүзу спортына деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл жарыс балалардың спорттық шеберлігін жетілдіруге және жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік береді, — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбай.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



