Ақтөбеге кел, инвестор!

Ақтөбе облысы — еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Өңірде инвестиция тарту, жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалып, кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстың географиялық орналасуы, табиғи ресурстары және қарқынды дамып келе жатқан экономикалық секторлары да инвестициялық әлеуеттің артуына ықпал етіп отыр.
Жыл басынан бергі тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына 807,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі үлесі — 81,9% немесе 662,3 млрд теңге — жеке инвестицияларға тиесілі. Инвестицияның көп бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталған (435,9 млрд тг).
Өңірдің инвестициялық ахуалы, іске асырылып жатқан ірі жобалар туралы Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Мұстапамен сұхбаттасқан едік…
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында жалпы еліміздің инвестициялық жағдайы, соның ішінде өңірлерде инвестиция тарту, жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру төңірегінде айтып өтеді. Биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажеттігін, өңдеу саласына көбірек қаражат тарту керегін, қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту кезек күттірмейтін мәселе екендігін, бізге жаңа ұстаным керегін» айтқан болатын.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру, оның ішінде жеке және шетелдік компанияларды оларды басқаруға тарту міндеті көрсетілген. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы №3 қаулысымен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданған болатын. 16 мамырда акционерлік қоғам нысанында басқарушы компания тіркелді. Арнайы экономикалық аймақ Ақтөбе қаласының оңтүстік бөлігінде — Оңтүстік айналма жолының бойында орналасқан. Жалпы аумағы — 858 гектар. Негізгі тасымалдау жолдарына жақын орналасқан аймақ көліктік-логистикалық тұрғыдан өте ыңғайлы, бұл өңірдегі бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер туғызады.
— «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының басым бағыттары қандай?
— Жалпы, аймақты құрудың мақсаты — инвестицияларды тарту, өңір экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту, импорттық өнімге тәуелділікті азайту және заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту. Қызметтің басым бағыттары — металлургия және машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, мұнай-газ жабдықтары мен арматура, химия және полимер өнеркәсібі, сондай-ақ логистика. «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы шеңберінде көлік-логистика бағыты бойынша 9 негізгі сала мен өнеркәсіптің 22 бағытын дамыту көзделген.
Сонымен қатар Хромтау ауданында да жалпы аумағы 150 гектар болатын республикалық маңызы бар «Хромтау» индустриялық аймағы құрылды. «Хромтау» индустриялық аймағы ауданның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қажеттілікгін қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталады.
Индустриялық аймақ аумағында жоспарланған өндірістердің қатарында құрылыс және өнеркәсіп салаларына арналған тауарлық бетон өндіретін бетон зауыты, металдар мен қорытпаларды қайта өңдеуге бағытталған балқыту цехы, көлік желілеріне қажетті конвейерлік роликтерді шығаруға арналған цех, жол құрылысы үшін асфальтбетон қоспаларын өндіретін асфальт зауыты, силикатты және керамикалық кірпіш өндіретін кірпіш зауыты, қаптау және техникалық керамика өндірісіне мамандандырылған керамикалық зауыт секілді өндірістер бар. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған тауарлар мен қызметтерді жеткізуге бағытталған басқа да өндірістерді ашу жоспарланып отыр.
— Биыл өңірде қандай жобалар іске қосылды?
— Жалпы құны 110,5 миллиард теңге болатын 8 ірі жоба іске қосылды. Бұл жобалар экономиканың әртүрлі салаларын дамытуға бағытталған және аймақтың өндірістік әлеуетін арттыруға зор үлес қосып отыр.
Оның ішінде ірі жобаларға тоқталып өтейік: Жасыл энергетика саласында «Қазақстандық электролиз зауыты» акционерлік қоғамының қуаты 150 МВт болатын «Хромтау-1» жел электр станциясы іске қосылып, 77 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы құны 20,6 миллиард теңге болатын жаңа технологияны — ERG Green флотация учаскесін іске қосты. Аталған жоба жылына 275 мың тонна шламды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
«Kazfeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүнді бастапқы өңдеу және тоқыма емес материалдар өндіретін цех өз жұмысын бастады. Қуаты жылына 2 112 тонна өнім шығаруға жететін жобаға бағытталған инвестиция көлемі — 5,3 миллиард теңге. Бұл жоба аясында қой жүнін өңдеп, қатты және қылшықты қой жүнінен экологиялық таза жылу сақтайтын материалдар шығарылады. Цехта италиялық Cormatex жабдықтары қолданылады. Алдағы уақытта ауыл-аймақтарда жүн қабылдайтын және қой қырқитын ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ.
Жыл соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 350 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
— Шетелдік инвесторлармен стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
— Шетелдерге іссапарлар ұйымдастырылып, екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. 2025 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 183,3 миллион АҚШ долларына жетті.
Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды айта кетейін: KMG PetroChem компаниясының Карбамид өндіретін газхимия кешенінің құрылысы үшін 1,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағытталады. Қуаты жылына 800 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Шетелдік инвесторы — қытайлық China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясы.
Зауыт Қазақстанда алғаш рет азоттың жоғары мөлшері 46% болатын карбамид өндіретін болады, бұл ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
Жоба аясында жылына 600 миллион текше метр көлеміндегі тауарлық газды терең өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен үшін жоғары тиімділікті азот тыңайтқышы — карбамид шығарылмақ. Жобаны іске асыру ішкі нарықтың карбамидке деген қажеттілігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар бұл өнімді Еуропаға, Түркияға, Үндістанға және басқа да перспективалы бағыттарға экспорттауға мүмкіндік береді.
Тағы бір ірі жоба — Алға ауданында салынып жатқан «AqtobeCem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент зауыты. Шетелдік инвесторы — сингапурлық West China Cement компаниясы. Инвестиция көлемі — 120 миллиард теңге, жылдық қуаты — 2 миллион тонна. Бұл жоба еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы цемент зауыты болады және өңірдің цементке деген сұранысын толық қанағаттандырады. Өнім өндіру үшін толық көлемде жергілікті шикізат пайдаланылатын болады.
«Казфуд Продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған балалар тағамының кең ассортиментін өндіру жобасының (инвесторы — Беларусь) құны — 11,1 миллиард теңге. Бұл Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы балабақша тамағы өндірісі бойынша жұмсақ қаптамадағы «пауч» түріндегі өнімдер (жеміс пюресі, көкөніс пюресі, йогурттар және жеміс пюресі қосылған сүзбе) шығаратын алғашқы зауыт болмақ. Өнім Қазақстан өңірлерімен бірге, Ресей, Орталық Азия елдеріне шығарылады деп жоспарланып отыр.
Биыл сәуір айында облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Қытай Халық Республикасына өңірлік делегация жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында өңірдің тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп салаларындағы басым инвестициялық жобалары таныстырылып, SANY Renewable Energy, Jinchuan Group, Beijing Jianlong Heavy Industry Group, Sinoma Construction Co., Ltd., China Non-Ferrous Mining Company секілді әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілді.
Сапар қорытындысы бойынша бірқатар ірі жобаға қатысты алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жел электр станциясын, цемент зауытын, орта көміртекті легирленген болат өндіретін зауытты және мыс концентратын шығаратын фабриканы салу жобалары талқыланды.
Бұл орайда облысымызға Қытай Халық Республикасынан Jinchuan Group, Zhongbo Group, China Datang және Feny компанияларының делегациялары келді.
Атқарылып жатқан жұмыстың жалғасы ретінде биыл мамыр айында Қытайға облысымыздың алты ауданының әкімдері бар делегация барып, Бейжің қаласында өткен «Тау-кен өнеркәсібін дамыту және инновациялар жөніндегі 4-Азия саммитіне» қатысып, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Қытай-Азия экономикалық даму қауымдастығының тау-кен комитеті арасында тау-кен-металлургия кешені саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Осы сапар барысында China Overseas Development Association ұйымымен де кездесу өткізіліп, қауымдастық президенті бірқатар жобаларын жүзеге асыру үшін аймақ іздестіріп жүрген компанияларды ұсынды, оның бірі – AGRIFAM CO., Ltd.
Кездесу барысында China Overseas Development Association мен біздің басқарма, сондай-ақ төрт ауданның әкімдері арасында сауда-экономикалық дамуға қатысты хаттамаға қол қойылды. Бұл алдағы уақытта бірлескен жобаларды қолға алуға мүмкіндік бермек.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



