Қала жастары есірткі граффитилерін өшіруге атсалысты


«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы өтті. Іс-шараны қалалық прокуратура мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары ұйымдастырды. Акция аясында жиналғандар есірткі граффитилерін анықтау және жою жұмыстарына атсалысты.
Қалалық прокуратураның аға прокуроры Абдусаид Накубовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері 300-ге жуық есірткі граффитиі анықталған.
— Есірткі граффиттерін салған адамға үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кезекті акция барысында Тұрғындар қалашығы, Шанхай, Маресьев көшелерін аралап, құқықбұзушылық деректерін анықтауға тырыстық. Алайда бұл аумақтан тек бұрын арнайы құрылғы арқылы өшірілген жазбаларды ғана көрдік. Заңбұзушылық дерегі Шанхай ауданындағы ескі үйлердің қасбетінде анықталды. Тек қана есірткі граффитилерімен ғана шектелмей, жол бойында орналастырылған QR-кодтарға да жіті назар аударамыз. Бұрын тәжірибемізде осы арнайы кодтар арқылы жастарды қылмыстық жауапкершілікке итермелейтін оқиғаларды дер кезінде анықтадық. Кейде жастар болмашы жарнамаға сеніп, алданып жатады. Ал біздің мақсат — құқықбұзушылықтың алдын алу, — дейді ол.
Аға прокурордың айтуынша, ескірткі жарнамаларын жасайтындарды құрықтау өте қиын. Олар көбіне «молоко», «клад», «меф», «скорость» сияқты сөздерді қолданады. Осы орайда ол қала тұрғындарын осындай мәтіндегі күмән тудыратын сөздерге бейжай қарамауын айтты.
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садықтың айтуынша, нашақорлыққа қарсы 6 шара өткізген. Сондай-ақ олар «Ақтөбе — бақытты жастар мекені» атты бейнеконтент арқылы өңірдің дамуына зор үлес қосып жүрген ақтөбеліктердің еңбегін көрсетпек ниетте.
— Есірткі саудасымен қоғам болып күресуіміз қажет. Жастардың бос уақытын зиянды әдеттерге арнамай, ізгі істермен айналысқанын қалаймыз. Осы жолы «Дүние» колледжінің білім алушылары есірткі граффитилерін анықтауға атсалысты. Біз өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Бұрынғы акцияларымызда өшкен есірткі жарнамаларының орнына қазақтың көрнекті тұлғаларының суретін арнайы маманның көмегімен салдырдық. Әр нәрсеге еліктегіш жастарымыз жаман әдеттен ада боп, салауатты өмір салтын ұстанса құба-құп, — дейді орталық басшысы.
Биыл «Антифрод» жүйесі арқылы 1 154 ескірткі сайты бұғатталғаны белгілі. Полиция департаменті мен прокуратура қызметкерлері жастарды есірткі жарнамасымен күресуге шақырады. Алдағы уақытта прокуратура өкілдері мұндай бағыттағы іс-шараларға Ұлттық ұлан, полиция қызметкерлері және ерікті жастарды жұмылдырмақ. Себебі адам неғұрлым көп болса, соғұрлым есірткі жарнамалары көбірек анықталады.






