Білім

Балабақша және бүлдіршіндер

Бүгін Ақтөбе қаласындағы №38 «Әлем» балабақшасының ашылғанына 1 жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасының аясында пайдалануға берілген білім ордасында қазір 417 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Мемлекеттік бағдарламада жүктелген міндеттің бірі — бұрын балабақша ғимараты болған нысандарды жекенің меншігінен мемлекетке қайтарып, балабақша ашу. Былтыр осы мақсатта 8 ғимарат қайтарылып, балабақша ретінде жасанып, жаңаша түрге енді. Соның бірі — «Әлем» балабақшасы.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансаринаның айтуынша,  балабақша ашылғанға дейін бұл ғимаратта Ақтөбе гуманитарлық колледжі,  одан соң облыстық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты орналасқан.

Тура 1 жыл бұрын салтанатты түрде тұсауын кескен білім беру мекемесінде 27 педагог бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатыр. Қазірдің өзінде олардың жартысына жуығы Алматы, Ақтөбе қалаларындағы кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарында арнайы курстардан өтіпті. Тәрбиешілердің басым бөлігі — жастар.

Былтыр балабақшаның 9 тәрбиешісі «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Мектепке дейінгі ұйымдардың жаңаша жоба-үлгілері» байқауына қатысыпты. Олардың барлығының да бала тәрбиесі туралы материалдары орталықтың жанынан шығарылған әдістемелік жинаққа еніпті.

Балабақшаның материалдық базасы жақсы. Жиһаз, кереует, ойыншықтармен толық қамтылған. Бүлдіршіндердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Оқу-әдістемелік құралдар жеткілікті. Тек бір қиын тиетіні, көрнекі құралдардың біразы — Ресейде шығарылған. Өзіміздің отандық көрнекілік құралдар талапқа сай емес, — дейді балабақша меңгерушісі Айман Қалжанова.

Балабақшада би және ағылшын тілі үйірмелері жұмыс істейді. Онда балалар 4 жастан бастап қабылданады. Жылына 2 рет үйірме жұмыстарының қорытындылары шығарылады екен.

«Әлем» балабақшасының балапандары қалалық, облыстық деңгейде өткізілген түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіпті. Мысалы, облыстық «Бақытты балалық шақ» деп аталатын сурет байқауына 14 бүлдіршін қатысқан. Нәтижесінде, аталған балабақшаның  тәрбиеленушісі Бекзат Махатов «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми тәжірибелік орталығының грамотасымен марапатталды. Ал қалған 13 тәрбиеленуші сертификаттарға ие болды. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған қалалық «Балбөбек»  байқауында да балабақша бүлдіршіндері өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. «Әлем» би тобының бүлдіршіндері хореография номинациясында дипломмен марапатталса, «Кішкентай ханшайым» номинациясы бойынша Жансая Мұқанова ІІ орын иеленіпті.

Балабақшада ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Соның бір парасы — ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Жасыл жапырақ» акциясына ата-аналар белсенді қатысты. Шара барысында балабақша ауласы көгалдандырылды: әртүрлі гүл  егіліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Биыл да ізгі іс жалғасады деп жоспарланып отыр.

Қазір балабақшаның 1 жылдығына байланысты балалар шығармашылығы байқауы ұйымдастырылып жатыр екен.

Байқаудың мақсаты — бала қабілетін, дарынын анықтау, ата-ана мен балабақша арасында тығыз байланыс орнату. Мұнда бала мен ата-ананың еңбегі сарапқа салынады, — дейді балабақша меңгерушісі Айман Спанқызы.

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button