Білім

Енді… Білім сапасы жақсара түседі!

Жаңадан құрылған Білім саласындағы бақылау департаменті өкілдері осылай дейді. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша,  Ұлыбритания, Жапония, Финляндия, Франция, Норвегия, Корея секілді дамыған елдерде білім сапасына тұрақты түрде орталық атқарушы органдар тарапынан бақылау жүргізіліп тұрады.

«2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Осыған байланысты заң жобасында орта білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Бұл – ең басты мәселе. Білім сапасын бақылау механизмнің болмауы осы саладағы кемшіліктерді көбейтті», — дейді министр. Былтыр «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар білім саласындағы кемшіліктерді жоюға, білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құруға бағытталған.    

— Білім және ғылым министрлігінің өткен жылғы шілде айындағы қаулысы бойынша барлық облыстарда, Алматы мен Астана қалаларында аталған министрліктің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аумақтық органы ретінде білім саласындағы бақылау департаменттері құрылды. Ақтөбедегі департамент Әділет басқармасында 4 қазан күні тіркелді. Қазір департаменттің екі бөлімінде он бір адам қызмет етіп жатыр. Негізгі қызметіміз — білім беру ұйымдарының мониторингі, білім беру мекемелерін аттестациядан өткізу, білім заңдылықтары мен басқа да құқықтық-нормативтік актілердің орындалуын тексеру, ұлттық бірыңғай тесттің дұрыс өткізілуін бақылау, білім беру ұйымдарын лицензиялау және оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың дұрыс ұйымдастырылуын бақылау, — дейді Ақтөбе облыстық Білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Әкімгерей Көшербаев.

Бұрын бұл қызметтердің бірқатары әртүрлі деңгейдегі білім бөлімдерінің өкілеттігінде болған еді. Сондықтан да болар, аталған департамент құрылғанда «бұл білім басқармаларының көшірмесі ретіндегі мекеме емес пе?» дегендей пікірлер де айтылған болатын.

— Бұрын, рас, орта арнаулы оқу орындары мен мектептер, балабақшаларға немесе жаңадан ашылатын мамандықтарға лицензияны әр түрлі деңгейдегі білім бөлімдері беретін. Аттестациялауды да солар жүргізді. Енді бұл қызметтер жаңа департаменттің құзырына берілді. Алайда бұл жаңа департамент білім басқармасының толықтай көшірмесі деген сөз емес. Білім басқармаларының, бөлімдерінің жұмыс ауқымы өте үлкен — білім беру мекемелерінің дұрыс, қалыпты жұмыс жасауын толық қамтамасыз етіп отыр. Бұрын бақылау жұмыстары да сол мекеменің құзырында болды. Жұмыстың шамадан тыс көптігі кей жағдайда дұрыс ақпараттың таралуына кедергі келтірді деуге болады. Ал бұл білім сапасына тікелей әсер етеді.

Еліміз әлемдегі 50 озық елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауларында елдің дамуы үшін ең алдымен халықтың білім сапасының жоғары болуы қажеттігін қалдырмай айтады. Білім саласындағы осы реформалар ең алдымен сол мақсаттарға жету үшін жасалып жатыр деуге болады, — дейді Ә.Көшербаев.

 

Балаларға сапасыз білім беруге ешкімнің қақысы жоқ!

PІSA, TІMSS, PІRLS және тағы басқа халықаралық зерттеулер мен лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу бағдарламаларының кейбірі бойынша Қазақстан оқушыларының деңгейі төмен. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, көрші Ресейге де тән кемшілік көрінеді. Міне, осы кемшіліктерді жою, білім сапасын арттыру, оқушының тұратын жеріне (қала немесе ауыл), ұлтына, жасына, денсаулығына қарамастан сапалы білімге тең қолжетімді жағдай туғызу — жер-жердегі білім саласындағы бақылау департаменттерінің алдына қойып отырған мақсаты.

Қазір Ақтөбе облысында 702 білім беру мекемесі бар — 198 балабақша, 463 мектеп және колледждер мен лицейлер. Қазір аталған департамент осы оқу орындарына барып, кадрлардың сапалық құрамы, балалардың білімі, материалдық базасына, бір сөзбен айтқанда, оқу орнының жалпы жағдайына мониторинг жүргізіп жатыр. Сәуір айының аяғында қаладағы 702 білім беру мекемесінің жұмысын сараптаған мониторинг толықтай дайын болады, бұл ақпаратты департаменттің алдағы жұмыстарына пайдаланады.

— Осы сараптаманың нәтижесінде кадрлардың сапалық құрамы нашар, оқулығы жеткіліксіз, бала саны көп, оқу орны тар білім беру мекемелерін, жалпы жағдайы сын көтермейтін орындарды бақылауға қоямыз. Екіншіден, әрбір бес жыл сайын аттестациядан өтуге тиісті білім беру мекемелерінің көпшілігінің мерзімі өтіп кетсе де, аттестациядан өтпегендігі анықталып отыр. Қазір осы мәселеге қатысты жұмыстар атқарылып жатыр, жылдың екінші жартысында 70-ке жуық білім беру мекемесін аттестациядан өткіземіз. Біздің мақсатымыз — осындай білім беру мекемелерін тауып, жазалау емес, бағыт-бағдар беру, — дейді мекеме басшысы.

Былтырдан бері қыстың көзі қырауда, күзгі-көктемгі балшықтарда қажет жерде ат шанамен ауыл-ауылда аралап, білім беру ұйымдарының мониторингін жасап жатқан департамент қызметкерлері ең шалғай деген жерлерге де барды. Тіпті, «соңғы жиырма жылда бізге облыстан ешкім келмеп еді» деп қуанып жатқан білім беру мекемелері де бар көрінеді.

— Кейбір мектеп директорлары сапасыз мұғалімдерден құтыламыз деп қуанып жатыр дейді. Кей жерлерде осы оқу жылын аяқтасақ, басқа жұмысқа ауысуды көздеп отырған мұғалімдер де бар екен…

Мұғалімнің деңгейі төмен болса, ол департаментке емес, өзіне ренжуі керек. балаларға сапасыз білім беруге ешкімнің қақысы жоқ, — дейді Ә.Көшербаев.

 

Болашақ педагогтерге талап қатал!

Ә.Көшербаевтың айтуынша, білім сапасын жақсарту жұмыстарын негізі тереңнен бастау керек. Аттестациялаумен, бақылаумен, мониторинг жасаумен, білім сапасын сырттай бағалаумен білім сапасы күрт артады деуге болмайды. Осы тұрғыда департамент директоры педагогикалық білім алуға қатысты өзгерістердің орын алатынын айтады:

— Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов педагогикалық білім сапасын арттыруды көздеп отыр. Биылдан бастап талапкерлерге бірінші педагогикалық білімді іштей оқуға талап қойылады. Екінші, одан кейінгі педагогикалық білімді сырттай алуға болады. Бұрын қалай болды? Оқушылар мектеп бітіргеннен кейін мұғалімдікке сырттай түсіп алып, балаларға сабақ береді. Олар әсіресе ауылдық жердегі мектептерде жұмыс жасайды, өйткені, рас, ауылда педагог жетіспейді. Содан кейін біз ауылдағы мектептердің білім сапасы төмен деп ренжиміз. Мектепті кеше бітірген бала бүгін өзі сабақ беріп жүрсе, білім сапасы төмен болмай қайтеді? Рас, қала мектептерінде мұндай жағдай сирек, себебі, бір орынға 10-15 мұғалімнен келеді де, солардың арасынан білімі мен білігі жоғары мұғалімді таңдап алуға мүмкіндік болады. Осы тұрғыдан алғанда, білім министрінің бастамасы өте орынды. Ол биылдан бастап күшіне енеді, — дейді Ә.Көшербаев.

 

Компьютерлердің 50 пайызы ескірген

Департамент осы уақытқа дейін әзірге 702 ұйымның 90 пайызына мониторинг жасап үлгерді. Алдын ала нәтиже бойынша облыстағы білім беру мекемелеріндегі компьютерлердің 50 пайызының тозығы жеткендігі анықталған.

— Құзырлы министрлік бұрын жергілікті білім беру бөлімдерінің есебі бойынша сараптама жасайтын. Біздің департамент жүргізген мониторингтің алдын ала болжамды нәтижесінде сол есептердің нақты жағдайды көрсетпейтіндігін байқап отырмыз. Себебі, мысалы, облыста бір компьютерге бірнеше оқушыдан келеді деген ақпарат… мүмкін, нақты шығар, бірақ, тексере келе осы компьютерлердің жартысының тозығы жеткендігін анықтадық. Өйткені компьютерлер жыл сайын 25 пайызға көнереді, төрт жылда мүлдем ескіреді. Ал білім беру ұйымдарының көпшілігінде тұрған компьютерлер 2008 жылдан бері жұмыс жасап тұр. Бұл — бір. Екіншіден, компьютерлердің  20 пайызға жуығы жұмыс жасамай тұр.

Біз 2015 жылы электронды білім беруге көшуіміз керек, 2020 жылы бұл жүйе толық жұмыс жасауға тиісті. Сол уақытта интернет жылдамдығына, техниканың мықтылығына талап қойылады. Тағы бір айтып кететін жайт, қазір «Қазақтелеком» интернетке білім беру ұйымдары 100 пайыз қосылып тұр деп ақпарат береді, бірақ оған қосылу жылдамдығы төмен болуының салдарынан, интернетке тек бір компьютерден ғана кіріп отырған мектептер бар. Яғни, оқу бағдарламасы дұрыс орындалмай жатыр деген сөз. Егер осыны біз анықтамағанда жабулы қазан жабулы күйінде қала берер ме еді… — дейді Ә.Көшербаев.

Интернет жылдамдығы нашар аудандардың білім бөлімдерінің басшылары бұл жұмысты реттеу бағытында тапсырмалар берілген.

— … Бұған қоса арасында біздің департаментке тұрғындар тарапынан келетін арыз-шағымдарды да қараймыз, — дейді департамент басшысы.

Осы уақытқа дейін Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінде балалар сапасыз білім алып жатыр деген мағынадағы бір шағым келіп түскен. Департамент директоры бұл шағымның әзірге қаралып жатқанын, дегенмен, ата-аналардың шағымының орынды екенін айтады…

 

Білім сапасының жалғыз критерийі — әзірге тек ҰБТ ғана…

Қазір білім сапасының деңгейіне баға берудің жалғыз критерийі ұлттық бірыңғай тест нәтижесі ғана болып отыр.

— Білім сапасын өлшеудің басқа материалдары әзірге жоқ. Осыған қатысты біз министрлікке өз ұсыныстарымызды жібердік. Өз тарапымыздан осындай материалдарды дайындап жатырмыз. Дегенмен, мұндай материалдар жалпы республикаға ортақ болуы керек, сонда ғана әр аймақтың білім сапасын салыстырып қарауға болады. Оның компьютерлік нұсқасы жасалса, тіпті жақсы болар еді, — дейді департамент директоры.

Биылғы ҰБТ барысында департамент қызметкерлері министрлік өкілі ретінде ұлттық бірыңғай тест өткізілетін орындарға бақылаушы ретінде барады.

Департамент директоры Әкімгерей Көшербаевтың айтуынша, бұл жұмыстардың барлығының нәтижесі білім сапасынан көрінетін болады…

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button