Білім

Балдырган

12 сәуір — Ғарышкерлер күні

Үш сапар

Ғарышкер — 1961 жылдан бастап пайда болған мамандық. Өйткені сол жылы 12 сәуірде адамзат баласы алғаш рет ғарышқа көтерілді.

Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннен бастап ғарышқа ұшқандардың арасында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бар.

Талғат ағаларың тұңғиық көкке үш рет қанат қақты. Ол ғарышта 1994 жылы — 126 күн, 1998 жылы —208 күн, ал 2001 жылы 8 күн болды. 1998 жылғы сапары кезінде 5 рет жалпы мөлшері 30 сағат 8 минут ашық ғарышта болғаны үздік көрсеткіш ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген.

Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев — Халық Қаһарманы, Ресей Федерациясының Батыры, техника ғылымының докторы, ҚР авиация генерал-лейтенанты.

Ал ғарышкерлік қиын мамандық екені белгілі. Өйткені ғарышқа ұшатын адамның бойында бақылау жұмыстарын жүргізіп, оны қорытындылай білу, апатқа ұшырау жағдайында жылдам шешім қабылдай алу, шу, діріл, үдеу, т.б. әр түрлі факторларға төзімді болу тәрізді көптеген дара қасиеттер болуы керек

 

Тылсым әлем

Жүрек пен жан

Қазіргі кезде Америка Құрама Штаттарының NASА ғарыш агенттігінің орбиталық инфра-қызыл WISE телескобы ғарыш кеңістігіндегі жаңа объектілерді анықтап жатыр.

Мысалы, осы телескоп фотосуреттерге түсіріп, сканерлеген әлем дүниелерінің арасында «Ғарыштың жүрегі» және «Ғарыштың жаны» деп аталатын объектілер бар екен.

Бұл атаулар ғылымға жаңадан енгізілді. «Жүрек» пен «жанның» екеуі де Кассиопея жұлдыздар шоғырында (тобында) орналасқан тұман тектес аймақтар.

«Ғарыш жүрегі» адамның жүрегіне ұқсас бейнедегі алып кескінге ие.

Ал «Ғарыштың жаны» болса, сол жүректі айнала қоршап тұрған тұманды үлкен аймақ. Осы соңғысы жанның символы іспеттес болғандықтан, оны ғалымдар «Ғарыштың жаны» деген поэтикалық атаумен атапты.

Ғарыштың жүрегі мен жанының жерден қашықтығы — 6000 жарық жылы.

«Ғарыштың жүрегі» мен «Ғарыштың жаны» жұлдыздар жасайтын фабрика сияқты. Өйткені осы арада жаңа жұлдыздар мен олардың арасындағы жарқырауық газдар пайда болады.

Жобаның жетекші маманының айтуынша, WISE телескобы арқылы болашақта аспан әлемінің картасы жасалады екен. Қазір сол мақсатқа жету жолында осындай көп істер жасалып жатыр.

 

Көктем

Құстарға ұя орнаттық

Біздің құстар жайлы білетіндеріміз, ән-жырларымыз айтылған жиын «Құстарды қондырып қанатына» деп аталды.

Құстардың әсем дауыстарының сазы, көрікті дене бітімдері, бау-бақша зиянкестерін құртудағы көмектері бұрыннан белгілі ғой. Сондай-ақ құстар көптеген өсімдіктердің тұқымдарының таралуына, гүлдердің тозаңдануына да көп пайда тиігізеді екен.

Міне, осындай деректермен мазмұнды өткен жиынымыздың соңы ауладағы ағаштарға құс ұяларын орнатуға жалғасты. Көптеген оқушылар құстарға арналған әдемі ұялар жасап әкеліпті. Оларды белгілі бір заңдылықпен орналастыруға Салтанат Таяуова және Қаратаева Кенжегүл апайларымыз көмектесті. Мәселен, ұялардың ара қашықтығы 50 метр болуы керек екен. Сосын ұяның аузы батысқа қарап тұруы керек екен, себебі құстар батыстан ұшып келеді ғой.

 

Айжан САТМАҒАМБЕТОВА,

Еркін МҰРЗАҒҰЛОВ,

№39 мектептің 8-сынып оқушылары.

Ақтөбе қаласы.

 

Ұстаз

Мейірімді сезім

Ұстаз кім? Ол қандай жан? Бұл сұрақттарға жауапты мен мектепке барған соң таптым.

Ұстаз әр шәкірттің екінші анасы секілді. Мен үйде анамның мейіріміне бөленсем, мектепте ұстаздың назарында боламын. Мені ұстазым мектеп табалдырығын жасқана аттай кіргенімде жылы жүзімен күлімсірей қарсы алды. Оның асықпай сөйлеген сөзінен әр балаға деген қамқорлықты, аналық сезімді байқауға болады. Апай бізді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бойымызға жақсы қасиеттер де дарытады.

Ұстазымыз бізге тентек болсақ, кешіріммен қарайды. Сәл жетістігіміз болса, бізбен бірге қуанады. Ендеше біз де Маржанкүл апайымыздың сенімін ақтауымыз керек. Соған күш саламыз.

 

БекнұрТҮМЕНОВ,

№8 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.


Оқушының өлеңі

Арман

Көк аспанға самғаймын,

Көк бұлттарға қонамын.

Ғарыш жүзін аралап

Мен ғарышкер боламын.

 

Ақниет ЖАРМҰҚАНБЕТОВА,

№4 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Көктем

Ағаш бүршік жарады,

Құстар әнін салады.

Көктем келді далаға,

Ойнап жатыр бала да.

 

Айман ЖЫЛҚАЙДАРОВА,

№41 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Байлық

Көктем, көктем, сұлу көктем,

Ұшып келді алыс шеттен.

Алып келді бар байлығын,

Жерді жауып жасыл көкпен.

 

Айсана АЙДАРОВА,

№7 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

 

Менің әжем

Ертегі айтып жүреді,

Дәмді тағам береді.

Әжеме мен мың алғыс

Айта бергім келеді.

 

Жұлдыз УАИСОВА,

Северный орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Оқушының сөзі

Мен тәртіпті баламын,

Тәртіпті болып қаламын.

Мен мектепке барамын,

Күнде бестік аламын.

 

Жанерке ЖАНКЕЕВА,

Жиренқопа орта мектебінің оқушысы.

Қобда ауданы.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button