Ақтөбеде «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында түнгі рейдтер өтті


Облыс орталығында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында патрульдік полицияның күшімен қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жергілікті түнгі рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Полиция қызметкерлерінің негізгі назары жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу фактілерінің алдын алуға және тұрғынаудандарда қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталды.
Іс-шаралар барысында бір түннің ішінде 60-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде төрт жүргізуші мас күйінде көлік басқарған, тоғыз адам жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген, сондай-ақ он бір жағдайда тұрғындардың тыныштығын бұзу фактілері тіркелді.
Бұдан бөлек, патрульдік қызмет экипаждары азаматтардан түскен 68 шақыртуды орындады. Олардың арасында отбасылық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу және күмәнді тұлғалар туралы хабарламалар болды. Оперативтік іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер «ізін суытпай» бір ұрлық қылмысын ашты.
Мұндай профилактикалық рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Негізгі мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ қоғамда заңға қайшы әрекеттерге төзімсіз көзқарас қалыптастыру.



