Заң мен тәртіп

Жастар есірткіге қарсы

С.Бәйішев университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткіге қарсы форум өтті. Оған білім алушылар мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
Нашақорлықтың, есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов, есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Кияшев, есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері, кинологтар мен волонтерлер қатысты.
Ең алдымен С.Бәйішев университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Шыныбек Бұхарбаев сөз сөйлеп, есірткінің зияны туралы айтты. Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов өз баяндамасында есірткі қылмысына тоқталды.
— Биыл облыста 304 есірткіге қарсы құқықбұзушылық оқиғасы тіркелді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы — 487 келі 373 грамм. Жыл басынан бері «Антифрод» жүйесі арқылы 1 154 ескірткі сайты бұғатталды. Облыста 1 553 адам нашақорлыққа байланысты есепте тұр. Есірткі құралдарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдауға тағайындалған жаза қатаң. Соған сай осы қылмыспен айналысқандарға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондықтан жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамын, — дейді ол.
Сондай-ақ іс-шарада бұрын есірткі жеткізуге қатысып, істі болған волонтер де сөз сөйледі.
— Жаңа жастар «Есірткіге қарсымыз» деп ұрандатты. Мен олардың пікірін құптаймын. Кезінде жылдам ақша табудың жолын ойлап, біреудің қасына серік болып барам деп сотталдым. Бес жыл түрмеде отырып шықтым. Мен ол кезде 30 жаста едім. Қателік жасағанымды кеш түсіндім. Жастар менің жасаған келеңсіз әрекетімді қайталамаса екен, — дейді ол.
Форум аясында тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button