Аға буынның ақылы


Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» жобасы аясында «Заң және тәртіп» қағидасы негізінде кездесу өтті.
Кездесуге Ақтөбе қаласының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау бөлімінің аға прокуроры Серік Мендібай, алыш белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, облыстың аға жаттықтырушысы Заманбек Қанатұлы және «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының теолог маманы Айбек Құрманов қатысты.
Прокурор жастарға құқықбұзушылықтың алдын алу және заңды сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Ол әсіресе суық қаруды заңсыз сақтау немесе қолдану, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін қандай жаза түрлері қарастырылғанын атап өтті.
— Әр азаматтың заңды білуі және сақтауы — қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Тәртіп бұзған жағдайда айыппұл, қылмыстық іс қозғау немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, — деді С.Мендібаев.
Ал Заманбек Қанатұлы жастарды спортпен шұғылдануға, денсаулық пен ерік-жігерді нығайтуға шақырып, өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып, салауатты өмір салтының артықшылығына тоқталды. Теолог Айбек Құрманов болса, діни сауаттылықтың маңызы мен теріс ағымдардың алдын алу жолдары туралы ой бөлісті.
Кездесу барысында жастар мамандарға сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.





