Заң мен тәртіп

Тұрғындар тегін кеңес алды

Қазақстанның барлық ірі қаласында бір мезгілде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.Бас прокуратура және Әділет  министрлігінің бастамасымен өткізілген іс-шараның мақсаты —  халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік шиеленістерді азайту. Акция аясында өңір тұрғындары заңгерлер мен мемлекеттік орган өкілдерінен тегін кеңес алды. 

Іс-шара «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының үшінші қабатында өтті. Келушілерді қабылдау үшін арнайы үстел қойылды.  Тұрғындарға бірқатар мемлекеттік органның қызметкерлері, Астана және Алматы аудандары әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жеке адвокаттар мен нотариустар, медиаторлар, сот орындаушылары тегін кеңес берді.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев тұрғындар белсенді түрде құқықтық кеңес алып жатқанын айтты. Оның ішінде тұрмыстық мәселелерден бөлек, интернет-алаяқтығына қатысты арыз-шағыммен келушілер көбейіпті.

— Мамандар әрбір сұраққа нақты әрі толық жауап беріп жатыр. Істің әрі қарай шешілуі үшін қайда бару керек, қалай әрекет ету керек барлығын түсіндіріп айтады. Жалпы бұл акцияның мақсаты —  елдің құқықтық мәдениетін арттыру,— деді Талғат  Әлібаев.

Ал облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Расқалиев, бұндай ашық диалог тек бір акциямен шектеліп қалмайтынын айтты.

— Жер, жылжымайтын мүлік дауы және тұрмыстық  мәселелерге қатысты сұрақ көп. Көпшілігі қайда бару керек, қалай арыз-шағым жазу керектігін біле бермейді. Сондықтан әр адамның сұрағына толық, нақты жауап беруге тырысамыз. Бір сағаттың ішінде 5-6 адамға кеңес бердім,— деді Болат Расқалиев.

Мәселен, қала іргесіндегі саяжайлардың бірінің төрағасы Ақмарал Шабақова жер мәселесі бойынша кеңес алуға келіпті.

—Әлеуметтік желіден тегін кеңес беретінін естіп, келдім. Саяжай жеріне қатысты сұрақ көп. Шешімін таппай келе жатқан мәселелелер бар. Соның барлығын мамандарға қойып,  нақты жауап алдым. Шынын айтқанда, қарапайым адамдар көп нәрсенің заңдылығын біле бермейміз. Осындай акциялар жиі өткізілсе, көп көмегі тиер еді, — деді Ақмарал.

Тұрғындар акцияның арқасында заңгерлер мен мемлекеттік орган өкілдерінен тегін кеңес алып, үйіне риза болып қайтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button