Бірлескен жұмыс нәтижесі


Қалалық жастар ресурстық орталығы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жоғары және арнаулы оқу орындарында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұдайы өткізіп келеді. Биыл орталық мамандары 30-ға жуық білім беру мекемесінде болып, түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырған.
Аталған орталықтың басшысы Әлішер Садықтың айтуынша, жастар арасындағы құқықбұзушылық пен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу — күн тәртібіндегі тұрған мәселелердің бірі.
— Биыл ювеналды полиция өкілдерімен бірлесе отырып, 10-ға жуық рейдтік іс-шара өткіздік. Рейд барысында ата-анасының қадағалануынсыз жүрген жасөспірімдер де тіркелді. «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Нашақорлықсыз Қазақстан» атты профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Акция аясында мектеп оқушылары арасында асфальтқа сурет салудан байқау өткізіліп, белсенділер марапатталды. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мақсатында волейболдан өткен ел кубогы мен суперкубоктың иегерлері — «Ақтөбе» волейбол клубының ойыншылары жастарға шеберлік сағатын өткізді. «Жастарға кеңес» жобасы да назардан тыс қалмады. Бүгінде жастар әлеуметтік желінің ағынымен жүріп, бос уақытын құр өткізуге бейім. Сондықтан құқықтық тәртіпті қадағалау мақсатындағы іс-шараларымыз жалғасады, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық .
Алдағы уақытта орталық мамандары полиция қызметкерлерімен бірлескен түнгі рейдтік іс-шаралармен қатар, күнделікті ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жиі ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Спорттық сайыстар мен зияткерлік ойындар да жоспарға сай өткізіледі.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



