Білім

ҰБТ: Ерекшеліктер мен әзірліктер

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектерге талап күшейтілді. Тест өткізілетін аудиторияларға бейнебақылау орнатылады. Шектеулі балда өзгеріс жоқ: 50-ден кем болмауы керек. Дегенмен, биыл ұлттық жоғары оқу орындарына түсуге  талап өзгерді: шектеулі балл — 70.

Биылғы ҰБТ-ның ерекшеліктері мен оқушылардың тестілеуге әзірлігі туралы облыстық білім басқармасының бас маманы Майра ӨТЕПБЕРГЕНОВАМЕН тілдескен едік.

 

Өзгерістер

 

Былтыр Ақтөбе қаласындағы тестілеу өткізілетін пункттерде ғана ұялы байланыс телефондары қызметін өшіретін құралдар пайдаланылған болатын. Биылдан бастап пункттердің барлығында бірдей телефон желісі болмайды. Сонымен қатар қаладағы да, ауылдағы да пункттер бейнебақылау қондырғыларымен жабдықталады. Бұл жөнінде аудан әкімдерінің орынбасарларына тапсырма берілді, — дейді Майра Хәкімқызы. Оның айтуынша, биылдан бастап аудиторияда, дәлізде кезекшілер болмайды. Тестілеудегі тағы бір ерекшелік: мемлекеттік комиссияның құрамы азайтылды. Бұған дейінгі ҰБТ-ларда мемлекеттік комиссияның құрамындағы мүшелердің саны  7,9,11-ден болса, биылғы талап: 5 адамнан аспауы тиіс.

Тестілеуді ұйымдастырудағы тағы бір ерекшелік: кейбір ауылдық ҰБТ өткізу пункттері сол елді мекеннің аумағындағы типтік білім беру ұйымдарына көшіріледі. Соған сәйкес, Шалқар ауданындағы биылғы түлектер сынақты жаңадан бой көтерген мектепте  тапсырады, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.

 

Тәртіп пен талап

 

ҰБТ 5 пән бойынша: қазақ тілі, орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Таңдау пәндері: география, физика, биология, химия, дүние жүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі.

Жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін 5 балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады.

ҰБТ сертификатындағы балдардың жалпы орта білім беру туралы аттестаттың бағасына ауысу шкаласы

Пәні 2

(қанағат-сыз)

3

(қанағат-лық)

4

(жақсы)

5

(үздік)

1. Қазақ тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
2. Орыс тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
3. Қазақстан тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
4. Математика 0-3 4-11 12-19 21-25
5. Физика 0-3 4-11 12-19 20-25
6. Химия 0-3 4-11 12-19 20-25
7. Биология 0-3 4-13 14-20 21-25
8. География 0-3 4-13 14-20 21-25
9. Дүниежүзі тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
10. Қазақ әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
11. Орыс әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
12. Ағылшын тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
13. Неміс тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
14. Француз тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
15. Қазақ тілі орыс мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25
16. Орыс тілі қазақ мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25

 

Түлектер тестілеу нәтижелері бойынша апелляцияға өтінішті тестілеу нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14-ке дейін беруге мүмкіндігі бар. Апелляциялық комиссия өтінішті бір тәулікте қарайды. Ескеретін жайт, өтініш берушіде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат және ҰБТ-ға кіруге рұқсаттамасы болуы керек, — дейді Майра Өтепбергенова. Апелляция мынадай жағдайларда беріледі: тест тапсырмасы дұрыс құрылмаған, дұрыс жауабы жоқ, бірнеше дұрыс жауабы бар. Сонымен қатар техникалық қателіктер кетсе де шағымдануға болады.

Айта кету керек, биылдан бастап барлық түлектер мен олардың ата-аналары үшін ұлттық тестілеу орталығы жадынама шығарды. Жадынамалар барлық пункттерге жеткізілді. Онда тестілеу өткізудің негізгі ережелері жазылған. Сонымен қатар білім беру гранттарын алу талаптары көрсетілген, — дейді Майра Хәкімқызы.

 

Әзірлігің қалай, оқушы?

 

Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға әзірлігі қалай? Қай ауданның білім сапасы жоғары деңгейде? Бұл туралы Майра Хәкімқызы былай дейді:

Бақылау тестілеуді өткізудегі мақсат: баланы сынаққа пән бойынша дайындау. Бұл — бір.  Екіншіден, психологиялық дайындық жасау. Әр ай сайын өткізілген бақылау тестілеудің қорытындысында оқушыларға қай пән, қандай тақырыптың тапсырмалары қиын тигендігі жан-жақты талқыланып, сол тақырып егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Жыл сайын тест тапсырушыларға талап күшейтіледі. Мысалы, былтыр математика мен физикадан басқа пәндерден келетін тест тапсырмалары күрделілендірілді. Тест сұрақтары жеңіл, орташа, қиын деңгейден тұрады. Жеңіл сұрақтар азайтылып, орташа деңгейдегі сұрақтар көбейтілді. Талап пен тәртіптің  күшейтілгеніне қарамастан біздің облыстағы тестілеудің қорытындысында өсім бар.  Бірақ бұл көрсеткіш мәз болып, мақтанарлықтай емес. Өткен жылғы сынақ нәтижесі 84,3 балл. 2010 жылмен салыстырғанда динамика не бары 0,5 балл қосылды. Бұл нәтиже жеткіліксіз. Себебі,  республика бойынша  орташа көрсеткіш  — 86,6 балл.  

Биылғы оқу жылында 5 бақылау тест өткізіліпті (қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында). Облыс мектептері ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын қазан айында бастады. Бірінші сынақ тестілеуде оқушылардың орташа балы 63,7 болған еді, ақпан айындағы көрсеткіш  74,4 балл.

 

Сынақ тестінің орташа балының динамикасы
  қазан қараша желтоқсан қаңтар ақпан
2009-2010 оқу ж. 58,6 61,5 65,7 68,4 72,1
2010-2011 оқу ж. 60,1 64,8 69,7 71,9 75,1
2011-2012 оқу ж. 63,7 66,1 71,9 73 74,3
динамикасы 3,6 1,3 1,8 1,1 1,3

 

Әр жылы, әр айда өткізілген сынақ тестілеулерге мониторинг жасаймыз. Мысалы, қазан мен ақпан аралығында өткен бақылау тестінің қорытындыларынан динамиканың 10,6 балға өскенін көреміз. Дегенмен орташа балл әлі де төмен. Сынаққа қатысқан оқушылардың 21,3 пайызы шектеулі балл алған жоқ. Балалардың біразы физика мен математикадан төмен балл жинады. Бұл ретте мектеп бітірушілері төмен ұпай жинаған аудандарды айтпай кетуге болмайды. Ырғыз — 63,8 балл, Алға — 67,1 балл, Қарғалы — 68,2 балл, Хромтау — 69, 5 балл, Байғанин — 69,8 балл. Аталған аудандарда сынақ тестінің орташа балы 2011 жылғы тестілеудің орташа балынан да төмен, — дейді Майра Өтепбергенова.

Облыста жалпы 11-сыныпта оқитын 8000 бала бар. Ақпан айында болған бақылау  тестілеуге оқушылардың 80 пайызы қатысыпты.

 

«Бестік» пен «Екілік»

 

Ақтөбе қаласында 11-сыныпта оқитын 2993 оқушы бар. Оның 114-і —  «Алтын белгіден» үміткер.

Қала мектептерінде де ҰБТ-ға әзірлік қызу жүргізіліп жатыр. Оқушыларды ҰБТ қабылдау пункттерінің жағдайына бейімдеу үшін ақпанның 19-ы мен наурыздың 25-інде байқау тест өткізіліпті. Сынаққа жалпы 2541 (84,9 пайыз) бала қатысқан. Ақпан айындағы тестілеудің қорытындысы бойынша қала мектептерінің орташа көрсеткіші — 74,1 балл. Қалалық білім бөлімі қала мектептерінің ҰБТ қорытындысы бойынша орташа көрсеткішін 90 балға жеткізуді жоспарлап отыр.

Білім сапасы жөнінен №32 мектеп-гимназия көш бастап тұр.

Қалалық білім бөлімінің бас маманы Әлия Қасымованың айтуынша, бақылау тестілеуге қатысқан оқушылардың 3,6 пайызы (91 оқушы) «бестік» алған. Ал 5,5 пайызының жауаптары «екілікке» бағаланған. Олардың көпшілігі физика мен математика пәндерінің сұрақтарына жауап бере алмапты. №37, №40 №41мектептердің  «екілігі» көп.

 

«Алтын белгіден» үміткерлер көп

 

11-сынып оқушыларының 314-і «Алтын белгі» аттестатына үміткер екен. Үздік аттестаттан үміткерлердің саны — 142. Аудандардың арасында Шалқар мен Темір көш бастап тұр. Әрқайсысында 37 үміткерден бар. «Алтын белгіден» үміткер жоқ аудан Әйтеке би.  

 Бірақ бұл нақты дерек емес. Себебі, балалардың құжаттары әлі толық тексерілген жоқ. Бұл — бір. Екіншіден, үміткерлердің құжаттары мамырдың 1-іне дейін қабылданады. Яғни, әлі біраз үміткер қосылуы мүмкін, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлжан Құлыбекова.

«Алтын белгіні» иелену үшін баланың 5-10 сыныптардағы жылдық және қорытынды бағалары «бестік» болуы тиіс. Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеуде жауаптары «5»-ке бағалануы керек. Бар талап — осы. Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, ата-аналардың барлығы бірдей бұл талапты біле бермейді.

Үміткер болу үшін оқушылардың олимпиадаларға қатысуы немесе ғылыми жобаларды қорғауы шарт емес. Ата-аналардың көпшілігі: «Баламыз «Алтын белгіге» үміткер болуы үшін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары тым болмаса, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері болуы тиіс» деп  ойлайды. Бұлай деуімнің себебі бар. Облыстық «Ақтөбе» газетінің өткен жылғы сәуірдің 21-і күнгі санында «Алтын белгіге кім лайық?» материалы жарық көрді. Ата-аналар «Алтын белгіге» үміткерлердің құжаттары сәуірдің 25-іне дейін қабылданатындығын, үміткер болу үшін қандай талаптар қойылатындығын «Ақтөбе» газетінің арқасында біліпті. Сөйтіп, небары 4 күннің ішінде бірнеше түлек «Алтын белгіге» үміткер ретінде құжат тапсырып үлгерді. Және олардың барлығы да білімдерін дәлелдеді.

Әрине, облыстық білім басқармасының тарапынан қалалық, аудандық білім  бөлімдеріне «Алтын белгіден» үміткерлер қашанға дейін құжаттарын өткізуі керектігі, оларға қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты түсіндіріліп айтылады. Дегенмен, расын айту керек, кейбір мектеп директорлары мұның бәрін түлектерге, ата-аналарға айтпайды. Мектеп басшылары: «Балалар «Алтын белгіні» қорғай алмаса, мектептің білім сапасының көрсеткішіне нұқсан келтіреді» деп ойлаулары мүмкін. Дұрыс түсіндірілмеудің салдарынан балалар зардап шегеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп, оқушылар білімдерін дәлелдегеннен соң оқушыларды «Алтын белгіге» үміткерлер тізіміне енгізуді өтінген мектеп басшылары болды. Облыстық білім басқармасы түсіністік танытып, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс хат та жазды. Нәтижесінде балалар «Алтын белгінің» иегері атанды. Бірақ былтырдан бастап, мұндай өтініштер орындалмайды, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Білім және ғылым министрлігіне үміткерлердің құжаттары мамырдың 25-іне дейін тапсырылады. Нақтыланған тізім мамырдың 1-інде дайын болады. Сондықтан, баласын «Алтын белгіге» үміткерлер тізіміне қосу үшін ата-аналардың қазірден бастап тиісті құжаттарды жинағандары дұрыс.

—  Балалардың министрлікке жіберілген құжаттарында қандай да бір қате кетсе, оны тізімнен шығарып тастау оңай. Ал министрлікке үміткерлердің тізімі мен құжаттары жіберіліп қойғаннан кейін үміткерді тіркеу өте қиын. Рұқсат етілмейді. Осыны ата-аналарға ескерткім келеді. Түлек «Алтын белгіге» лайық болып тұрып, оның құжаттары құзырлы мекемелерге тапсырылмаса, көп жағдайда мектеп басшыларының өздері кінәлі. Мұндай жағдайда ата-аналар баласының құқығын шектегендігі үшін мектеп директорының үстінен тиісті органдарға шағымдануларына  болады. Мектеп басшысы «Алтын белгіге» үміткер болуға лайық оқушыны үміткер ретінде ұсынуға міндетті, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button