Басты жаңалықтарӘлеумет

Жалғызға — жанашыр, мұқтажға — мейірімді

Арнайы әлеуметтік қызмет кімге тиесілі?

Адам баласы үшін жан жылуы мен қамқорлықтан асқан құндылық жоқ. Әсіресе  егде адамдарға, ерекше күтімді қажет ететін балаға немесе өмірдің қиын кезеңінде қолдауға мұқтаж жанға дер кезінде берілген көмек пен мейірім— үлкен рухани күш, үміт оты. Осындай жауапты да сауапты істі атқарып жүрген ұжымның бірі — Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік жәрдем орталығы.Бұл қандай орталық, немен айналысады? Қандай қызмет көрсетеді? Сонымен…

Бұл орталық 1997 жылдың 17 сәуірінде зейнеткерлерге көмек көрсету мақсатында құрылған. Уақыт өте келе қызмет аясы кеңейіп, 2005 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балаларға да көмек бере бастады. Ал 2014 жылы мекеме қазіргі атауына ие болған.

Әлеуметтік жәрдем орталығының директоры Нәзия Шаяхметованың айтуынша,

1 қазандағы есеп бойынша, 927 адам өз үйінде арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Оның 736-сы — жалғызілікті қария мен І,ІІ топ  мүгедектігі бар тұрғын, 191-і — мүгедектігі бар бала.

— Біздің орталықта 150 адам еңбек етеді. Оның 116-сы — әлеуметтік қызметкер. Бізде 10 бөлім бар, оның 8-і — ересектерге, 2-еуі балаларға арналған. Орталықтың басты міндеті — Ақтөбе қаласында тұратын жақын туысы жоқ жалғызбасты қарттарға, жеке сауықтыру бағдарламаларына енгізілген   І-ІІ топ мүгедектеріне және мүгедектігі бар балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсету. Біздің әлеуметтік қызметкерлер тарапынан ұсынылатын тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық және өзге де қызметтер — көмекке мұқтаж жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, — дейді орталық директоры Нәзия Шаяхметова.

Оның айтуынша, әлеуметтік қызметкер аптасына кемінде екі рет бөгде адамның көмегіне мұқтаж жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар ересектер мен балаларға барады. Үй жинап, тамақ пісіруге көмектеседі. Сонымен қатар азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып әкеліп беру, коммуналдық төлемдерді төлеу, тұрғын үй жәрдемақысын рәсімдеу, зейнетақы төлеу орталығынан, банктер мен коммуналдық мекемелерден қажетті анықтамалар алу, хат жазу, жеделхат жіберу сияқты шаруаларды атқарады.

Бұған қоса әлеуметтік қызметкерлер мүгедектігі бар балаларды жеке гигиенаға және өз-өзіне қызмет көрсетуге үйретеді, ұсақ және ірі моторикасын дамытуға, қоршаған ортаны танып білуге баулиды, баланы әлеуметтендіруге ықпал етеді.

Сондықтан бұл — көп мекеменің бірі емес, бұл — жақсылық жасауға ниетті жанашырлар ордасы. Мұндағы әр қызметкер жанын сала жүгіріп, әр үйге үміт пен жылу сыйлайды. Біз бір-екі әлеуметтік қызметкермен тілдескен едік.

Алғыс арқалаған Ақмарал

 Ақтөбедегі 116 әлеуметтік қызметкердің бірі — Ақмарал Залиева. Оның осы қызметте үлкен кісілердің батасын алып жүргеніне 12 жыл болыпты.

Ақмарал таңғы сағат сегіз жарымнан кешкі сағат бес жарымға дейін тыным таппайды. Қамқорлығындағы әр адамға аптасына екі рет соғады. Күніне төрт адамның үйіне барып үлгеруге тиіс. Әр үйде кемі екі сағат болып, әлеуметтік қызмет  көрсетеді. Ақмарал өз жауапкершілігіне алған 10 ата-әженің туған қызындай боп кеткен.

— Күн сайын әртүрлі тағдыр иесінің үйіне барып, қолдан келгенше көмектесуге тырысамын. Жұмысымды жақсы көремін. Бұл — жай  жұмыс емес, жүрекпен істелетін іс. Қамқорлығымдағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға жанашыр болып, күнделікті тұрмыста қолдау көрсету — менің басты міндетім. Үй жинап, тамақ дайындауға қол ұшын беремін. Азық-түлік әкеп беріп, аяқкиімдерін жөндетуге апарамын.Коммуналдық төлемдерін уақытында төлеуге көмектесемін, керек болса, бірге барып, кезекте тұрамыз.Кейде емханаға немесе басқа да мекемелерге ертіп апарамын.Ауруханаға түсіп қалса, қоңырау шалып, хабарласып, хал-жағдайын білемін. Қариялардың сәл де болса көңілі жайланғанын көргенде, өз ісіме риза боламын. Бір қарағанда, ұсақ-түйек болып көрінер, бірақ осының бәрі үлкен кісілер үшін өте маңызды.Жұмыс барысында күніне бірнеше үйге баруым керек, автобуспен жүремін, сол үшін маған қоғамдық көлікте тегін жүре алатынарнайы куәлік берілген. Ол да — үлкен көмек, — дейді Ақмарал.Оның қамқорлығындағы 10 адамның ең үлкені — 89, ең жасы — 65 жаста.

— «Адам үлкейген сайын бала секілді боп кетеді» дейді ғой, сол рас. Олар тез ренжігіш келеді, сәл нәрсеге көңілі жабырқап, уайымдай бастайды. Жылы сөйлесең, көңілі жадырайды. Мінезі ауыр кісілер де болады екен. Оны әріптестерімнен естимін. Менің ата-әжелерімнің дені — ақжарқын, жайдары, әзілдескенді ұнатады. Әсіресе әжелер көп. Қамқорлығымдағы өзге ұлт өкілдерініңбауырлары, балалары Украина, Ресей қалаларында тұрып жатыр. Ара-тұра қоңырау шалып , хабар-ошар алып тұрады. Тіпті ешкімі жоқтар да бар, — дейдіАқмарал Қуанышқызы.

Кейіпкерімді тыңдай отыраоның табиғатынан жоқ-жітікке жанашыр, жолдас-жораға қамқор екенін аңғардым. Еңбегі де басшылар тарапынан еленіп жүр. Әр жылдары әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімібасшысының Алғыс хатына ие болған. Ақмарал үшін ең үлкен марапат — қамқорлығындағы ата-әжелердің ризашылығы. Мәселен, Клавдия Тимошенко бастаған бір топ қария Ақмарал Қуанышқызының өз ісіне асқан  жауапкершілікпен қарайтынын, ұқыптылығын, шапшаңдығын атап тұрып, бөлім басшысына оны марапаттауға ұсыныс білдіріпті. Көптің алғысын арқалаған Ақмарал қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Жолдасы екеуі отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.

Балаға қамқор Қарлығаш

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға жәрдемдесетін әлеуметтік қызметкердің бірі — Қарлығаш Құрманалина.

— Менің жұмысым — жан жылуын қажет ететін жұмыс. Адамдарға көмектесу арқылы өмірдің мағынасын тереңірек түсінемін. Күн сайын үйлеріне барып, көмектесіп жүргесін туғанындай боп кетеді екенсің. Әр баланың жағдайы мен диагнозы әртүрлі. Бірі анасымен, бірі әжесімен бірге тұрады. Мәселен, мен Валерияға жиі барамын. Әуелі жылы амандасып, анасымен, әжесімен әңгімелесемін. Сосын Валерияның кереуеттен тұруына көмектесемін, жуынатын бөлмеге барып, беті-қолын жуып аламыз. Сосын тамағын беремін. Ертегі, өлең оқимын. Ол ән айтқанды ұнатады, біз бірге ән шырқаймыз, ол кішкентай балаша қуанып, қолын шапалақтайды.Валерия арбада отырады, жөргегін ауыстыруға көмектесемін, саусағына жеңіл массаж жасаймын,ол ойыншық пианиноны  жақсы көреді. Әңгімелесе отырып, оны жігерлендіремін. Кей күндері таза ауада серуендейміз, емханаға барып келеміз. Сонымен қатар баланың ой-өрісін дамыту үшін танымдық және дамытушы ойындар ойнаймыз. Әр күннің өз қиындығы бар. Бірақ мен үшін әрбір жұмыс күнінің ең үлкен сыйы — Валерияның күлімсіреген жүзі мен сенімге толы көзқарасы, — дейді Қарлығаш Құрманалина.

20 жыл бойы осы салада еңбек етіп жүрген кейіпкерімнің айтуынша, әлеуметтік қызметкер  ең әуелі сабырлы, кісіге көмектесуге деген шынайы ниеті бар, мейірімді әрі уақытты тиімді пайдалана алатын адам болуы шарт. Кейіпкерімнің әңгімесінен-ақ оның  бала тағдырына алаңдайтынын, оларға шын жанашыр екенін аңғаруға болады.

Қарлығаш Құрманалина әріптестерін«Ақтөбе» арқылықазанның соңғы жексенбісінде аталып жүрген Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнімен құттықтауды да ұмытпады: «Жаныңызға жақын ісіңіз табыс пен қуаныш әкелсін!» деген әдемі тілегін жолдады.

Айтпақшы, қарттар мен мүгедектігі бар балалардың жағдайына алаңдап, жанашыр болып, қамқорлық танытып жүрген әлеуметтік қызметкерлер зор жауапкершілік жүктейтін жұмысы үшін біліміне, кәсіби біліктілігі мен еңбек өтіліне байланысты 140 мың теңгеден сәл жоғары жалақы алады.

P.S.Кәрілік жеңген әке-шешені қараусыз тастамай, керісінше, бағып-қағып отыратын қазақ қоғамы бұл қызметке  бастапқыда тосырқай қарады. Бірақ бүгінде әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне сүйенетін отбасылар саны артып барады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button