Адал еңбек адастырмайды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында шеберлік сағаты өтті. Іс-шараның мақсаты — құқықбұзушылықтың алдын алу, «Заң және тәртіп» қағидатына сай құндылықтарды насихаттау.
Жиынға университеттің 10 факультетінен 70-ке жуық ментор қатысты. Себебі былтырдан бастап оқу орнында менторлық жүйе енгізілген. Менторлар студенттермен тікелей жұмыс істейтін, университеттегі тұрмыстық, академиялық және әлеуметтік мәселелерге жауап беретін құрылым ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін университеттегі құқықбұзушылық саны азайған. Ал студенттерге ақпаратты жеткізетін мамандардың жан-жақты білімді болуы қажет. Осы ретте шеберлік сағаты менторлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Жиында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин жастарды алаяқтардың құрбаны болмауға шақырды.
— Соңғы уақытта интернет алаяқтығы көбейіп барады. Әсіресе банк тұтынушыларынан, дропперлердің арбауына түскендерден шағым көп келеді. Мәселен, дропперлердің құрығына бірінші студенттер мен ақшадан тарығып жүргендер ілігеді. Олар әртүрлі жарнама платформалары арқылы хабарландыру береді. Мәселен, курьер қызметі үшін 300-400 мың теңге төлейтінін немесе «600-900 мың теңге аралығындағы жалақыға жұмыс істейтін оператор керек» деп жарнама береді. Бұл үшін қызметкерге кәсіби талап қоймайтынын жазады. Ал хабарласқан азамат жұмыс берушімен тек онлайн ғана сөйлеседі. Кейін банк картасының нөмірін алады, сол арқылы біреулерге ақша аударатынын, оның бірнеше пайызы шот иесінде қалатынын айтады. Тіпті кейін әлгі адамның атынан бірнеше банк шотын ашады. Осылайша алаяқтық жолмен тапқан қаржыны иеленіп отырады. Қазіргі таңда дропперлерге қатысты қылмыстық жаза қарастырылған. Егер тұрғын өзінің жеке шотын үшінші бір адамға беріп, ол алаяқтық жолмен тапқан қаржыны өзгеге аударатын болса, шот иесі де жауапкершілікке тартылады. Сондықтан жастардың осы мәселеге абай болғаны жөн. Жеке деректерді ешкімге бермеу керек, — деді Жадан Бисенбин.
Сондай-ақ жиында облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жәнібек Шағыров, аталған департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Азамат Қияшов алаяқтардың қалай арбайтынын айтты. Жастарды есірткі тасымалдау, жасыру секілді қауіпті әрекеттерден сақтануға шақырды. Ал дропперлердің құрбаны болған азамат өзінің басынан өткен жағдайды, яғни қалай алаяқтың арбауына түсіп несиеге белшесінен батқанын студенттерге баяндап берді. Іс-шараның соңында жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.












