Жасөспірімдер: жігер ме, жұдырық па…

Ақтөбеде «Жауапты ер-азамат — заңды қоғамның тірегі» ұранымен жалпықалалық ер балалар жиналысы өтті. Бұл ауқымды тәрбиелік-танымдық шара 400-ден аса жоғары сынып оқушысының басын қосты.
Болашақта ел тұтқасын ұстап, қоғам жүгін арқалайтын өрендердің бойында жауапкершілік пен патриоттық, заң мен тәртіп қағидаттарын сіңіруді мақсат еткен құқықтық-мотивациялық кездесу Ақтөбе қаласы білім бөлімі және «BILIM QAZYNA» КММ ұйымдастыруымен, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тікелей қатысуымен өтті.
Шараға танымал медиатұлғалар — «Ақтөбе» футбол клубының ойыншысы Нұрбек Қарағұлов пен өңірге белгілі мотиватор-ана Бибігүл Әбілдаева да арнайы шақырылды.
Жиналыс барысында жасөспірімдер ер бала тәрбиесі, намыс пен абырой, ер- азаматтың жауапкершілігі, зиянды әрекеттердің салдары, азаматтың намысы мен күші жұдырықпен емес, жігіттік жігермен өлшенетіні, өзге де мәселелерге қатысты рухты кеңестер алды.
Ерекше әсерде болған оқушылар да өздерінің отбасындағы жағдайы, қиындықтарды қалай жеңгені, өз ортасымен қалай тіл табысқаны туралы оқиғаларымен бөлісті.
Облыстық полиция департаментінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Манарбек Қойшыбаев, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров балаларға интернеттегі есірткі саудасы, кибербуллинг, дроппер болудың салдары, қылмыстық жауапкершілік жайлы баяндап берді.
Шара барысында «Ашық микрофон» сессиясы аса қызу өтті. Балалар қатысушыларға, әсіресе полиция қызметкерлеріне көкейтесті сұрақтарын белсенді қойды. Оларды интернетте келемеждеудің салдары, киберқауіпсіздік, буллинг, ортаның әсері, қылмыстың салдары, т.б. мәселелер қызықтырды.
Полицейлер оқушыларды толғандырған әрбір сұраққа нақты жауап беріп, тәрбиелік бағыттағы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Ж.ДӘНЕКЕРОВ.









