Билік

Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы – біздің ортақ болашағымыз үшін

Кеше Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезі өтті. Онда негізгі болып «Нұр Отанның» 2009-2012 жылдарға арналған іс-әрекеттер стратегиясы туралы мәселе қаралды. Съезде Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы – біздің ортақ болашағымыз үшін

Құрметті нұротандықтар!

Қадірменді съезд қонақтары!

Қазақстандағы ең ірі саяси ұйым, көшбасшы партия – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 12-ші съезі, партияның 10 жылдық мерейтойы еліміздің төрт құбыласы түгелденген, кемелдену кезеңімен дөп келіп отыр.

Олай дейтінім, саяси сахнада салмақты орнымыз бар. Сайлауалды уәделерімізді толықтай орындап келеміз. Келесі жылдың басында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз жаһандық ауқымдағы беделіміздің үлкен көрсеткіші болып саналады. Бұл үшін біз сол ұйымға мүше барлық мемлекеттерге шын ризашылық алғысымызды айтуымыз керек. Ең бастысы біз бірлігі жарасқан халықпыз.

Осының барлығы – біздің жеке шаңырақ көтергеннен кейінгі жанкешті еңбегіміздің, толағай табысымыздың ең толымдысы әрі баға жетпес құндылығы, ел егемендігін баянды етудің берік қамалы, тәуелсіздік жүрегіне қан жүгірткен сарқылмас қуат көзі.

Осылайша, тыңнан түрен салып дамудың даңғыл жолына түсу бары­сында түбінде «ақыл, қайрат бәрін жең­бек» деп ұлы Абай айтқандай, талай қиюы қаш­қан қиындықтарды бастан кеше оты­рып, қисынына келтірдік. Осы істердің барлығында «Нұр Отан» партиясы көшбасшылық танытып, қоғамдағы әр түрлі күштердің ұйтқы­сына айналды.

Құрметті съезд делегаттары!

Шексіз-шетсіз дүние жоқ. Халқымыз «Бір аштықтың бір тоқтығы бар» дейді. Әлемді шарпыған дағдарыс та аяқталады. Бұл уақытша ғана құбылыс. Мұндай дағдарыс адамзат өмірінде алғаш рет болып отырған жоқ. Өткен ғасырдың 30-шы, 50-ші, 70-ші жылдарын еске алатын болсақ, мұның барлығы болған.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясы құлап, Түрік респуб­ли­касы «мемлекет болып қала ма, жоқ па» деген сұрақпен бетпе-бет қалған кез болды. Сол кезде Ататүріктің үндеуімен бү­кіл түріктің әйелдер қауымы қолда­рын­дағы барын, тіпті сырғаларын, алқа­ла­рын мемлекетті сақтап қалу үшін сол күреске жұмсап, жинаған еді. Дәл сондай оқиға Корей Республикасында да болған. Аллаға шүкір, Қазақстанда ондай жағдай болған жоқ, болмайды да.

Он жыл бұрын ғана Азиялық қар­жы­лық дағдарыстың салқынын сезіндік. Бір­ақ, біз сүрінбедік. Ол кездерде дәл қазіргідей қуат-күшіміз де жоқ еді.

Әрине, 10 жыл ішінде қол жеткізген жетіс­тіктерді тізбелеп айтып шығу бүгін мүмкін емес. Ең бастысы – ұстанған бағы­тымыз бен жасаған іс-қимылы­мыз­дың өміршеңдігіне халық өзі көз жет­кіз­ді, баға берді. Алайда, бұл «бәрін тын­дыр­дық» деп тоқмейілсуге жол бермеуі керек.

Бүгін партияның 12-ші съезінде елдегі нақты жағдай тағы бір мәрте талқыға түсіп, өзекті мәселелерді шешудің тетіктері сараланды.

Халықтық тұғырнамада көрсетілген, ел алдында уәде еткен істерді дағдарыс жағдайында да одан әрі абыроймен атқару міндеті жүктеледі. Мұның бәрінен де біз зор табыстармен шығамыз деп сенеміз.

1. Жасампаздықтың он жылы қоғам мен ел игілігіне

Қымбатты достар, ниеттестер!

Қымбатты қонақтар!

Біз шетелдік саяси партияларға – Қазақстанға достас елдердегі біздің әріп­тестерімізге біздің съезге өз делегация­ла­рын жібергені, құттықтаулар жолда­ғаны үшін алғыс білдіреміз. Біз олардан өз атымызға қолдау сөздерін естідік.

Біз бұл партияларға және осы елдер­дің халықтарына барша игіліктерді, бар­ша жақсы атаулыны және өркендеуді тілейміз!

Бүгін осында көптеген проб­лемалар көтеріліп, бірталай ұсыныстар айтылды. Барлық ұсыныстар қызықты екен және олар біздің бәріміздің Отаны­мыз үшін жанымыз ауыратынын көрсетеді.

Сіздер айтқан лебіздер «Нұр Отан» нағыз патриоттардың, шынайы мемле­кетшілдердің бірлестігі екенін тағы да қуаттап берді.

Біздер ­- нұротандықтар, еліміздің және қоғамымыздың тағдырына бейтарап қарай алмаймыз!

Қазір мен бұдан 10 жыл бұрын партияның І съезінде айтқан сөздерімді сіздердің естеріңізге салғым келеді:

«Дағдарыс деген ешқашан мәңгілік болмайды, ол уақытша құбылыс. Кімде кім осы дағдарыстардан аман шықса, ол содан кейін бұрынғыдан да өркендей түседі».

Өмір бұдан 10 жыл бұрын айтылған осы сөздердің шынайылығын көрсетіп берді. Бұл сөздер біздің бүгінгі нақты­лы­ғымыз үшін, біздің қазіргі жағдайымыз үшін қандайлық өзекті десеңізші!

Бүгінде біз бұдан 10 жыл бұрын Азиядан басталған дағдарысты бастан кешіп жатқанға ұқсас жағдайда тұрмыз.

Иә, жағдайлар ұқсас, алайда Қазақ­стан кешегі күнгісіне тіпті де ұқсамайды! Сондықтан, делегаттар айтқандарындай, ауылда бұл дағдарыс сезілмейді де. Мұндай әзірлікті біз осындай күтпеген кезеңдер жағдайына жүргізгенбіз, сондықтан қазір дағдарысты бәрі бірдей сезініп отырған жоқ.

Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, біз Кеңес Одағы күйреген, өндірістік база іс жүзінде мүлдем жоқ және құлдырап біткен экономика жағдайында тәуелсіз Қазақстанымызды асқан қиындықпен тұрғыза алдық. Бізде іс жүзінде ин­фрақұрылым болмады, зауыттары­мыз тоқтап тұрды, дүкендеріміздің сөрелері қаңырап, балаларымыз бүрсең қақты. Жаман атаулы әрдайым тез ұмы­тылады.

Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, бізді азиялық дағдарыс қалтыратып бақты – энергия ресурстарының бағасы бірнеше есе құлап түсті. Мұнайдың бір баррелі 10 доллар тұрды!

Алайда біз жауапкершілікті өз мой­нымызға алып, әрбір қазақстандықтың тұр­мысын жақсартуға бағытталған бір­қатар реформаларға бастамашы болып, экономиканы түбегейлі жаңғыртуды бастадық.

Бұл өзіндік бір ақиқат сәті еді.

Бұл сәтте күн тәртібінде басты мәселенің – Қазақстан болашақта қандай болады және біз өз мемлекеттілігімізді сақтай аламыз ба деген мәселенің шешімі тұрды.

Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, басы­мызға жауған сынақтарға қарамастан, біздің ұнжырғамыз түскен жоқ, дүрбе­лең­ге салынбадық, қайта, бірлесіп, бекемденіп, сапалық жаңа деңгейге көтеріл­дік. Бізге басты көмекші – уақыт сынынан өтіп, талай қиындықтарда шыңдалған біздің бірлігіміз болды. Біздің елімізде тұратын барша 130 ұлт пен ұлыстың бірлігі болды.

Бұл – ең құнды ресурс деп санай­мын, соның арқасында біз қазіргі қиындықтарды да еңсере аламыз!

Алайда бүгінде артымызға бұрылып қарасақ, бұдан он жыл бұрын біз сол қиындықтарға төтеп беріп қана қоймап­пыз, сонымен бірге болашақ табыстары­мыздың негізін қалай да алыппыз.

10 жылда ел ІЖӨ-сі іс жүзінде 8 есеге ұлғайды.

10 жылда жан басына келетін ІЖӨ 1000 доллардан 8400 долларға дейін өсіп, Орталық және Шығыс Еуропаның бір­қатар мемлекеттерінің көрсеткіштерімен теңелді.

10 жылда сыртқы сауда айналымы 10 есе ұлғайды. Шағын кәсіпкерлікке ин­вес­тициялардың жалпы өсімі 2000 жыл­дан бастап 23 есе дерлік ұлғайып, 2008 жылы 1,5 триллион теңге шамасын құраған.

10 жылда денсаулық сақтау мен білім беруді қаржыландыру 8,5 есеге ұлғайған.

Бұдан бар-жоғы 5 жыл бұрын елде Интернетті пайдаланушылар бірнеше мың болса, бүгінде олар 2 миллионнан асып жығылады.

Қазір іс жүзінде әрбір мектепте жаңа толқындағы компьютерлер жұмыс іс­тей­ді, мектептердің 98 пайызы Интернет желісіне қосылған.

Иә, бүгінде бізде бір кездері тіпті армандай алмаған көп нәрселер бар.

Мен қазақстандық балаларымыздың күлкісін көрген кезде өзімді бақытты сезінемін!

Жаңа зауыттар ашылып, жаңа жолдар төселген, осы заманғы үйлер, мектептер, ауруханалар салынып жатқан әрбір кезде мен мақтанышта боламын!

Біздің қазақстандық спортшылар же­ңіс баспалдақтарына көтерілген, қазақ­стандық оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда алтын медальдарды же­ңіп алған кезде, бүкіл әлем біздің талант­тарымызға таңғалып тұрған кезде мен мақтанышта боламын!

Қазақстан көз алдымызда қалай өзге­ріп жатқанын көрген кезде мен қуа­ныш­та боламын!

Өткен 10 жыл ­- бұл серпінділік уақы­ты, бұл Қазақстанның қауырт даму уақыты!

Бүкіл осы жылдарда біз мемлекет­ті­гі­мізді нығайтуға көп күш пен қаржы жұм­садық, біз инфрақұрылымды дамыт­тық, біз экономикалық бұлшық еттері­мізді өсірдік!

Жаңа елордамыз Астананың салынуы посткеңестік кеңістіктегі ауқымы жағы­нан ең алып та жасампаз жоба болды.

Астана – бұл осы заманғы Қазақ­стан­ды дамытудың, біздің ортақ та­быс­тарымыздың, бақ-берекеміз бен сенімді болашағымыздың символы!

Бүгінгі жиналысқа «Нұр Отан» ХДП-ның делегаттарымен бірге барлық әкімдер қатысып отыр. Бес мың адамға арналған Тәуелсіздік сарайын көрсін деп, оларды осында шақырдық. Мұндай сәулетті Сарай Қазақстан түгілі, осы өңірде жоқ. Барлық ауқымды іс-шаралар енді осы Сарайда өткізілетін болады. Міне, бұл Астананың көркейіп, дамып, өсіп-өркендеуінің белгісі, болашаққа басқан қарышты қадамының айқын көрінісі болып табылады.

Біз көп нәрсе жұмсадық және көп нәрсеге қол жеткіздік, алайда енді дамудың жаңа кезеңінде бізге жаңа басымдықтарды анықтау қажет болады.

2. Партияның дағдарысты еңсерудегі рөлі

Партия үшін қазіргі электоратаралық кезең бұрын-соңды болмаған әлемдік қаржы дағдарысымен сәйкес келді. Бізге әзірленген даму бағдарламасынан уақытша бас тарта тұрып, қиындықтарды еңсеруге барлық күшті жұмылдыруға тура келді. Сондықтан да партияның он екінші съезі күрделі уақытта өтіп отыр.

Күн тәртібінің негізгі мәселесі – «Нұр Отан» партиясының әлемдік дағ­дарыс салдарын еңсерудегі және Қазақ­станды жаңартудағы рөлі. Бұл туралы мен осы жылдың наурызындағы өз Жолдауымда егжей-тегжейлі айтқанмын.

Осы жолғы қиындықтардың бастау көзі біздің қателіктерімізде ғана емес, олар елдің ішінде емес, қайта, әлемдік экономика мен қаржы жүйесінің сәйкес­сіздігінде болып отыр, бұл сәйкессіздік­тер түбегейлі реформаларды қажет етеді. Бұл туралы мен «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаламда жазғанмын.

Біз бәрін дұрыс істедік. Нарық эко­номи­касын дамыттық, инвестициялар тарттық, даму институттарын құрдық. Дер кезінде Ұлттық қорды қалып­тас­тырдық, қажетті резервтер жинақтадық.

Қазақстан дағдарысқа қарсы шара­лар­ды жедел іске асыруға кіріскен әлем­дегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

2008 жылдың аяғына қарай сыртқы инвестициялар мен несиелердің көптеген көздері жабылды, мұнай мен метал­дардың әлемдік бағасы құлдырап түсті, мұның өзі шикізат экспортынан түсетін табыстардың қысқаруына соқтырды.

Осындай күрделі жағдайда менің тапсырмам бойынша Үкімет бірінші және екінші тұрақтандыру жоспарларын қабыл­дады.

Екінші жоспардың ғана шараларын іске асыруға Ұлттық қордан 2,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді, мұның өзі Қазақстан ІЖӨ-нің 14 пайызымен шамалас.

Партияның Парламенттегі фракция­сы дағдарысқа қарсы заңдар пакетін же­дел, жан-жақты қарауды және қабыл­дауды қамтамасыз етті. Үкімет пен Пар­ламенттің үйлесімді өзара ықпалдастығы қамтамасыз етілді. Үкімет белгіленген шараларды белсене жүзеге асыруда.

Соңғы екі жылда әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жөнінде үлкен шаруа тынды­рылды, сондықтан да біз оның оң нәтижелерін көре бастадық.

Қаржы жүйесінің тұрлаулылығы қам­тамасыз етілді, мұның өзі экономиканың нақты секторын несиелеуді қайта бастауға мүмкіндік берді.

Экономиканың дағдарыстан барын­ша зардап шеккен салаларында тұрақты­лық белгілері көріне бастады. Ұзақ тоқтап тұрудан кейін құрылысқа жан бітті.

Қаражат тапшылығына қарамастан, өткен жылы 1,5 триллион теңгеден астам сомаға 213 инвестициялық жоба іске қосылды. 8,5 триллион теңге сомасының 382 жобасы іске асырылу кезеңінде.

Мен соңғы айларда ғана біздің шетелдік әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп, 15 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Біз озық реформаларды: салық, бюд­жет, әкімшілік, кеден реформаларын жүргіздік.

Мемлекеттік активтер бір қолға – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жинақталды, сондай-ақ Ұлттық қор дер уақытында құрылды.

Нақ «Самұрық-Қазына» бюджеттік қа­ра­жатты экономиканың нақты сек­торы­на дейін жеткізудің мемлекеттік тетігіне айналды.

Мемлекеттік сатып алулардағы «қа­зақ­стандық үлесті» өсіруге қажетті барлық іс атқарылды.

Қатаң экономикалық қыспақ жағ­дай­ын­да біз бұрын қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің бірде-бірінен бас тартқан жоқпыз. Оның үстіне жоспарланғанын­дай, бюджеттік сала қызметшілері жал­ақы­сының, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері биылғы жылы шамамен 30 пайызға өсірілді. Келесі жылы да дәл осылай болады.

Партияның тұрақтылықты қамтама­сыз етудегі, қабылданған шараларды тү­сіндіріп, ел өңірлерінде бөлінген қара­жат­тың жұмсалуына бақылауды қамтама­сыз етудегі рөлін айрықша атап өткім келеді.

Қазақстан халқына наурыздағы Жол­дауымда мен экономиканы одан әрі жаң­ғыртудың және ТКШ нысандарын, әлеу­меттік инфрақұрылымды, жолдарды рет­ке келтіру жөніндегі жұмыстарды ұйым­дастыру арқылы жұмыспен қамту страте­гиясын іске асырудың жаңа жоспарын ұсындым. Бөлінетін қаржы нақ жергі­лікті орындарға жіберіледі, бұрын мұн­дай болмайтын. Мұның бәрі әрдайым қалдық қағидаты бойынша қаржылан­дырылатын. Қазір біз тылымызды алға сүйреу үшін бұған назар аударып отыр­мыз. Әкімдердің осы ақшаны тиімді пайдаланып, өздерін жақсы қырынан көрсету мүмкіндігі болады.

Жоғарыдағы идеялар қоғамда ыстық ықылас туғызды, оларды көптеген шет­ел­дік сарапшылар оң бағалады. Үкімет пен әкімдер бұл жоспарды іске асыруға кірісті, мұның өзі көптеген жаңа жұмыс орындарын ашады.

Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстың барысы туралы өз сөзінде ел Премьер-Министрі баян етті.

Бірақ та жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар – бұл дағдарысқа қарсы шаралар. Ал бізге одан әріге ілгерілеу керек!

3. Экономиканы дағдарыстан кейін дамыту міндеттері

Әлемдік дағдарыс біздің экономика­ның осалдығын тағы да қуаттап берді. Бұл, ең алдымен, оның кеңестік кезеңде тарихи қалыптасқан бірыңғай шикізатқа тәуел­ділігі. Айта кетейік, барлық посткеңестік мемлекеттер, соның ішінде Ресей де бұ­дан зардап шегуде. Өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі төмен болып қалуда. Ғылымның дамуы, ғылымды қажет ететін технологияларды ендіру баяу қарқынмен жүруде.

Экономиканы әртараптандыру барлық билік органдарының нақты басымды­ғына және елдің жалпыұлттық идеясына айнала қоймады.

Мұның негізгі үш себебін атап көрсетуге болады.

Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінде сыртқы инвестицияларға сеніп отыру еңсерілген жоқ. Шикізат ресурстарына жоғары бағалар шетелдік инвесторлар үшін шикізаттық емес салалардың тартымдылығын төмендетіп жіберді.

Ішкі ресурстарға арқа сүйеу үшін елеулі жұмыстар жүргізілмеді.

Екіншіден, Үкімет кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес ахуалды, өндірістің не­гіз­гі факторларының қол жетімділігін қам­тамасыз ету жөнінде көп айтқаны­мен, жұмысты аяғына дейін жеткізген жоқ. Тіпті еркін экономикалық аймақтар үшін басқа елдерде жасалып жататынын­дай барлық жағдайлар туғызыла қой­мады.

Үшіншіден, мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімсіз ұйымдастыру, ми­нистр­ліктер мен әкімдіктердің бизнеспен өзара ықпалдастығының әлсіздігі, эко­номиканы әртараптандыру үшін жауап беретін біртұтас отандық органның жоқтығы өзінің теріс рөлін атқарды.

Банк секторы дағдарыс импульсінің нақты секторға таралуының жапсарлас реакциясын туғызған сыртқы есеңгіре­ту­дің «өткізгішіне» айналып, еркін нарық­тың тексеруінен өте алмады.

Соның салдарынан дағдарыс жағ­дайын­да барлық шығындарды «соңғы ара­лықтағы кредитор» ретінде мемлекет өтеу­ге мәжбүр болды. Банкроттық шегі­не жеткен банктерді құтқаруға, халықтың салымдарына қолдау білдіруге, үлескер­лерді қорғауға, шағын және орта бизнес­ке қолдау білдіруге тура келді.

Осының бәрінен Үкімет пен барлық әкімдіктер қорытынды шығаруы, барша­сы қалай орындалатынына шаралар бел­гілеуі тиіс.

Бүгінде дағдарыс бәрін өз орнына қойып шықты. Сондықтан да қазір жаңа уақыт туып келеді, әлемдік экономика­лық жүйе өзгеруде, қателіктер құны қауы­рт өсуде, барлық бағыттардағы бәсе­келестік күшейе түсуде. Дағдарыс эко­номиканы әртараптандыруға баламаның жоқ екенін нақты көрсетіп берді.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының қа­рауына мен Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі серпінді секіру жос­па­рының базалық қағидаттарын ұсы­намын.

2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап «Қазақстан-2030» Стратегиясы­ның аясында біз индустриялық-иннова­ция­лық жедел даму бесжылдығын бас­таймыз.

Біз әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған индус­трия­ландыру туралы емес, инно­вация­лық индустрияландыру туралы айтып отырмыз. Біздің индустрияландыру әлем­дік экономиканың қазіргі даму ғұрпына сәйкес болуы тиіс.

Бұл үдерісте экономиканы мемле­кет­тік жоспарлау мен ынталандырудың рөлі күшейетін болады. Сонымен бірге адал бәсекелестік, жеке меншікке қол сұғыл­маушылық және іскерлік бастамашыл­дық­ты ынталандыру секілді еркін на­рық­тың арқаулық қағидаттары бұлжымастан қалады.

Солай болса-дағы жеке бастама­шы­лық пен нарықтық экономиканың қол сұғылмаушылығы қазір үлкен күмәнге салынуда. Көптеген дамыған мемле­кет­тер өздерінің аса ірі кәсіпорындары мен банктерін ұлт меншігіне айналдыруда. Бүкіл Еуропада жоспарлау туралы айтып жатыр.

Сондықтан бізге өз жолымызды іздеу керек. Қазақстанды инновациялық ин­дустрияландыру міндеттерін орындау үшін біз өзіміздің нақты мүмкіндік­тері­мізді негізге алуға тиіспіз. Кәсіпорын­дардың тауарлары бір жерлерде сатылуы, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Және де біз сыртқы рыноктарда немен тартымды болатынымызды ойластыру керек.

Үкімет өз күш-жігерін мына бағыттарға шоғырландыруы қажет.

Бірінші. Бұл – АӨК және ауылшаруа­шы­лық өнімдерін өңдеу.

Бізге бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуін және бағаларының артуын ескере отырып, аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға қайта бағдарлану қажет.

Бұл үшін бізде барлық жағдайлар бар.

Өткен бірнеше жыл қуатты аграрлық-индустриялық базаны құруға арналды. Ауыл тізерлеуден аяғынан нық тұрды, жаңа техникамен және технология­лар­мен қайта жарақтанды. Сол арқылы Қазақ­стан алғаш рет азық-түлік астығын ірі экспорттаушыға айналды, ал ұнды экспорттау жөнінен біз бірінші орынға шықтық.

Бүгінгі күні ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеу саласында құны 150 мил­лиард теңгеге жуық 170 жоба іске асы­ры­луда. Олардың 96-сы биылғы жылы аяқталады.

Олардың арасында Солтүстік Қазақ­стан облысындағы ірі тауарлы сүт фер­ма­сы, Ақмола облысындағы құс фаб­ри­касы, Ақтөбе облысындағы жылыжай кешені, Батыс Қазақстан облысындағы мал семірту алаңы, Амирабад пор­тын­дағы (Иран) астық терминалы бар.

Аграрлық сектор экономиканы әртараптандыруға және экспортқа нақты үлес қосады.

Сондықтан да біздің ортақ міндетіміз – 2015 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің үлесін экспорттың жалпы көлемінде 8 пайызға дейін жеткізу.

Аталған және басқа жобалардың есебінен агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы қосылған құны ең таяудағы уақыттарда кем дегенде 16 пайызға ұлғайтылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс.

Екінші. Құрылыс индустриясын да­мы­ту және құрылыс материалдарын өндіру.

Қазақстан серпінді даму үстіндегі ел. Елорда ғана салынып жатқан жоқ, басқа қалалар да өсіп келеді.

Өткен жылы ғана құрылыс материал­дарын шығаратын 45 жаңа зауыт іске қосылды. Мұның өзі 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Алайда бүгінде біз құрылыс мате­риал­дарының 50 пайыздан астамын әлі де им­порттап келеміз. Бұл құрылыс секторы­ның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін өзіміздің өндірістік базамызды – осы заманғы цемент зауыттарын, әйнек та­бақ­тары, өңдеу материалдары, темір-бетон және керамикалық бұйымдар өндірісін дамыту қажет болып тұрғанда солай істелуде.

2015 жылға қарай ішкі өндіріс есебі­нен рынок тұтынысының 80 пайыздан астамы қанағаттандырылуы тиіс.

Құрылыс кешенінің жалпы қосылған құны кем дегенде 76 пайызға ұлғай­тыла­тын болады.

Үшінші. Мұнай өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыт­қан жөн.

Бұл салада қазірдің өзінде бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Үстіміздегі жылы Қазақстан-Қытай мұнай құбыры­ның екінші кезегінің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарланып отыр, ол Каспий мұнай өндіру өңірін Ба­тыс Қытаймен жалғастырады. Бізде жаңа экспорттық тармақ пайда болады.

2011 жылы битум зауыты пайдалануға берілуі тиіс. 2012 жылдың аяғына дейін еліміздің бүкіл оңтүстігін газбен қамтама­сыз ететін Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магис­траль­дық газ құбырының құрылысын аяқтау керек.

Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының толық жаңғыртылуын жеделдетіп, олардың жиынтық қуатын жылына 17 миллион тоннаға дейін жеткізу қажет.

2014 жылға қарай отандық мұнай өңдеу зауыттары жоғары сапалы мұнай өнімдеріне – жанармай мен авиакеросинге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуі тиіс.

Тұтастай алғанда отын-энергетикалық кешеннің жалпы қосылған құнын кем дегенде 30 пайызға арттыру міндетін қоямын.

Төртінші. Металлургияны дамыту және дайын металл өнімдерін шығару.

Қазір біз тоқсаныншы жылдардың басында қираған сала құрылымдарын белсенді қалпына келтіруді жүргізудеміз.

Соңғы екі жылда алғашқы алюми­ний­ді өндіру жөніндегі электролиз зауы­ты бірінші кезегінің құрылысы, сортты прокат, жоғары сіңімді тантал ұнтақтары, хром рудасын байыту өндірісін ұйымдастыру секілді бірқатар ауқымды жобалар қазірдің өзінде іске асырылды.

Бүгінде жалпы құны 1,6 триллион тең­ге­ден астам, 11 мыңдай жұмыс орнын құру әлеуеті бар тағы 26 жоба өндірісте тұр.

Бұлар – поликристалды кремний өн­діру жөніндегі зауыт, алюминий зауы­ты­ның екінші кезегі, түйіршіктелген шойын өндірісін ұйымдастыру, Тараз ме­таллургия зауыты негізінде ферромар­ганец өндірісін кеңейту және жаңғырту, болат өндірісін екі есе ұлғайтатын «Мит­тал Стил-Теміртау» жаңа металлургия кешенінің құрылысы.

Біздің ортақ міндетіміз – 2015 жылға қарай металлургия өнеркәсібінің өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін екі есе ұлғайтуды қамтамасыз ету.

Қайта өңдеуді тереңдету және жаңа бөліністі құру есебінен металлургияның жалпы қосылған құны кем дегенде 107 пайызға өсуі тиіс.

Бесінші. Химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібін жедел дамытқан жөн.

Химия саласында бір триллион тең­ге­ден астам сомаға барлығы 18 жоба іске асырылуда.

Келесі жылдың өзінде хлор, каусти­ка­лық сода және күкірт қышқылы, азот, фосфор және калий минералды тыңайт­қыштары, синтетикалық жуу заттары өн­дірісін ұйымдастыру жөніндегі жобалар­ды іске асырудың белсенді сатысына көшу қажет.

Интеграцияланған газ-химия кешенін салу жөніндегі жұмыс жеделдетілуі тиіс.

Фармацевтика саласында бір ай мерзімде өзіміздің дәрілік препараттар – вакциналар, инсулин, антибиотик және басқаларын өндіру жөніндегі зауытты салу мәселесін әзірлеу керек.

Мен Үкіметтің алдына нақты міндет – 2014 жылға қарай дәрілік препарат­тар­ды ішкі тұтынудың 50 пайыздан астамын отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету міндетін қоямын.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы да отандық өндіріспен қамтамасыз етілуі тиіс. Ел қорғанысын нығайту – мемле­кет­тің тікелей міндеті.

Алғашқы қадам қазірдің өзінде жа­салды, өткен жылы 4 жаңа кәсіпорын құрылды, кезекте тағы 5-і тұр.

Үкіметке, Қазақстанда тиісті өндіріс­тер­ді құруды ескере отырып, Қарулы Күштерді технологиялық жаңғыртуға бағытталған арнаулы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Алтыншы. Бұл – таза энергетиканы дамытуды қоса алғандағы энергетика. Қа­зір­дің өзінде өңірлердің энергия қуат­тарын кеңейту және Ұлттық электр жүйе­сін дамыту жөніндегі жобалар іске асы­рылуда.

«Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» электр жеткізу желісі пайдалануға берілді, «Солтүстік-Оңтүстік» электр жеткізудің екінші арнасының құрылысы аяқталып келеді.

Еліміздің батыс өңірі басқа елдерден электр энергиясын жеткізуге бұдан былай кіріптар болмайды. Ал елдің оңтүстігі қажетті энергиямен толық қамтамасыз етілетін болады.

Екібастұз 2-ГРЭС-ін қайта жарақтау мен кеңейту жөніндегі жоба іске асы­рылуда.

Менің тапсырмам бойынша Мойнақ ГЭС-ін салу басталды, оны 2011 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Үстіміздегі жылы Самсунг және КЕПКО компаниялары консорциумы­ның қатысуымен Балқаш ЖЭС-інің құ­рылысы басталуы тиіс. Бұл жөніндегі келісімге жуырда қол қойылды.

Жел күші мен күн сәулесін пайда­ла­ну есебінен энергияның қайта жаңғырту көздерін дамыту маңызды бағыт болып табылады.

Біз еліміздің электр энергиясына де­ген ағымдағы және болашақ сұранысын толық жабуға тиіспіз. Экономиканың энергиялық сыйымдылығы 2015 жылға қарай 10 пайызға кемітілуі тиіс.

Жетінші. Көлік және телекоммуника­ция инфрақұрылымын дамыту.

Біз «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автожол дәлізін құруға кірісеміз. Оның біздің еліміз бойынша ұзақтығы 3,5 мың шақырымды құрайды. Оған халықаралық бес қаржы институты 3,5 миллиард доллар инвестициялайды. 2010 жылы осы жоба Қазақстанда 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрады деп көзделуде.

Жол халық жиі қоныстанған оңтүстіктің төрт өңірі және Ақтөбе облысы бойынша өтіп, халықтың іскерлік белсенділігіне жан бітіреді.

Қорғас-Жетіген темір жолын салу басталады.

Қазақстандық экономиканың алға ілгерілеуін қамтамасыз ететін тағы бір ин­фрақұрылымдық жоба – Қазақ­стан­да жабдықтарының жекелеген түр­лерін өндіруді ұйымдастыра отырып, цифрлы телевизияны ендіру.

Барлық инфрақұрылымдық салаларды дамыту жөніндегі жоспарларымызды іске асыру бізге жалпы қосылған құнды 63 пайызға өсіруді қамтамасыз етуі тиіс.

Сайып келгенде, жоғарыда аталған басым бағыттар бойынша барлық ресурстарды теңдестіре жұмылдыру біздің экономикаға 7 триллион теңгеден асып жығылатын жылдық қосылған құнды қосымша құруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі бағамен бұл іс жүзінде біздің ұлттық өнімнің 50 пайызын құрайды.

Бұл – өршіл, қажет және біздің хал­қымызға лайық міндет. Мұның өзі хал­қы­мыздың әл-ауқатын одан әрі жақ­сар­туға жағдай жасалады дегенді білдіреді.

Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің Кеден одағы – бұл алғашқы маңызды да елеулі интеграциялық «қарлығаш». Мен оны құру жөніндегі жұмысты келесі жылы аяқтаймыз деген сенімдемін. Біз­дің елдеріміздің инновациялық индус­трия­ландыруы үшін бізге бір-біріміздің ал­дымыздан өзіміздің ішкі рынокта­рымызды ашу керек. Мұндай коопера­ция барлық мемлекеттерге пайдалы.

Аталған барлық жобалар құр сөз емес. Мен сіздерге ешқашан бос сөз айт­қан емеспін. Барлық жобалардың есеп-қисабы жасалған, қаржымен қамтамасыз етілген. Осы ірі жобалардың айналасын­да сол құрылыстарға жағдай жасайтын мыңдаған бизнес-құрылымдар құрылады. Мен бізге қажетті әрі біз жүзеге асыра ала­тын нақты нысандарды айтып тұр­мын. Бұл үшін сенімді сөрелік жағдайлар бар.

Алайда, Үкімет екі айлық мерзім ішін­де біздің барлық көптеген бағдарламала­ры­мызды талдаудан өткізіп, тек басым­дыққа иелерін ғана қалдыруға тиіс. Бұл арада инновацияның басқа да бағыттары пайда болуы мүмкін.

Алдыңғы қатарлы технологияларды тартатын, инновациялар мен адам капи­талына инвестиция салатын ең тиімді компанияларға мемлекет сатып алуға ұзақ мерзімді кепілдік беруге дейін бұрын-соңды болып көрмеген қолдау көрсетуі керек.

Жоспарларымыз күнбе-күн жүзеге асып отыруы үшін біз олардың орын­да­луы­на мониторингті қамтамасыз етуге тиіс­піз. «Нұр Отан» партиясы бұл жұ­мыс­ты өз бақылауына алуы тиіс.

Үкімет әкімдермен бірлесе отырып, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Индустрияландырылу картасын әзірлеуі қажет.

Оған өңірлердің ресурстық арқауы мен инфрақұрылымды дамытуды өзектестіре отырып, өндіргіш қуаттарды ұтымды орналастырудың схемасын қосқан жөн болады.

Әртараптандыру үдерісінің негізгі үйлестірушісі ретінде Индустрия және сауда министрлігін нығайту керек.

Ендігі жерде әртараптандыру жөнін­дегі жұмыстың тиімділігі үшін бүкіл жауапкершілікті Үкіметке және Пре­мьер-Министрдің тікелей өзіне жүктей­мін, олар менің алдымда әр жарты жыл сайын есеп беріп тұратын болады.

Президент Әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясы, министрлер мен әкімдер қой­ыл­ған барлық міндеттердің орын­далуын бақылауға алуы, түсіндіру жұмысын жүр­гізуі тиіс. Ол жұмысты индустриялан­дыру­дың мақсаты барлық қазақстан­дық­тарға түсінікті болатын­дай, қазіргі кезеңде дамудың жалпы­халықтық идея­сы­на айналатындай етіп жүргізу керек.

Біздің дағдарыстан кейінгі қатал бәсекеге шыдас бере алатындығымыз, өзіміздің экономикалық және саяси тәуелсіздігімізді сақтай алатынымыз осыған байланысты.

Мен сондай-ақ Ұлттық Банкке, Қар­жылық қадағалау жөніндегі агенттікке және Үкіметке ұлттық қаржы архите­к­турасының жаңа тұжырымдамасын жасау және мен белгілеген бүкіл мін­деттер ке­ше­нін шешу үшін ішкі ре­сурстарды тарту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Бүкіл басқару органдарының жұмысы қойылған мақсаттарды орындауға бағын­дырылатын болуы тиіс. Бұл үшін бізге:

­- мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, орталықта және жергілікті орындарда кадр саясатын қайта қарау керек. Жаңа экономика үшін кадрлар даярлау – біздің аса маңызды міндетіміз;

– парақорлықпен және қылмыспен бітіспес күресті жалғастыру керек;

– тиімді кадрлар резервін құру керек.

4. Партия беделін арттыру жөніндегі міндеттер

«Нұр Отан» ХДП-ның рөлі мен беделін арттыру мақсатында мен орталықтағы да, сондай-ақ жергілікті жердегі де партия органдарының жұмысын жүйелі қайта құруды жүзеге асыруды ұсынамын.

Бірінші. Партияның 2020 жылға дейін есептелген жаңа бағдарламасын әзірлеу керек.

Мұның өзі Қазақстанның жоғарыда айтылған елді индустрияландыру мақсат­тары негізінде дағдарыстан кейінгі жа­ңаруы жөніндегі жұмыстың негізгі сұл­баларын айқындайтын жүйелі, мақсатты құжат болуға тиіс.

Ол барлық деңгейдегі орындаушылық биліктің бағдарламалық құжаттарын әзірлеудің негізіне айналуы керек.

Партия бүкіл елдің интеллектуалдық күш­терін біріктіруге тиіс. Партия аппара­ты Президентке, Үкіметке, Парламентке идеяларды пісіріп-жетілдіретін «ақыл-ой орталығына» айналуы қажет.

Партияда Инновациялық идеялар жөнінде комитет құрып, оған креативтік ойлай білетін жаңа адамдарды тарту керек.

Екінші. Партияның басшы кадрларын күшейту, ішкі партиялық кадрлық жұмысты жолға қою маңызды.

«Нұр Отанда» барлық деңгейдегі пар­тия қызметкерлерін жұмысқа қабылдау­дың нақпа-нақ өлшемдері болуға тиіс. Партияға кімдерді қабылдап жатқаны­мыз­ды ықтияттап талдау керек. Сан қуу­дың қажеті жоқ.

Партия кадрларының бойында көш­бас­шылық қасиеттер мен кәсібилікті ұдайы арттыру үшін партиялық-саяси оқу желісін күшейту маңызды.

Ішкіпартиялық тәртіпті анағұрлым арттыру, Партиялық бақылау комитетінің жұмысын күшейту қажет.

Партия Жарғысының, Парламент Мә­жілісі мен мәслихаттардағы фракция­лар туралы ереженің қатаң сақталуына қол жеткізу керек.

Үшінші. Партияның ұйымдық-саяси жұмысын белсендірек ету қажет.

Үкімет пен әкімдер шешімдер қабыл­дарда партия басшылығымен тұрақты ақыл-кеңес құрып тұрғаны жөн.

«Нұр Отан» ХДП жұртшылықтың түйткілді мәселелеріне үнқатудың тиімді жүйесін құрғаны жөн.

Бірінші тоқсанда ғана партия орта­лық аппаратының қоғамдық қабыл­дауы­на 1530 хат келіп түсті. Бұл адамдар пар­тияға сенеді дегенді білдіреді. Сондықтан адамдарға белсене көмектесуді жал­ғастыру керек.

Бүгінде партия парақорлықпен және сыбайлас жемқорлықпен күресте Үкі­мет­ке белсенді де іскерлік тұрғыда көмек­тесіп келеді. Осы жұмыстың арқасында 900-ге жуық шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері аз емес. Мәселен, Қор­ша­ған ортаны қорғау министрлігінде бүкіл бұрынғы басшылық заңдарды бұзуға араласқан болып шықты. «ҚазМұнай­Газ» бен темір жолдың бұрынғы жетек­шілері түрлі мерзімдерге сотталды.

Бізге бұл жұмысты жалғастырып, сыбайлас жемқорлармен табанды түрде күресетінімізді баршаның түсінуіне жету керек. Тәртіп бұзатындар – 1 пайыздан аз, қалған 99 пайызы – адал адам­дар. Нақ осылар сыбайлас жемқорлықты жеңуге тиіс.

Әлеуметтік шиеленістерді қарау және тарқату жөнінде Қоғамдық кеңестер құрылуы керек. Ұжымдарға батыл түрде бару керек. Қоғамдағы тұрақтылыққа қатер төндіретін жәйттерге үн қату қажет. Елге залалын тигізетін үндеулерге тойтарыс беруге әзір болайық.

«Нұр Отанның» партиялық мақсат­тарын қолдайтын қоғамдық бірлестіктер желісін құру жөнінде ұдайы жұмыс жүр­гізу қажет.

Партия қызметінің түйінді бағыт­тары­ның бірі Қазақстан қоғамын ұзақ мерзімді кезеңге топтастыру болып та­была­ды.

Бұл үшін «Нұр Отан» партиясының Қа­зақстанның саяси жүйесінде ұзақ мер­зімді перспективада басымдыққа ие болуы­на қажетті жағдайларды жасау керек.

Төртінші. «Нұр Отан» партиясы қоғамда құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың көш басында болуға тиіс.

Дағдарыс ашып көрсеткен ішкі проб­лемалардың үлкен бір бөлігі қоғамның рухани ахуалымен байланысты.

Арзан несие түрінде қолға түсе қала­тын жеңіл ақша ысырапқорлықтың өршуіне әкеліп соқтырды.

Аста-төк молшылыққа және виллалар салып, қымбатқа түсетін мерейтойлар, үйлену тойларын өткізіп «жарысуға», тағы басқаларға қыруар ақша оңды-солды шашылатын болды. Қазір оларға халықпен бірге екенін көрсету керек. Олардың қайырымдылық қорлары мен жаңа жұмыс орындарын құрғаны қажет.

Қоғамда еңбекқорлық, кәсіби тұрғы­дан өсуге және парасаттылық тұрғысынан жетілу сияқты құндылықтардың қадірі кете бастады. Мейірімділік, көмек қолын созу дәстүрлері ұмыт болуға айналды.

«Нұр Отанның» идеологиялық жұмысы қоғамда рухани-парасаттылық құндылықтардың жаңа жүйесін орнық­тыруға бағытталуға тиіс.

Жастар арасында этносаралық келісім мен отаншылдық құндылықтарын әспет­теу, экстремизм мен ұлтшылдыққа, заң­дар­ды бұзу мен қылмысқа төзгісіздік сезі­мін табанды түрде қалыптастыру қажет.

Мұның бәрі партияның «Жас Отан» жастар қанатының бірінші кезектегі міндеттері.

2010 жыл – бұл біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жылымыз. Бұл Қазақстан үшін жоғары құрмет және жауапкер­шілік. Біз өзімізге көрсетілген сенім үшін ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге алғыс білдіреміз. Біздің міндетіміз – осы миссияны лайықты атқару. «Нұр Отан» партиясы да «Еуропаға жол» бағдар­ла­масын орындауға қосылуы тиіс.

Біз үшін екі жылдан кейін аталатын айрықша дата – Қазақстан Тәуелсіздігі­нің 20 жылдық мерейтойы аса ауқымды идеологиялық мәнге ие.

Бұл мерейтойға біз тыңғылықты дайындалуымыз керек.

Мерейтойды мерекелеу қазақстандық мемлекеттілік пен отаншылдықты ны­ғайтуға септесуге тиіс.

Бұл датаны экономикада, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте жаңа жетістіктермен қарсы алу жөн.

Мерейтойға дайындық аясында адамдарға аяғынан нық тұру сезімін, Отанымыздың лайықты болашағына сенімділікті сіңіре білу шарт.

Инновациялық даму, тұрмыс деңгейін жақсарту, қоғамдағы тұрақтылық – міне, партияның үш тұғырлы міндеті мен басты ұраны осы.

Құрметті делегаттар!

Қадірлі қауым!

Халқымыз бізден қоғамды жаңартып, рухани серпіліс беретін батыл шешімдер күтіп отыр.

Партия ел-жұрттың артқан сенімін де, үмітін де ақтауға міндетті.

Келбеті кемел, халқы дәулетті, эконо­микасы өскелең, ел-жұрты тату-тәтті, қоғамы орнықты мемлекет – міне, еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі көрсеткіші осы болмақ.

Бүгінде «бәрі жаман» дегенге сене қоя­тын ешкім жоқ. Қарапайым халық өзі­нің мұң-мұқтажына құлақ түретін, іс­пен жауап беретін партияға, яғни «Нұр Отанға» ғана сеніп отыр.

Ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолын­дағы жасампаз істердің барлығының басында «Нұр Отан» жүруі керек.

«Нұр Отан» өзінің алдына қойған бұл мақсатына жетеріне толық сенеміз.

Ол үшін партия – заман талабына сай жаңашыл болуы тиіс. Саяси бәсекеде өмірді жақсартуға барынша қабілетті болуы керек. Көпшілік қолдайтындай ел сеніміне лайық бола білуі міндет.

«Нұр Отанды» мен осындай партия деп білемін.

Біз алдағы уақытта да ойға алған бар­лық шаруаны бірлесіп жүзеге асыратын боламыз. Сөйтіп, Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырамыз.

Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар екенін мен айттым. Ендеше, асқақ мақсат жолында бәріміз бір кісідей жұмылып, нақты іске кірісейік, ағайын.

Баршамыздың туған Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!

Байтақ еліміздің мәртебесі биіктеп, әрдайым мерейі үстем бола берсін!

«Егемен Қазақстан» газеті, 16 мамыр 2009 жыл.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button