Басты жаңалықтарСпорт

Қазақ боксының мерейі

Бәрекелді!

4-14 қыркүйек аралығында World Boxing ұйымы аясында бокстан алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Чемпионат қорытындысында жалпыкомандалық есепте Қазақстан 7 алтын жүлдемен көш бастады.
Бокстан әлем чемпионаты ерлер арасында — 10, әйелдер арасында да — 10, барлығы 20 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Бұл тарихи жарыс Ұлыбританияның Ливерпул қаласында өтті. Жалпы, барлығы 68 елден 540 боксшы қатысты.
Қазақстан жарысқа ерлер мен әйелдер құрамаларын толық құрамда апарды. Ал шешуші кезең, яғни жартылай финалға оның жартысы ғана жетті. Жартылай финалда жеңілген Елдана Тәліпова (+80 кг) мен Виктория Графеева (60 кг) қола медаль иеленді. Өзге 8 боксшымыз алтын медаль сарапқа салынатын ақтық сынға жолдама алды.
Финалдық жекпе-жектер 14 қыркүйекте өтті. Күндізгі бағдарлама барысында қазақстандық боксшылар үш салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алдымен үш мәрте әлем чемпионы Назым Қызайбай (48 кг) рингке шықты. Ол күміс жүлдегер атанды. Бұдан кейін Санжар Тәшкенбай (50 кг) мен Махмұд Сабырхан өз жекпе-жектерін сәтті өткізіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Кешкі сессияда қазақтың бес боксшысы өнер көрсетіп, бесеуі де жеңімпаз атанды. 19 жастағы талантты боксшы Төрехан Сабырхан (70 кг) 2021 жылғы әлем чемпионы, кейіннен Азия ойындарындарында да жеңімпаз болған жапон боксшысы Сэвон Окадзаваны оңай ұтты. Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг) және Наталья Богдановалар (70 кг) да өз қарсыластарынан басым түсті.
Ал аса ауыр салмақта Айбек Оралбай өзбекстандық Жаһангир Закировпен осы чемпионаттың ең соңғы алтын жүлдесін сарапқа салды. Бұл жекпе-жекте екі боксшы да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Айбек соңғы раундтағы басымдықпен жеңісті жұлып алды.
Қорытындысында, қазақстандық боксшылар World Boxing аясында өткен І әлем чемпионатын 7 алтын, 1 күміс және 2 қола, барлығы 10 жүлдемен аяқтады. Бұл — әлем біріншілігіне қатысқан елдер арасындағы ең үздік нәтиже.
Мемлекет басшысы боксшыларымызды осы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын», — деп жазды.
Айта кетсек, жалпыкомандалық есепте екінші орынға Өзбекстан орналасты. Ал үздік үштікті Үндістан түйіндеді. Жалпы, жарыста барлығы 30 елдің боксшысы жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ әлем чемпионы атағына қол жеткізген Махмұд пен Төрехан Сабырхандар — ағалы-інілі. Бір отбасы балаларының бір күнде чемпион атануы да — әлемдік бокс тарихындағы ерекше жағдай.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button