«Aqtobe camp-2025»: «құқықбұзушылықтан — құқық қорғауға»

Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен 60 жасөспірімге арналған ауқымды тәрбиелік жоба — «Aqtobe camp-2025» облыстық лагері ұйымдастырылды.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған жобаның мақсаты — жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жасөспірімдер арасында дұрыс ортаны қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу.
— Үш күндік лагерьдің қатысушылары Мәртөк, Қарғалы аудандарына барып, танымдық экскурсияларға шығып, пайдалы ақпаратпен сусындады. Алғашқы күні Мәртөк ауданында өтті. Мектептер мен колледждерде білім алып жатқан 60 жас әуелі Жайсаң кеден бекетіне барды. Өлкенің туристік әлеуетімен танысып, психологиялық тренингтер мен спорттық тимбилдингтерге қатысты. Қатысушыларға жергілікті тауар өндіруші — «Айс» компаниясының балмұздақтары таратылды.Ал Қарғалы ауданында бұл топ форель шаруашылығының жұмысын көріп, табиғат аясында шығармашылықпен айналысты, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Жобаның үшінші күні Ақтөбе қаласындағы «Солнечный» демалыс базасында жалғасты. Бұл қатысушылардың алған әсерлерін қорытындылап, достық пен сенімді ортада уақыт өткізуіне бағытталған күн болды.
Әуелі жастар облыстық прокуратура және ішкі істер органдарының өкілдерімен кездесті. «Құқықбұзушылықтан — құқық қорғауға» тақырыбында өткен кездесуде
Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Темірлан Сапақов еліміздегі қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, енді сталкинг үшін, яғни қыз-келіншектің немесе ер адамның қыр соңынан қалмағандар мен неке рәсімдеуге мәжбүрлегендер қылмыстық жауапқа тартылатынын жеткізді.
Полиция департаменті ЖПҚБ ЮПТ аға инспекторы Манарбек Қойшыбаев, Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Нұргүл Жолдыбаевалар кибербуллинг, дропперлік туралы айта келіп, құқықтық мәдениеттің маңызы, қылмыстық жауапкершілік туралы дәріс оқыды.
Сондай-ақ арнайы жасақ (СОБР) жауынгерлерінің жаттығуы көрсетілді.
Лагерьдің жабылу салтанатында Ақтөбе полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әсет Қалиев,Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ләйлә Ақдәулет, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйледі.
Күні бойы жастар караокемен, гитарамен ән айтып, өнерін көрсетіп, спорттық жарыстарға қатысып, бір-бірімен еркін араласып, достық байланыстар орнатты. Кездесу соңында қатысушы жасөспірімдерге естелік сыйлықтар табысталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.







