Билік

Әлеуметтік қолдау жасала береді

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Жол картасы» аясындағы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жолында кезекті мәжіліс өткізді. Мәжілістің мақсаты – кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының арасында мақсатты топтарға кіретін адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасын ұйымдастыру туралы ақпараттық түсінік беру.

Сәния Мұсақызының айтуынша, «Жол картасы» аясында 1888 әлеуметтік жұмыс орны ашылып, жастарға 1200 орын қарастырылмақшы. Әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталғандардың еңбекақысы орта есеппен 30 мың теңге құрайтын болады. Оның жартысы жергілікті бюджеттен, екінші жартысы жұмыс берушінің есебінен өтеледі. Жастар практикасына бағытталғандардың еңбекақысы 15 мың теңгенің шамасында болмақ. Жұмыс уақыты 6 айға жоспарланған. «Жол картасы» бойынша 33 мамандықтан сұраныс бар екен. Сондықтан мейлінше жастарды өз мамандықтары бойынша жұмысқа тарту алдыңғы кезекке қойылып отыр.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нәйлә Бөртебаева жұмыссыздық бойынша 1160 адамның тіркеуде тұрғанын атап өтті. Қазіргі кезде 618 адам қоғамдық жұмыстарға, 111 адам жастар практикасына тартылған. Жыл басынан бері 1868 жұмыс орны ашылып, 1289 тұрғын жұмысқа алынған.

Сонымен, мақсатты топқа кімдер кіреді? Олар – аз қамтылған отбасы мүшелері, 21 жасқа дейінгі жастар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, 23 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалғандар, кәмелет жасына жетпеген балаларды тәрбиелеуші жалғыз басты, көп балалы аналар, Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген үнемі күтімге, бақылауға, көмекке мұқтаж тұлғалары бар азаматтар, бас бостандығынан айыру жерінен немесе мәжбүрлеп емдеу орындарынан келгендер, штат санының қысқаруына байланысты босатылған оралмандар, оқу орындарын бітірушілер.

Қалалық әкімдік осындай санаттағы азаматтарды қолдау үшін нақты жоспарлар қабылдап, тиісті бөлімдерге тапсырмалар берді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button