Жастар нашақорлыққа қарсы

«Нашақорлыққа жол жоқ!». Осылай деп ұрандатқан ақтөбелік ерікті жастар Теміржол вокзалы аумағындағы бульварда жиналып, арнайы «НаркоStop!» акциясын өткізді. Шараға қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап, замандастарын нашақорлықпен күресуге шақырды.
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылған акцияның өтуіне облыстық жастар ресурстық орталығы, Ақтөбе қалалық полиция басқармасы және қалалық прокуратура өкілдері мұрындық болды.
Шара барысында белсенді жастар қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларында жазылған есірткіге қатысты граффити жазбаларды өшірді. Сондай-ақ тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратты.
— Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде есірткіні жарнамалайтын дүкендердің сілтемелері кездесіп жатады. Осындай жарнамаларды жою, нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында есірткінің таралуына қарсы белсенді ұстанымды қалыптастыру мақсатында бүгінгі акцияны қолға алып отырмыз. Ерікті жастардың көмегімен есірткіге қатысты жазуларды өшіріп, оның орнына салауатты өмір салтын насихаттайтын сөздерді жарнамалап жатырмыз. Мұндай жазулар қаланың ескі бөлігінде әсіресе Теміржол вокзалы, Орталық базар аумақтарында және Құрмыш ауданында жиі кездеседі.
Есірткі сату да, сатып алып, тұтыну да ешқашан жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан бұл кеселден жастарымыз аулақ болғаны жөн, — дейді Ақтөбе қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры Серік Меңдібай.
Сондай-ақ акция барысында облыстық жастар ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дана Санатқызы
ғасыр індетіне айналған дерттің зияны туралы жастар арасында кеңінен насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ай сайын түрлі спорттық акциялар ұйымдастырылып тұратынын атап өтті.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



