Есірткіге қарсы күрес тоқтамайды

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында нашақорлыққа қарсы айлықтың және «Қарасора —2025» жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесі бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Мұрат Сейталин нашақорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
— Облыстық полиция департаментінің негізгі басым бағыттарының бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес есірткі қылмысының алдын алу бойынша тиімді шаралар қабылдау. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес — қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.Полиция департаменті есірткі заттарын заңсыз тарату, синтетикалық есірткінің интернет-ресурстар арқылы байланыссыз жолмен таралуын анықтауға ерекше назар аударады.
2025 жылдың 6 айында облыс аумағында есірткіге қатысты 164құқықбұзушылық анықталды. Тәркіленген есірткінің салмағы —141 келі 719 грамм.Биыл 1 маусымда республика аумағында «Қарасора — 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған іс-шара қазан айына дейін жалғасады. Қазіргі таңда құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, жоспар бойынша негізгі күш-жігерді облыс аумағында есірткі құралдарының түсу арналарын жоюға, олардың ірі партияларын анықтауға жұмсап жатырмыз,— деді Мұрат Сейталин.
Сондай-ақ Самара-Шымкент және Ақтөбе-Астрахань тасжолында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатында мобильдік топтар құрылған. Мәселен, маусым айында 32 құқықбұзушылық анықталған. Яғни есірткі заттарын заңсыз тарату, аса ірі мөлшерде сақтау, жарнамалау секілді деректер тіркелген.
К.ҚОПАЕВА.



