Заң мен тәртіп

Заң мен тәртіп

Қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігі ең алдымен заң мен тәртіптің мызғымас болуына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан сөзі – осы бағыттағы нақты бағдар

Президент атап өткендей, заң — қысым жасау құралы емес, ол – әр азаматтың құқығы мен бостандығының сенімді қорғаны. Қоғамда әділеттілік орнауы үшін заң үстемдігі барлық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте тек мемлекеттік аппарат емес, бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істегенде ғана біз көздеген биік мақсаттарға жете аламыз.

Тәртіпке бағыну — мәжбүрлік емес, саналы таңдау болуға тиіс. Әрбір азаматтың бойына құқықтық мәдениетті сіңіріп, заңды сыйлауды бала кезден үйрету – болашаққа салынған инвестиция. Президент айтқандай, мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақ «Адал азамат» болып қалыптасуы қажет. Бұл – ата-аналар мен мұғалімдердің ортақ міндеті.

Қазіргі таңда елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы жүріп жатыр. Бұл бастама тек қоқыс жинау емес, ой тазалығы, сана тазалығы туралы үндеу. Себебі қоғамдық тәртіп пен заңға деген құрмет – айналадағы тазалықтан басталады.

Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» апталығы – қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды шара. Бірақ бұл апталықпен шектеліп қалмауы тиіс. Бұл – қоғамдағы әр адамның құқыққа және тәртіпке деген көзқарасын қайта қарауға, жаңаша қалыптастыруға арналған үлкен мүмкіндік.

Қорытындылай келе, құқық бұзушылықпен күресте ең алдымен алдын алу шаралары маңызды. Осы мақсатта қабылданатын жаңа заңдар мен құрылымдық өзгерістер – азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі тұрақты етуге бағытталған нақты қадам. Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп орныққан елде ғана әділетті қоғам құрылады.

Үмбетхан Сәрсенбин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедра меңгерушісі

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button