Экономика

Облыстың экономикалық әлеуеті қандай?

Жиын

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестиция тарту мәселелері қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде экономикалық көрсеткіштердің 103,9 пайыз деңгейінде өсуі тіркелген. Өсім өнеркәсіпте — 102,6%, негізгі капиталға салынған инвестицияда — 134,7%, ауыл шаруашылығында — 102,3%, құрылыста — 114,9%, тұрғын үйді пайдалануға беруде — 106,2%, көлік және қойма саласында — 111,3%, сауда саласында 101,3 пайызды көрсетіп отыр.

Жиында Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Ол қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, сапалы өсімді қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етті. Ол үшін туындайтын сын-қатерлерге дер кезінде жауап беріп, туындаған мәселелерді нақты білу маңызды екенін айтты.

Облыс әкімі әрбір басқарма мен аудан әкімдіктері өз жауапкершілігін нақты түсініп, нәтижеге жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Сонда ғана өңіріміз тұрақты дамып, халықтың өмір сүру сапасы артады.

Индикаторларды қайта қарау қажет. Шынайы жағдайды көрсететін нақты көрсеткіштерге мән берген жөн. Барлық басқарма өз алдына жеке емес, бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуге тиіс. Сонда ғана біз жүйелі әрі тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз. Облыстың әлеуеті жоғары, оны толық пайдаланайық. Инвестиция тарту жұмыстары формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталсын. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлік басқармасы бір команда болып жұмыс істеуі керек. Әрбір жобаға жеке көзқарас қалыптастырып, барлық кезеңде сүйемелдеу аса қажет, — деп түйіндеді облыс әкімі.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button