Заң мен тәртіп

ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК

Ақтөбе қаласы сыртындағы «Campit» жазғы сауықтыру лагерінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Кездесу барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік, жеке қауіпсіздік, достық пен өзара сыйластық тақырыптары кеңінен қамтылды. Сонымен қатар балалардың сұрақтарына мамандар нақты әрі түсінікті жауап беріп, өмірлік пайдалы кеңестерімен бөлісті.
Облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Алмас Жұмабаев жазғы демалыс кезіндегі басты міндеттердің бірі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың және жазатайым оқиғалардың алдын алу екендігін айтты.
— Өкінішке қарай, жаз мезгілінде балалар арасында жарақат алу, биіктіктен құлау, судағы апаттар сынды жағдайлар жиі кездеседі. Бүгінде облыста балалардың қауіпсіздігі бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлының айтуынша, «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында облыста 442 шара өткізіліп, 10 мыңға жуық жас қамтылған. Сондай-ақ «Адал ұрпақ — Жастарға кеңес» жобасы бойынша 153 кездесу ұйымдастырылған. Жастар көп жүретін ойын-сауық алаңдарында түнгі рейд жұмыстарын жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар шарада балалардың терезеден құлап кету жағдайлары айтылды. Осыған қатысты биыл облыста 7 оқиға тіркелген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін еске салып, бұл өзекті мәселеге немқұрайды қарамауға шақырды.
Шараға сауықтыру лагерінде тынығып жатқан 100-ге жуық бала қатысты. Олар белсенділік танытып, өз ойларымен, пікірлерімен бөлісті.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қала сыртындағы өзге де лагерьлерде өткізіліп жатыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button