Заң мен тәртіп

Заң мен тәртіп — қоғам тұрақтылығының негізі

Ақтөбеге сапарында Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыстық полиция департаментінің офицерлік құрамымен кездесті.

Полиция департаментінің мәжіліс залында өткен жиынға өңірдің офицерлік құрамы, күштік құрылымдар мен облыстық прокуратура өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жиынның мақсатын түсіндіріп, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың келу себебі — Ұлттық құрылтайда жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын талқылау екенін айтты.
Алғашқы сөз кезегін алған Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев өңірдегі құқықтық тәрбие және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сөз қозғаса, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатының өңірде жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

— Президент жүктеген тапсырмаларды орындау мақсатында департамент тарапынан нақты шаралары қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы жастар, әсіресе спортшылар арасында жат діни ағымдардың таралу қаупіне ерекше тоқталды. Осыған байланысты спорт мектептері мен секциялардағы жаттықтырушылар және оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс мектептерінде жыл басынан бері 600-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Діни радикализмнің спорттық ортада алдын алу үшін дінтанушылар мен психологтардың қатысуымен арнайы мониторинг топтары құрылды. Олар күмәнді үгіт-насихат әрекеттерін анықтауға көмектеседі. Интернет кеңістігінде бақылау күшейтіліп, жат ағымдарды насихаттайтын 980 парақша бұғатталды, — деді А.Жүсіпов.
Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президенттің Ұлттық құрылтайда жасаған баяндамасы — мемлекеттік маңызы зор құжат екенін, заң мен тәртіп Қазақстанның мемлекеттілігінің өзегі екенін тілге тиек етті.
— Бүгінгі міндет ұлттық құндылықтарды ұлықтап, мемлекетке қызмет ету. Ол үшін ұлттық идеологияны дамытуымыз керек. Ұлттық идеологияның бастауы, ең бірінші кезекте — ұлттық әдебиет. Президент жұмыс күнін газет оқудан бастайды. Біз ақпараттық технологияларды белсенді қолданғанымызбен, Президентіміз газет пен журнал оқуға ерекше мән береді. Себебі газет — сапалы әрі сауатты дайындалған ақпарат көзі. Президент газет оқуды, ақпаратпен танысуды міндетті деп есептейді. Біз де Президентімізге қарап, бой түзеуіміз керек. Егер Президентіміз газет оқып, кітапқа мән берсе, біз де осыларға басымдық беруіміз қажет, — деген кеңесші облыстың өнеркәсіп, өндіріс, денсаулық, білім беру, т.б. салаларында атқарылып жатқан істерге тоқталып, бұл көрсеткіштердің Президенттің тапсырмаларының уақтылы және жүйелі орындалуының көрсеткіші екенін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button