Жаңа жоба және мүмкіндіктер

Инвестиция
«Қазметалл Групп» компаниясы директорының орынбасары Ержан Смағұлов облыс аумағында никель-кобальт кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі стратегиялық инвестициялық жобаны ілгерілету жөнінде мәлімдеді.
Қытайлық «Jinchuan Group Co. Ltd» компаниясы өкілдерінің аймаққа сапары аясында жобаны іске асыру жоспарланған кен орнын таныстыру ұйымдастырылды. ҚХР-дан келген қонақтар өнеркәсіптік алаңға барып, инфрақұрылым, техникалық мүмкіндіктер және кен орнын игеру перспективаларымен жіті танысты.
Сапар қорытындысы бойынша Қытай тарапы жобаны жоғары бағалап, бірлесіп іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін «Jinchuan Group» компаниясының өкілдері облыс делегациясымен Қытайға жасаған ресми сапары аясында кездескен еді. Сол кезде бірлесіп кен орнын игеру мүмкіндіктері мен ынтымақтастық перспективалары алғаш рет талқыланды. Бұл келіссөздер тараптардың одан әрі өзара іс-қимылының негізіне айналды. Қазіргі уақытта тараптар құжаттарды дайындау сатысында және жақын арада ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Ақтөбеге сапар аясында «Jinchuan Group» компаниясы өкілдері облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесу өткізді. Келіссөз барысында ынтымақтастықтың перспективалары, өңірдің инвестициялық климаты және стратегиялық өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
— Біз келісімге қол қою сатысындамыз. Бұған дейін «Jinchuan Group» компаниясы өкілдерімен ынтымақтастықтың алғашқы қадамдары талқыланды, енді нақты іс-қимылдарға көшеміз,— деді Ержан Смағұлов.
Оның айтуынша, жоба айтарлықтай инвестициялық әлеуетке ие әрі өңірдің тау-кен өндіру және қайта өңдеу саласын дамытуға серпін береді. Жоба сәтті жүзеге асырылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірістік қуаттылық кеңейеді, сондай-ақ облыстың экспорттық әлеуеті артады.
Д.АЙДАР.