Жол-көлік оқиғасы: кім жауапты?

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі Нұрлан Бижановпен сұхбат
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары — әділдік және қауіпсіздік» деп атап көрсетті. Осы бағыттағы міндеттер қалай жүзеге асырылуда?
— Қоғамдағы заң мен тәртіп — бұл адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағидалар.
Заңның басты мақсаты — қоғамдық қатынастарды реттеу, адамның құқықтарын қорғау және әділеттілікті орнату.
Тәртіп – бұл заңның орындалуын қамтамасыз ететін жүйе. Қоғамдық тәртіптің сақталуы адамдардың жауапкершілігін арттырады, оларды құқық бұзушылықтан сақтайды.
Прокуратура органдары заңның орындалуын қадағалайды, құқық бұзушыларды анықтап, оларға заң алдында жауаптылықты жүктейді.
Әр адам өзінің құқықтары мен міндеттерін біліп, заң мен тәртіпті сақтау арқылы елінің дамуына, қоғамдағы тұрақтылыққа өз үлесін қосады.
Мәселен, жол-көлік жүргізушілері жол мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына мән беріп, оның жауаптылығын түсіну керек. Себебі, адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген жол көлік оқиғаларының саны жыл сайын өсіп барады.
— Жол-көлік оқиғаларын есепке алу қалай жүргізіледі?
— Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық департаменттерінде адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғаларын есепке алу заңнамалық тәртіппен жүргізіледі. Есептегі мәліметтердің дұрыс және толық болуы қамтамасыз етіледі.
Жолдардағы апаттың себептерін зерделеу, сондай-ақ жол қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға бағытталған шаралар, талдаулар, ақпараттар әзірленіп, мүдделі органдарға хабарланады.
— Жол-көлік оқиғаларының мәліметтеріне тоқталып өтсеңіз?
— Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы облыс бойынша адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген 1 766 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан 166 адам қайтыс болса, 2 418 адам жарақат алды.
Көлік пен жаяу жүргіншілердің соқтығысуы салдарынан жарақаттану фактілеріне жол берілді. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің қатарында жасы кәмелетке толмағандар да бар.
Адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғаларының 98 пайызында көлік жүргізушілердің тарапынан жол беріледі, олардың ішінде алкоголь ішкен немесе есірткі қабылдаған жүргізушілер де бар, олардың саны 12-ден 55-ке дейін өскен.
Адамдар зардап шеккен жол-көлік оқиғалары елді мекендерде (1483), халықаралық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында (223), облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда (60) көптеп орын алады.
Жол-көлік оқиғасы салдарының орын алуының негізгі факторларына көлік жүргізушілер тарапынан жаяу жүргіншілерге немесе басқа қатысушыларға жол бермеу, жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу, жол белгілерінің талаптарын орындамау, басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзу, көше қиылыстарынан өту немесе жолды кесіп өту ережелерін сақтамау, көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу, қарсы бағытқа өту немесе басып озу жатады.
Осы жылдың үш айында адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген 352 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 521 адам әртүрлі жарақат алып, 20-сы қайтыс болды.
— Адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қандай шаралар атқарылады?
— Бас прокуратура тарапынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл — өзекті мәселе.
Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысы хаттамасының шешіміне сәйкес көлік оқиғаларының себептерін зерделеу, сондай-ақ жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған шаралар мен ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты жұмыс істейтін, аймағымыздың жолдарындағы апаттың себептерін зерделеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Ақтөбе облысы бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы ай сайын кездесулер өткізіп, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті іс-шараларды бекітеді, олардың орындалуын қадағалап, бақылайды.
Ведомствоаралық жұмыс тобының жиналысында талқыланған өзекті мәселелер мен ұсыныстар қолдау тауып, шешіледі.
— Адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қандай кеңес беруге болады?
— Заң мен тәртіп қағидасына сәйкес көлік жүргізушілер, жолаушылар, ата-аналар мен балалар жол қозғалысы ережелерін сақтауы қажет.
Кез келген азамат жол жүрісі қауіпсіздігін, оның ішінде жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтау арқылы адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алады.
— Статистикалық мәліметтерді, оның ішінде жол-көлік оқиғалары туралы ақпараттарды қандай ақпараттық сайттардан алуға болады?
— Барлық статистикалық мәліметтер, оның ішінде жол-көлік оқиғалары және қызметтер туралы толық ақпаратты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің qamqor.gov.kz сайтынан көруге болады.
Нұрлыбек ДАНАБЕКОВ.



