Заң мен тәртіп

Азаматтардың құқығы қорғалды

Адам құқығы

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың

2024 жылы атқарған қызметі туралы баяндамасында аталған саладағы негізгі проблемалар, келіп түскен өтініштер мен қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілген. Сондай-ақ елдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жағдайын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған ұсынымдар қамтылған.

Баяндамадағы дерекке сәйкес 2024 жылы уәкілге 6748 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артық. Ең көп көтерілген мәселелердің қатарында сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдар, сотталғандардың құқықтарының бұзылуы және сот актілеріне келіспеушілік бар.

Өтініштерді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 5-еуі әкімшілік жазаға тартылды. Төрт жағдайда қылмыстық іс қозғалды.

Құжатта денсаулық сақтау саласында азаматтардың құқығы бұзылуына қатысты шағымдардың 2,5 есе өскені атап өтілген. Азаматтар медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медицина қызметкерлерінің салғырттығына, емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға шағымданған.

Сондай-ақ азаптауға және басқа да қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын және адамның қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттерге қатысты шағымдардың саны 30 пайызға азайғаны көрсетілген. Бұл мәліметтер прокуратура органдарының ресми статистикасымен де сәйкес келеді. Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар АҚШ, Еуропа кеңесі, Еуропалық ода қжәне БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардың оң бағасына ие болды.

Баяндаманың жеке тарауы қоғамның осал топтарының құқықтарына арналды. Балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар саны — 2,5 есеге, әйелдерге қатысты шағымдар екі есеге жуық өскені байқалады.

Білім беру саласына қатысты өтініштер де 2,5 еседен артқан. Уәкілге жүгінушілер буллинг фактілері, қорғаншылық органдарымен туындаған дау, сондай-ақ көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды мамандандырылған білім беру мекемелеріне қабылдау квоталарын қайта қарау туралы мәселелерді көтерген.

Баяндамада Омбудсменнің араласуы арқылы азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген нақты мысалдар бар. Атап айтқанда, заңсыз салынған айыппұлдардың күшін жою, қылмыстық тергеулердің басталуы, тергеу әрекеттерінің жандандырылуы, мүгедектігі бар азаматтарға тиесілі төлемдердің қайта тағайындалуы сияқты нақты нәтижелер көрсетілген.

Құжатта алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген. 2024 жылы уәкіл мен оның өкілдері жабық мекемелерге 800-ге жуық мониторингтік бару жүргізді. Олардың шеңберінде бас бостандығынан айырылған адамдардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы және жазаны жеңіл түрлерімен ауыстыру тәрізді азаматтардың құқықтарының сақталу мәселелері қарастырылды.

Баяндамада ғылыми-талдамалық жұмыстың нәтижелері мен заңнаманы және оны қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар да қамтылған. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға кедергі келтіретін құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған 20-дан астам ұсыныс әзірленген.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button