Жәрмеңке әндерінің жаршысы

Ежелгі Көкжар жәрмеңкесі қаптаған мал мен қайнаған тауар саудасының ғана орталығы емес, сонымен қатар өрісі кең, өнегесі мол өнердің де биікке бой көтерген ордасы еді. Жан-жақтан теңізге ағындап құйылған өзендер сияқты жиналған қалың халық ортасында Бабатайдан келген атақты Қызыл Тұрдалыұлы:
Айдынына Ойылдың қаз қонатын,
Қалжың айтсам,жеңешем мәз болатын.
Ойналық та күлелік жәрмеңкеде,
Жәрмеңкесі Көкжардың аз ғана күн,
Еркем-ай, дидарыңның көркемі-ай! — деп шығанға жеткізіп шырқаса, оның артынша «Ой, көк», «Жаңғақ», «Қоғажай» әндері шаңды шаңға қосқандай шарықтап тұрар еді. Думан сәнін келтіріп ду көтерген Қызылдың әнінен кейін Қараойдың тумасы Сәулебайдың күйлері Көкжар аспанын қалықтап кетер еді.
Алтықарасудан ат арытып келген Кенже Әділ Өтеғұлұлы:
Тәкаппар неге керек менмен кісі,
Өлеңді неге айтпайды білген кісі.
Алыстан сұлу көркің көз тартқандай,
Қасыңнан неге кетсін келген кісі,—деп «Жайма қоңырға» салатын.
Жәрмеңкенің бірнеше күнін маңғыстаулық «Жеті қайқылар» алатын. Жылкелді Теңізбайұлы:
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел көшкен соң.
Сүйреткен боз жорғаның шылбырындай,
Қылаңға сөз ереді бой жеткен соң,—деп «Құнан нарға» салса, Майлан Жары Шолтаман «Дәләйшім», Тастемір Шыршығұлұлы:
Тастемір – өзім атым, ағам Нұрым,
Алқада жан сөйлемес бізден бұрын,— депасқақтататын.
Жәрмеңкенің әр күнінде өр даусымен халықты тамсандырған Мая Досат:
Көкжарда көп жатқанда ай жатармыз,
Самаурын саздың суын қайнатармыз.
Осыдан аман-есен елге жетсек,
Көздерін қылаңдардың жайнатармыз,— деп желіктіретін.
Түрікпеннен, Қарақалпақтан, Өзбекстаннан келген қалың жұртшылыққа танымал Мұхит Мералыұлының, Орынбордың қақпасы аталған Тәңірбергеннің Молдабайының әндері Ойыл аспанында қалықтап тұрушы еді. Тіпті Уәлидің Майрасы да сырнайымен сызылтып ән салып тұрушы еді деседі.
Мұның бәрін тізбелеп неге айтып отырмыз? Себебі аталған өнерпаздардың есімдерін «Кеңес заманының саясатына қарсы жат элементтер» деген сылтаумен атауға тыйым салынған кездер болды. Дегенмен «Ел іші — өнер кеніші» дегендей, әрі әнші, әрі сазгер, әрі ақын, әрі орындаушы дүлдүлдердің мұраларын «халық әні» деген атпен сақтап, бүгінге жеткізеді. Сол халық әндерін елге жеткізіп таратушы бірден-бір адам Ғарифолла Құрманғалиев еді. Ғарекең арқылы шәкірттері бүгінге дейін жәрмеңке әндерін жаңғыртып айтып келеді.
Солардың бірі — ҚР Мәдениет қайраткері, елу жылға жуық Ойыл аудандық мәдениет бөлімінде қызмет жасаған, бүгінде жасы сексенге келсе де, сауықты ортаның ажары мен базары болып жүрген Амангелді Жұманов.
Әбекең төртінші сыныптан бастап қолына домбыра ұстап, бесінші класында той-томалақта ән айтып, әнші бала атанған. Бұл туралы сол кездерде:
Жан біткен құрсақтағы жағдайында,
«Өнер» деп жазылыпты маңдайына.
Шыр етіп жерге түскен сары баланың,
Бұлбұл құс ұя салған таңдайына.
Балапан ұясынан ұшарында,
Қалықтап көкаспанды құшарында,
Айбас баба әуеден аян беріп,
Домбыра боп қалыпты құшағында,—деп жергілікті ақындар өлең де шығарған.
Көпшіліктің қошеметі жас баланы қанаттандырып, облыс көлеміне танымал болған, республикадағы жалғыз колхоз-совхоз музыкалы драма театрының артистерінің қойылымдарын, концерттерін құр жібермей, ондағы орындалған халық әндерінүйінде оңашада қайталап, көрген концертін қайта қойыпшығатын. Сөйтіп жүріп негізгі мектепті бітіріп, еңбекке араласты. Жас жігіттің өнеріне сүйсінген аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сахи Жақыпбеков 1965 жылы талабы таудай Амангелді Жұмановты автоклуб меңгерушісі етіп жұмысқа қабылдайды. Сол күннен бастап кәсіби маманға айналады. «Дәстүрлі әндер» деп аталып жүрген халық әндерінің шебер орындаушысына айналды. Аңсаған «Ақсұңқарын да жайған торға» қондырды.
Жалпы Батыс Қазақстан дәстүрлі ән мектебінің негізін салушы Мұхит бабамыз болса, сол Мұхиттың әндерін, халық әндерін бізге жеткізуші Ғарифолла Құрманғалиев екені даусыз. Ал Ойыл өңірінде Ғарифолла әндерін нақышына келтіріп орындаушы Амангелді Жұманов болатын. Үлкен, кіші «Айдайлар», «Ағиіс», «Желкілдек», «Шымыр», «Әдемі қыз», «Он алты қыз»,т.б. ұзын саны елуден астам ән Әбекеңнің қоржынында әлі де сақтаулы.
Қазірдің өзінде:
Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,
Жас жетіп, қартайған соң амал бар ма,—деп шырқағанда да дауысының әлі де шарықтап тұрғанын байқайсыз. Осы орайда:
Шарықтап ән қанаты ескенінде,
Бұлт болып Ақшатаудан көшкенінде.
Қабаттап қанша шапан жапқанменен,
Әбекең шал болмайды сексенінде,—дегің келеді.
Аудандық халық театрындағы ұзақ жылғы еңбегі елеусіз емес. Режиссер болып, бірнеше қойылымдарды сахнаға шығарды. Өзі де талай рөлдерді сомдады. Бүкілодақтық термешілер байқауының жүлдегері де болды. Марапаттан да кенде емес. Бірнеше медальдың иегері. Бірақ соның барлығы халық ықыласынан артық емес. Облыстық, республикалық өнер ордаларынан шақыртулар алса да, жылы орнын суытқан жоқ. Тіпті Ғарифолланың өзі қолтықтап тұрып, қолқалап шақырғанда да шаңырақтағы жалғыз ұл әкесін, отбасын, туған халқын айналып келер атақ-даңққа айырбастамай, Ойылында қалды.
Жалпы, Әбекең «Пәлен мықтымен дастарқандас болдым, түгенше бастық қонаққа шақырды»,— деп желкөбіктеніп сөйлейтіндердің қатарынан емес, қарапайымдылығымен-ақ жұртшылықты айналасына үйіріп алатын жан. Қашанда алқалаған әлеуметтің ортасында.
Осыдан он бес жылдай бұрын тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған, еңбектегі ерлігін өзіміздің қаламгерлерді айтпағанда, тіпті шалғайдағы неміс жазушысы Бертольд Брехт өз шығармасына арқау еткен Шығанақ Берсиевтің туғанына 130 жыл толуына орай Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Ойыл халық театрының режиссері Амангелді Жұманов пен танымал өнер шебері Мағзом Бақытжанов сахналаған «Шығанақ» атты спектакль көрсетілді. Шығанақ атаның рөлін халық театрының тарланы Аманкелді Жұманов сомдады.
Сөзден гөрі іске бейім, көптің ортасында өте қарапайым, қарамағындағыларға қабағын қағып, реніш білдірмейтін, елге сыйы мол тарышының еңбекпен шыңдалған келісті келбетін жұртшылыққа таныту тіпті де оңай емес екені белгілі. Алайда бала кезінен ауылда өсіп, еңбеккер жандардың ортасында жетілген, көптің сөзіне құлағын түріп, жақсы мен жаманды, бар мен жоқты айыра білетін Амангелді Жұманов бұл ретте өзінің табиғи талантын мүмкіндігінше молынан көрсетіп, сахнада ел санасындағы Шығанақтың шырайын келтіріп шығарды.
Сол уақытта көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Әбекең былай деп еді: «Бұл Шығанақ Берсиевтің 125 жылдығында қойылған спектакль, биылғы мерейтойға қайта дайындап алып келдік, актерлер құрамы өзгерді. Осыдан бес жыл бұрын әкелгенде сахнаға шыққан бұрынғы адамдардың көбі жоқ, жасарған ұжыммен келдік. Жастарды сахна өнеріне баулып жатырмыз. Театрымыз жұмыс істеп тұр, арасында спектакльдер қояды. Шығанақ атамыз туралы спектакльдің жас ұрпаққа пайдасы көп, көзімен көріп, құлағымен естіп, ол кісінің кім екенін, елге қандай еңбегі сіңгенін біледі, үлгі-өнеге алады. Біздің мақсат та сол атамыздың еңбегін елге таныту».
— Төртінші класс оқып жүргенде салдым әнді. Бесінші оқығанда кәдімгідей той-томалақтарда айта беретін дәрежеге жеттім. Жеті бітіргесін оқуды қойдым. Ол кезде жеті бітірсең болды ғой. Сол жылы шешем қайтыс болды. Нағашы шешем мен әкем қалды қолымда. Нағашы шешем жетпістен асқан, әкем де егде тартқан. Алпысыншы жылы Ойылдың орталығындағы киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберханаға ағаш шебері болып кірдім. Бұл кәсіпорын Байсұлтан Еңсегенов басшылық жасайтын селолық сауда жүйесіне қарайтын, тікелей басшым Ідіріс Жұмашев еді. Содан екі жыл жұмыс жасадым. Алпыс үшінші жылы Ойыл ауданы тарап, Қобдаға қосылды. МТС-тың қол астындағы диірменде жұмыс істеп жүрдім. 1965 жылы қаңтарда аудан қайта құрылды. Шілденің екісі күні аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сахи Жақыпбеков автоклуб меңгерушілігіне бұйрық берді. Содан сол мәдениет саласында табан аудармай ұзақ жыл қызмет істедім, — деп Әбекеңнің өткен күндеріне ой жүгіртіп айтқан әңгімесі де жадымызда сақталып қалыпты.
Бүгінде елдің аяулы азаматына, өнерімен ұзақ жыл туған халқына қапысыз қызмет етіп, көптің көңілін әсем әуенімен тербетіп келе жатқан біртуар талант иесіне айтар ақжарылқап тілегіміз аз емес.
Тұрғанда Алла берген баста бағың,
Сайрайды әлі талай тіл мен жағың.
Халқың бар алақанда аялайтын,
Өнердің биігінде сенің бағың.
Сен өнердің шежірелі сөзісің,
Көкжардағы жәрмеңкенің көзісің.
Ғасырлардан сырлы әуенді жеткізген,
Мұхит пенен Ғарекеңнің өзісің.
Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, өркенді өнеріңіз — кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жастармен екі ортадағы айшықты алтын көпір. Бір әулеттің абыз ақсақалына айналғаныңызды немере, шөберелеріңіз мақтан тұтады.
Ендеше, сізге алда да ғибраты мол ғұмыр тілейміз, ұзақ жылға өнердегі өрісіңіз кеңейе берсін.
Шөбереңмен көңілің ашық көлдейсің,
«Шөпшегімнен су ішсем» деп шөлдейсің.
Ағайын-дос, ұрпақтарың аман боп,
Кемпіріңмен ғасыр тойын көргейсің.
Қуаныш НҰРШИН,
Қилыбай БАҚТАРБАЕВ.