Вице-министр тауар өндірушілермен кездесті

Ауыл шаруашылығы
Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовпен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және ветеринарлармен кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, фермерлерді қолдау және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері талқыланды.
— Біз сіздермен егіс науқанына дайындықтың маңызды кезеңінде кездесіп отырмыз. Елдің экономикалық дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі көп жағдайда өнімге байланысты. Сондықтан аграрлық кешенге сұраныс жоғары, мемлекет тарапынан мүмкіндіктер де жеткілікті деңгейде жасалып жатыр. Былтыр ауыл шаруашылығы саласы рекордтық өнім жинап, ел экономикасында жетекші орынға шықты. Биыл да көктемгі егіс және жинау жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру жалғасады. Оның көлемі 700 миллиард теңгеге дейін артады. Қазірдің өзінде 3183 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 240 миллиард теңге қаржы берілді, оның ішінде Ақтөбе облысында 31 фермер 2,4 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды,—деді ол.
2024 жылы кепіл зат тапшылығы мәселесі шешіліп, алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына арналған несиенің 85 пайызына дейін кепілдік беретін арнайы бағдарлама енгізілді.
Фермерлерді қолдаудың тағы бір маңызды құралы—жеңілдетілген лизинг. Биыл оның көлемі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 5 пайыз «таза» мөлшерлемемен берілуде. Қазіргі уақытта 95,9 млрд теңгеге 2806 өтінім түссе, облыс бойынша 3,7 млрд теңгеге 243 өтінім қабылданған.
Аманғали Бердалин кездесуге қатысушыларды мал шаруашылығы мен өңдеуді дамытуға шақырды.
Былтыр өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз ету мақсатында несие беру басталды. Биыл бұл мақсатқа 48 млрд теңге бөлінеді. Мал шаруашылығы саласында қысқа мерзімді қаржыландыруды тарту мәселесі пысықталуда. Алғашқы кезеңде бұл қаражат (50 млрд теңге) ірі қара мен ұсақ мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларына бағытталады.
Селекциялық-асыл тұқымды жұмысты субсидиялау қайта қаралып, оны жеңілдетілген несиелендіруге көшіру, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына мал тапсыру нормативтерін арттыру жоспарланып отыр.
Ветеринарлармен өткен кездесуде ветеринарлық қызметті дамыту мен цифрландыру, эпизоотиялық тұрақтылықты нығайту мәселелері қозғалды.
Аманғали Бердалин өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстау үшін барлық қолжетімді құралды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті ауруларға жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салды.
— Мал басын сауықтыру, бруцеллезге серологиялық зерттеулер жүргізу және жануарларды сәйкестендіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуге тиіс,—деді вице-министр.
Ол жергілікті атқарушы органдарға заманауи жылжымалы инсинераторлармен және ветеринарлардың нақты қажеттіліктеріне сай жабдықталған пункттермен қамтамасыз етуді тапсырды.
— Tort Tulik мобильді қосымшасы мен ауыл шаруашылығының ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді енгізу есептілікті тиімді жүргізуге, қағазбастылықты азайтуға және мал ұрлығымен күреске көмектесуге тиіс, —деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Д.АЙДАР.



