Мерей

Жүректегі жылылық

Ол көктемнің жер-дүниеге жылы шуағын сездіріп, айналаға жаңару нышанын әкелген тұсында — наурыз айында дүниеге келген. Бәлкім, сондықтан да болар, көңілінің кеңдігі, жанының жасарып жүретіндігі маңайындағыларға ылғи да әдемі бір сәтті сыйлағандай әсер қалдырады.

Біздің кейіпкеріміз «Энергетика  саласының құрметті ардагері» Марат Нұркеев нақ осы наурыз айында өзінің жетпісінші белесіне көтеріліп, кемелді кезеңіне аяқ басып отыр.

Әке көрген оқ жонар

Оның әкесі Сисенбі «Ақыраб» совхозында бухгалтер болып қызмет атқарды, анасы Мәрия үй шаруасында. Бухгалтердің баласы әрі үйдің үлкені болғандықтан, жауапкершілікті кішкентайынан бойына сіңіріп өсті. Сабағын да жақсы оқыды, одан қалды үйдің шаруасына көмектесіп, анасының да қолын ұзартты. Кейінірек байқап отырса, бұлар әкенің қабағымен өскен екен ғой. «Әке көрген оқ жонардың» мағынасы — ұлды қамшылап отырып, сол арқылы шынықтыру емес, жақсы үлгімен жол көрсету екенін де осылайша ұғыпты.

Атасы Кәдірбай — Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер. Ол Қобда ауданының Құлакөл деп аталатын ауылында 1901 жылы дүниеге келген. Ленин атындағы совхозда ұзақ жыл малшы болып еңбек еткен. Мал шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштері үшін 1950 жылы Ленин орденімен марапатталған. 1954 жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің үлкен күміс медаліне ие болған.

Осындай ерен еңбек адамы өзінің тұңғыш немересі Мараттың тәлім-тәрбиесіне кішкентайынан көңіл бөліп, көз бағдарында ұстапты.

Атасының көп тағылымын әлі күнге дейін ұмытпайды. Кәдірбай атасы өзімен жастайынан көрші әрі сыйлас болған Ақыл Айтмұхамбетовті өмір бойы аузынан тастамай, аруағына сыйынып өткен-ді. Екеуі де ел қорғауға аттанып, сол Ақыл көршісі майданнан елге оралмай қалған. 1942 жылы Сталинград түбіндегі қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан…

Кейінірек екеуінің ұл-қызы үйленіп, екі шаңырақ арасында құдалық жолы жүреді. Бұл қызықты көруге, әрине, Ақыл құдаға тағдыр жазбаған.

Ал тұңғыш немере Марат дүниеге келіп, ес біле бастағаннан Кәдірбай атасы ылғи да ретін тауып, баланы сол Ақыл құдасының үйіне қарай бағыттап отырады екен. «Бүгін нағашы әжеңнің үйіне қонып кел» деген сияқты сөздермен оны солай қарай жөнелтіп жібереді.

«Кейінірек, есейген соң ойлансам, майданнан қайтпай қалған досының шаңырағына да шуақ кірсін, маған алаң болсын, ойлары бөлінсін дейді екен ғой. Мені бұны атамның даналығы, маған берген бір сабағы деп ұғындым» деп еске алады сол күндерді қазір.

Бабасы Нұрқадан, оған жалғасып Кәдірбай атадан, берісі Сисенбі әкеден қалыптасып, сабақтасқан әулеттегі тәлім тізбегі бүгінде Марат арқылы балалары Қобыланды, Ораққа жалғасуда.

Балалыққа оралу

Адам жасы үлкейген сайын балалық шаққа көбірек оралатын сияқты. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қобдадағы Новоалексеевка қазақ орта мектебінің түлектері жарты ғасырды өткізіп барып, бір кездесіп алғаны бар. Күнделікті тіршілік барысында бірін-бірі көріп, хабарласып жүргенімен бұл жүздесудің орны ерекше болды. Бәрі де бір сәтте мектеп оқушылары сияқты болды да кетті. Қыздардың ақ бантик тағып алғаны ерекше көрініс іспетті бәрін де жасартып жіберді.

«Мен сегізжылдық білімді Ақырабта алғанмын, содан кейін Қобданың басындағы орта мектепке келдім. Бала кездегі достар өз алдына, бозбала шағымдағы құрдастарым да маған ерекше қымбат. Өкініштісі, біраз кластастарымыз өмірден өтіп кетті. Қырық жылдық кездесуімізді өзі жүгіріп жүріп ұйымдастырған досымыз, полковник Қуанышбек Бақытжанов осы бір әдемі сәтке жақындап қалғанымызда көз алдымыздан жалт ете қалғандай болды», — дейді ол.

Бұл жолы Гүлжан мен Сазида есімді қыздар белсенділік танытып, кездесу шараларын жандандырып жіберді. Өмір заңымен, тіршілік жайымен алысқа кеткен қыздар Жәния, Дәметкен, Қымбат да ұясына қайтқан құстардай жан-жақтан оралыпты осы тұста.

Сол жарты ғасырлық басқосуда Марат Нұркеев өзінің кластастары Қазыбек Кенжебаев, Маралбек Есекенов сияқты жігіттер болып қыздарға құрмет көрсетті. Өздеріне сабақ берген аяулы ұстаздары Гүлқасима Сисекенова мен Розалия Алисоваға ерекше ілтипаттарын танытты.

Мәкең өз құрдастарының әрқайсысының қоғамға қапысыз қызмет еткенін мақтанышпен айтады. Олардың кезкелгені туралы қызықты деректерді де тауып айта қояды. Мәселен, Маралбек досы қылмыстық іздестіру саласында жемісті еңбек етіп, тапқырлығы мен тынымсыздығы арқасында жұртшылық аузында итальяндық «Спрут» киносериалындағы әйгілі комиссар Каттани есіміне ие болыпты.

…Балалықтың балға татитын көп әңгімелері сол кездесу күндерінде айтылыпты. Сол әсерден Мәкең бүгінгі күні де арыла алмай жүргендей көрінді маған.

Комсомолдан басталған қызулы шақтар

Ол кездері қоғамда комсомолдың беделі биік еді. Қызмет бабында өсемін деген жастың алғашқы баспалдағы да осы жастар ұйымы болатын. Оған таңдау да мықты, талпынушылар да аз болмайтын. Бірақ билік иесі партия болғандықтан бұл ретте сол жақтың сөзі өтімді. Сол жақтағы коммунист ағалар бұл мәселеге мұқият қарап отырады. Яғни кез келген адам жастар одағы қызметіне кіріп кете алмайды.

Институт бітіріп келген Мараттың алдынан ақ жол ашылғандай болды. Ол кезде аудандық жастар ұйымының жетекшісі Ольга Николаевна Отрошко деген қыз екен. Аудандық комитетте кілең жалындап тұрған қыз-жігіттер қызмет атқарады, көп шаруалар солардың белсене араласуымен шешімін тауып жатады. Осының алдында бірінші хатшылық тізгінін төрт-бес жылдай Мәлік Жекеев ұстаған екен, сол уақыттарда көптеген бастамалар көтеріліп, Қобда аудандық комсомол ұйымы облыс көлемінде алдыңғы қатарда тұр екен.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алтынбек Әкімжанов жастардың белсенділігіне үнемі назар аударып, қажетті жерінде оларды қолдап, жауапты міндеттерді де үнемі жүктеп отыратын кез еді бұл.

Жетпісінші жылдардың бас кезінен облыс көлемінде мектеп түлектерін өндіріске тарту, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарына кеңінен араластыру басты орынға қойылғаны белгілі.

Марат Нұркеевтің комсомолдағы жұмысы да осы науқанды өрістетумен тұспа-тұс келеді.

«Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшарда «Қарлығаштар» деп аталатын механизаторлар бригадасы құрамында қыздар арасындағы тұңғыш тракторшы Қалима Абашева топ жарып шықты. Әлі есінде, ол өзінің құрдасы екен, содан ба, оны қолдап, тәжірибесін кеңінен таратып, осындай насихаттау жұмыстары нәтижесінде ауданда «Арман», «Әлия гүлі», тағы да басқа қыздардан тұратын механизатор бригадалары құрылды.

Еңбекте шыныққан Қалима бірсыпыра уақыттан соң өзі еңбек ететін Әлия атындағы шаруашылық бірлестігінде комсомол ұйымын басқарып, одан кейін кәсіподақ комитетінің жетекшілігіне көтерілді.

«Жастарды еңбекке тартуда шаруашылықтардың басшылары, партия, комсомол комитеттерінің хатшылары бізбен бірлесіп көптеген жұмыстар тындырды. Жас еңбеккерлерге жағдай жасау, оларды өнімді еңбекке ынталандыру, туристік саяхаттарға жолдамалар бөліп, жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін қарастыру сияқты шаралар аса қажет болатын.

«Қазақстанның 30 жылдығы» ұжымшары басқармасының төрағасы Василий Петрович Вивтоненко сияқты түсінігі мол, білікті басшылар аз болған жоқ сол уақытта. Біз де «Комсомол — партияның қолқанаты» деген ұранды алға ұстанып, өз міндеттерімізді абыроймен атқардық», — дейді Марат Сисенбіұлы сол бір кезеңдерді еске алғанда.

Көп ұзамай Қобда ауданы екіге жарылып, жаңадан Исатай ауданы ашылғанда жаңадан сайланған ауданның бірінші басшысы Зәкіраддин Байдосов комсомол қызметінен көзге түскен Марат Нұркеевті «Жиренқопа» совхозының партия комитетінің хатшылығы қызметіне ұсынды.

Одан кейін Қобдадағы автокөлік мекемесіне бас инженер болып келді. Сол өңірдегі бүкіл шаруаны атқаратын кәсіпорында басқа техниканы айтпағанда, 200-дей қуатты КамАЗ көлігі күндіз-түні тынбай жүріп тұрған екен. «Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Монғолиядан қандастарымызды көшіріп әкелуге жиырма көлік жібергеніміз есімде. Елге алыстан аңсап жеткен бауырларымыздың қуанышына куә болдық, оларды орналастырып, жағдайларын жасауға қызмет еткеніміз де күні кеше сияқты еді» деп өткенге бір шегініс жасап қойды Мәкең әңгіме арасында.

Қызмет еткен қалаға

Үйі жылы адамның күйі де жақсы. Технологиялық жабдықтаулар арқылы ыстық-салқын суы үзілмей келіп тұрса, ол тіпті рахат. Ал мұның бәрі жарты миллиондай тұрғыны бар үлкен қала үшін қалай жүзеге асып жатады — онда ешкімнің шаруасы жоқ. Барлығына да бұл баяғыдан қалыптасқан, солай болуы заңды сияқты көрінеді.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға көптен-көп қатысы бар Ақтөбе жылу электр орталығы деп аталатын мекеменің тарихы біраз уақыттан бастау алады.

Сонау 1960 жылы облыс орталығында осы тірлікті тындыратын орталық құрылысын салу туралы құзырлы органдардың арнайы шешімі қабылданыпты. Содан КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігінің басшылығымен жобалау және құрылыс жұмыстары қолға алынған. Құрылыс 1964 жылы басталып, 1971 жылға дейін жалғасқан. Осы жылы пайдалануға берілген Ақтөбе жылу электр орталығы Қазақстандағы табиғи газбен жұмыс істейтін алғашқы ірі электр станциясы болыпты.

Осылай дегенімізбен, бұл орталықтың негізі болып саналатын электр станциясы 1943 жылдан жұмыс істейді екен.

Бұл арада айтқымыз келгені — біздің кейіпкеріміз Марат Нұркеев осы маңызды нысанның қиын-қыстау бір кезеңдерінде жауапты буында басқарушы директор болып еңбек етіп, қаланы бір сәтке болса да жылудан үзбеуге қызмет еткендігі.

«Шынымды айтсам, менің еңбек жолымдағы жауапты да мағыналы кезеңдер деп есептеймін осы жылдарды, — дейді ол.Өйткені үлкен қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету біздің кәсіпорынға тіреліп тұр еді. Замана тілімен айтсақ, біздің командамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етті».

Мәкең Ақтөбе жылу электр орталығын он үш жылдай басқарған Рахым Мұхамедғалиев туралы әрқашанда жылы лебіз білдіріп отырады. «Біз он шақты жылдай бірлесіп қызмет атқардық. Осы кезеңде оның тікелей басшылығымен турбоагрегаттарды қайта құрылымдау бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды, су тазарту жүйесі жаңғыртылып, жаңа технологиялық желілер қондырылды. Құрылғылар мен жабдықтардың сенімді жұмыс істеуі және қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді, соның нәтижесінде жылу беру маусымы кезінде біздің орталық еш тоқтаусыз жұмыс істеді», — дейді Марат Сисенбіұлы.

Кейінгі жылдары жылу электр орталығында үлкен көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Күн сайын қанат жайып келе жатқан шаһардың қажетін өтеуге ұмтылған кәсіпорынның мұндай өркенді өзгерістеріне ол, әрине, қуанады. Қанша дегенмен өзіне жақын, талай маңдай терін төгіп, аянбай еңбек еткен ұжымы ғой.

* * *

…Көпшілік ортасында қызмет істеп, ел мүддесіне еңбек етіп үйренген Марат Сисенбіұлы бүгінгі күні де белсенді қалпынан айныған жоқ. Ол Қазақстан Халық партиясы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.  

Ал отбасында өмірлік серігі, белгілі ұстаз Лиза екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Әсел мен Айгүл заман талабына сай мамандықтар игеріп, өздері таңдаған салаларда жемісті еңбек етуде. Қобыланды мен Орақ та бүгінде елге қызмет етіп жүрген танымал азаматтар.

Балаларының қызығына бөленіп, немере сүйген ата мен әженің ендігі тілегі — ұрпағының өсіп-өркендеуі, әулеттік жақсы дәстүрлерді лайықты жалғастыруы.  

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button