Әдебиет

«Тереңдегі толқындардың» тербелісі

Нұрлыбек Қалаудың «Тереңдегі толқындар» атты жаңа жыр жинағы азаматтық лирикалармен басталады. Автордың алғашқы өлеңінен бастап-ақ, осы бағытты нысанаға алғаны көрініп тұр. Мысалы, «Ақ параққа түскен із» деп аталатын өлеңді оқып көрелік:

Жүре алмайды күйкілікті малданып,

Өтеді ол адал болып, Арға нық.

Бар ғұмыры көгенделген параққа

Бекзат болмыс, Ақын дейтін бар халық, — деп басталады да, одан әрі қарай:

Мақсаты анық: Жаулау керек жүректі

Ақ параққа Ақындардан түскен із, — деп жалғасады.

Осы бөлімдегі «Мен және Мен», «Санамдағы үн», «Анкета», «Сәйгез өлең», «Елшімін», «Қалам мен ғалам», «Дауагер» тәрізді өлеңдердің барлығы да ақынның қоғам алдындағы жауапкершілігі қандай болуы керектігін еске салуымен көңілде қалады.

Жалпы, Нұрлыбектің өлеңдерінен ірі мін табу қиын. Ұйқастары ұқыпты, шумақтары да шымыр. Бірақ өлеңнің жақсы болмағы тек тәртіпті ұйқас пен шымыр шумақтарға ғана тіреліп тұр ма?

Өлең, ең алдымен, сезімді қозғауға тиіс. Ал сезім дегеніңізді сұлу да сылдыр сөз тіркестерімен немесе көне заманнан қалған таңсық атаулармен оята алмайсыз.

Дегенмен автор «Ақ сүңгі» деп аталатын екінші бөлімде кәдімгідей ширақтана түседі. Анау «Бетперде» немесе «Тірлік осы» деп аталатын өлеңдерде қоғамның осы шақтағы бітеу жаралары ашық көрсетіледі. Ал «Неге» атты жыр расында да көпшіліктің өзіне-өзі (бәлкім, басқаларға да) қоятын ежелгі сауалына жауап іздейді. Бірақ бұл сауалға жауап табу мүмкін еместігі де белгілі.

Неге осы бүгінгі адам

Пір тұтады байлықты,

Қарапайым күн кешуге

құлықты екен қай мықты.

Түр-түсіміз — пенде сынды,

қорқаулармыз — тірлікте,

Ой-санамыз кедейліктен          

неге сонша қаймықты, — деп басталатын өлең Жер бетінде тірлік барда реттелуі мүмкін емес, сол себепті әділетсіздік пен әділдіктің бір-бірін жеңе алмай итжығыс түсіп келе жатқан текетірес тірлігін және бір рет еске салады. Бұл пәлсапалық сауалдың алғаш рет қашан ортаға тасталғанын ешкім тап басып айта алмас, сол сияқты оның қай кезде біржола күн тәртібінен алынып қалатынын да ешкім болжай алмаса керек. Дегенмен мұндай өлеңдердің де әйтеуір бір түйіні болу керек қой. Ақын сол түйіннің біреуін «Улы сия, долы қол» деп аталған өлеңінде ұсынады да.

Қиялым тізгін ірікті…

Бекетке қонбай қосым нық.

Ертеңге деген үмітті

Кім ұрлап кетті, о, сұмдық, — деп аяқталады бұл өлең. Көрдіңіз бе? Түйін дегенімізбен бұл тіпті де түйін емес. Қағазға түсірген — улы сия, қаламға ілесіп жазған — долы қол. Көз алдыңызда — тағы да сұрақ.

Біздің қоғамның неліктен бұлай бүлінгенін айту ақынның міндетіне жатпайтын да шығар. Бұл ретте әлеуметтанушылар, тарихшылар, мүмкін, экономистер көмекке келгені мақұл болар еді. Солай десек те тағы бір өлеңіне ақын сұраққа жауап боларлықтай бір өзгеше атау қояды — «Орныңда қалдырмайтын мектеп».

Міне, мәселе қайда жатыр. Қанша шатастырса да 42 әріптің басын ежіктей қосып оқи алатын, күнделікті шаруаға керекті төрт амалды ептеп болса да білетін оқушыны сыныптан сыныпқа көшірмей тастау қазір үлкен күнәмен бірдей. Ал сондай надан баланы еріксіз сүйрелеп, жоғары оқу орнын бітірткізу, диплом әперу, одан соң, әрине, дүмді қызметке орналастыру сонда күнәға жатпай ма екен?! Ақын:

Біз — оқушы, өмір ғажап бір мектеп,

Оқып жатқан, өтіп жатқан дүрмек көп.

Періштелік пәктікпенен кірген ек,

Бітіргенше кетпесек қой кірлеп көп, — деп осы заманның бір шындығын алдымызға жаяды. Яғни сананың кірлеуі әу бастан-ақ, мектеп табалдырығын аттаған күннен басталады екен. Ал одан соң ше? Ақын келесі өлеңдерінің бірінде («Шындық бұл») баршаға белгілі бұл мәселені де айта кетеді: Осылайша термелей келгенде жас түлегіңіздің де, жас маманыңыздың да бес қадақ бояумен бізге сүрмелеп әкелетін кескін-келбеті анықталып қалады.

Енді «Дәстүр дәрістері» деп аталатын бөлімге аялдайық. Атауы осылай болғанымен, бұл бөлімде қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері туралы нақты анықтамалық жырлар жоқ. Сірә, ақын өткен де кеткен дәстүр-салттарды тілге тиек етуден гөрі осы заманда сондай тұғыры мығым дәстүрлерді қандай тірліктер айырбастап жатқанын сөз етуді мақұл көрген сияқты. Расында да, ата-бабаларымыз қандай салтты ұстанғаны, қандай дәстүрлерді берік сақтағаны түгелдей дерлік қайтадан қағазға түсіп болған секілді. Енді соларды тек кейінгі жас балалардың құлағына сіңіру ғана қалды. Ал үлкендер мұның бағасын өткен күн мен бүгінгі күнді салыстыру арқылы біледі. «Күшеншек ай», «Ай қоралап қалған түн», «Шырық бұзар», «Этнографиялық өлең», «Бөрі сырғақ», «Қыс шілдесі», «Қазанның соңғы күні», «Таңғы тамшылар» тәрізді өлеңдерде салт-дәстүрлерге тікелей нұсқау жасалмағанмен де, көңіліңді «бұрын бұл кезде табиғат қандай болатын еді» деген сияқты сауалдар түрткілеп жатады.

Нұрлыбекке ғана қаратып айтып отырған жоқпыз, жалпы соңғы кездері біздің поэзиямыз шешуі табылмайтын арыз-хаттарға ұқсап бара жатыр. Солардың мән-мағынасы бір ғана сауалға маңдай тірейді: «Неге олай?», «Неге бұлай?». Ал бұған жауапты кімнен күтеміз? Оқырманның өзінің де көңілінде осы сұрақтар тұрғандықтан олар мандытып жауап бере алмайтыны белгілі.

«Тәжтажал тұсындағы жырлар» атты топтама да кеше ғана басымыздан өткен жайға қайта оралтады. Тәжтажал, расында да, екі аяғымызды бір етікке тықты. Бірақ соны пәленбай беттік жырға айналдыру керек пе еді? Бәлкім, үнсіз де қалмау керек шығар. Не болғанда да, бұл да тағдырдың бір сынағы болды, қаншама ғұмыр үзілді, медицинаның да жетілмеген тұстары мол екендігін байқадық. Бәлкім, осының бәрін тізбелемей-ақ:

Бір-ақ сәтте мүсәпір тоқ, сау халық,

Ауа жетпей алқынған көксау ғаріп.

Тым кешеңдеу қалдық па, аңғал жұртым,

Өткізіп ап, сақсынып, оқшауланып.

Құрсайды кеп ажалдың торы мына,

Жетеміз бе көрстан қорымына.

Уа, Жаратқан, қазақтай жалғызымның

Көктен қошқар түсірші орнына! — деген тәрізді бірер өлеңмен тұйықтағанда да болар ма еді. Не нәрсенің де, соның ішінде өлең топтамаларының да белгілі бір мөлшері болуы керек. Ал сол мөлшерден асып түсуге тырыса беру сығып айтылуға тиіс сөзді сағызға айналдырып та жіберетінін ұмытпау керек.

Солай бола тұрса да Нұрлыбектің «Аурухана дәптерінен» деп аталатын топтамасына ішіміз жылып қалды. Мұнда жалпы қоғамның емес, негізінен, жеке адамның көңіл күйі бейнеленеді.

«Ота алдындағы ойлар» деп аталатын өлең шынайылығымен жүрек қозғайды. Ақын «Диагноз» дейтін өлеңінде қоғамның бастан өткерген дертіне қайта оралады.

Түйіндеп айтар болсақ, Нұрлыбек Қалаудың «Тереңдегі толқындары» өзінің тербелісімен көңіл жайландырады. Қаламгердің ақ параққа әдемі, тиянақты, тартымды жыр болып түскен ойлары оқырманды тәнті етеді.

 Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button