Әдебиет

Ақтөбенің ақыны

Ақтөбе деген қаланы о бастан жақсы көрем. Жақсы көргеніміз соншалық —өзіміздің Қызылордадан бұрын сол шаһарға табан тіреппіз. Өзі Аралдың іргесінде тұр. Іргесінде емес енді. Жақындау дегеніміз ғой. Қаратереңнен Аралға бір-ақ аттайсың да, шойын жолға шығып алып, Шалқар арқылы тартып отырасың. Ақтөбе десе, Ақтөбе. Аршыған жұмыртқадай аппақ қала. Біздің бала кезімізде «Арайлы Ақтөбе» деген ансамблі бар еді. Сол ансамбльдің құрамында баянды құлаштай созып, бар дауысымен «Жас дәуренге» басатын қазақ тілді, славян нәсілді Геннадий Шульга деген әнші жүретін-ді. Осы шырайлы Шульга ауық-ауық Қаратереңге келіп, әуелетіп ән шырқап, ел-жұртты ғаламат көңіл күйге бөлеп кететін.

Ақтөбе жақсы… Ақтөбеде ақкөңіл де ағеден ағайын болмаса, несі жақсы?! Шаттыққа толы осы шаһарда қанды көйлек достарым тұрды. Ақын ағаларым ғұмыр кешті. Ірілерге бергісіз інілерім тіршілік етті. Сондықтан астымызға мінген атымыздың басы Ақтөбеге қарай өзінен-өзі бұрылып кете береді.

Өткен ғасырдың,бәлкім, сексенінші, бәлкім, тоқсаныншы жылдары ма екен, біздің ауылдың бір баласы сол арайлы Ақтөбеге аттанды. Қолында қара қаламы, көңілінде таудай талабы, қолтығында мыж-мыж дәптері ғана бар. Ол бала құм суырған Қаратереңнің қыр арқасында отырып, ертелі-кеш өлең жазатын-ды. Енді таза қияли-тұғын… Жыр жазудың жан баласы білмейтін тылсым технологиясын сол Ақтөбеден іздегісі келген болар. Әйтеуір, Қаратереңнің бір шағын «штаты» боп саналатын туған ауылыТастақтан табан үзіп шықты да, әдеттегідей Сырға қарай емес, Қырға қарай бет түзеді. Сол түзегеннен мол түзеді…

Армандап барған Ақтөбесі оған бақ болды. Сөз сенсейі, жыр семсері Ертай Ашықбаевқа жолықты. Былайғы жұртқа жайлы көрінгенімен, өлеңге келгенде талабы тастай қатып қалатын Ертай ақын үрпекбас шайырдың жонынан таспа тілді. Қағандай қаһарланып, қамшысын үйірді. Әрине, әуелі Қаратереңнен келгелі қолынан тастамай жүрген қара қаламының мұрнын жақсылап сүртіп берді. Дәптерінің умаждалған жерін жөндеп, қисық-қисық әріптерін түзетті. Түзеуді де, күзеуді де үйретті. Әр шумағын өрнектеп тұрып өрді. Қаратереңнен қара өлеңнің көнетоздау күпәйкесін киіп келген беймаза баланың иығына Ақтөбенің арынды жырының айшықты шапанын жапты. Сөйтіп, Қаратерең оны қара сөзге жақын етсе, Ақтөбе арқалы ақын етті. Талай жыл бойы шуақты шаһардың шайырлық мектебінде шыңдалды.

Шынымен де,оның Ақтөбеге ақ ту тіккені дұрыс бопты. Дос тапты. Жар тапты. Әдеби орта тапты. Қанат пен Светланадай (Айтбаевтар) қамқор жолдас-жора тапты. Орал-Қосай Байсеңгір сынды он сағат айтыса алатын ойлы оппонент тапты. Дауысы көкте дамылдаған (Талғат Батырхан) дара Димаштың жөргектен жаһанға дейінгі жүріп өткен жолын өз көзімен көрді. Ақтөбе оның бар еркелігін көтерді. Ол да Ақтөбенің абыройын арттырды. Содан соң Қаратереңде туған, Ақтөбеде сызған сырбаз шайыр болмағанда қайтеді?!

Бүгінде ол өмірмен өзектес өңірдің белгілі ақыны атанды. Жақсы ақын. Жампоз ақын. Жайдары ақын.

Оның аты-жөні – Талғат Тілеулесов. Таң алдында елу беске толып, елдің құлағын көтеріп жатыр. Содан ұйқының бәрін жинап қойып отырған сол… Әй, Ақтөбем, жарайсың! Талғат шайыр, қалайсың? Құтты болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button