Тағзым

Әке өнегесі өрге бастайды

Адам қанша жасқа есейсе де көңілінің төрінде, өмірінің бастауында асқар таудай болып әке тұлғасы тұрары анық.

Өйткені кім болса да тіршіліктің сан тарау жолдарында әке салып кеткен соқпаққа көз салады, сол сүрлеумен ілгеріге қадам басады. Өйткені сол бір асқар таудай тұлғаның тәлім-тағылымы, артына қалдырған ұлағаты ұрпағы үшін ұмытылмайды.

Жәңгір Молдағұлов есімін Темір ауданының жұртшылығы жақсы біледі. Сондай-ақ облыстың біраз ауданының ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған көптеген маманына да оның аты-жөні жақсы таныс болар деп ойлаймыз. Бұған Жәңгір Молдағұлұлының ұзақ жылдар Темір совхоз-техникумында әртүрлі лауазымдарда еңбек еткені, алдынан талай болашақ маманның сабақ алып шыққаны негіз болатыны анық.

Жәңгір Молдағұлов негізінде 1936 жылы қазіргі Темір ауданының «Октябрь» кеңшарына қарасты №2 бөлімшесі, ел аузында аталып кеткендей, Еңбекші ауылы аумағында дүниеге келген. Ол кезде бұл аймақ Ойыл ауданы болып саналады екен.

Оның балалық шағы, жасөспірімдік жетілу кезеңдері жеңіл болмағанға ұқсайды. Өйткені отыз жетінші жылдардың қуғын-сүргіні, одан кейінгі Ұлы Отан соғысының жалыны шарпымаған ауыл немесе елді мекен болмағандығы белгілі. Осындай жағдайда ол бұғанасы қатпаған балаң күйінде колхоз жұмысына жастай араласып, үлкендердің шаруасын атқарған тұстары да аз болмаған.

Молдағұл ата 1942 жылдың қаңтар айында соғысқа аттанып, одан бес айдай уақыт хат-хабар келіп тұрған. Ал мамыр айында хабарсыз кетті деген қаралы хабар жетеді.

Жәңгір үш ағайынды. Үлкені — Ыбырай, кішісі— Шамил, ортаншысы — Жәңгірдің өзі. Олар бала кезінен тату-тәтті болып, бір-біріне қамқорлық жасап, Бәтен әжелерінің қолғанаттарына айналған.

Үйдің үлкені Ыбырай сонау Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп келгеннен кейін ұзақ жылдар шаруашылықта жұмыс істейді, тракторшы болып еңбек етеді. Ол совхоздың күні-түні бітпейтін науқандық жұмыстары — мал азығын дайындау, мал қыстату, басқа да шаруаларға белсене қатысып, лайықты мемлекеттік марапаттарға ие болған адам. Осылайша табыс тауып, өзінің Жәңгір інісінің жоғары білім алуына жағдай жасаған, қамқорлығын көрсеткен.

Ал үйдің кішісі Шәміл сол кездегі қиын жағдайға байланысты Қонжар балалар үйінде тәрбиеленіп, мамандық алу үшін жұмысшыларды дайындау мектебіне жіберіледі. Содан белгілі бір мамандықты игеріп, Ақтөбе қаласындағы ірі өндіріс орны — химия қосындылары зауытында еңбек етеді. Ол кезде зауыт жұмысшыларының алатын айлығы жоғары, табысы қомақты. Ол бауырларының тұрмыс-тіршілігін жақсартуына көмегін жасап тұрады. Кейін отбасын құрған соң ауыл жаққа көшіп келіп, елде еңбек етеді. Шұбарқұдықтағы «Қазсельхозтехника» мекемесінде механикаландырылған отрядты басқарып, көптеген жерде бөгеттер салады. Сөйтіп, аудан экономикасын көтеруге мол үлес қосады.

Осылайша ағайынды үшеуі — бір әулеттің алдыңғы буыны ретінде кейінгілерге лайықты өнеге өрісін көрсетті, өздерінің татулық-бірліктерімен олардың алдарына жақсы жол салып берді.

Жәңгір 1955  жылы, яғни он тоғыз жасында Алтықарасу орта мектебін  бітіріп, сол жылы Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика бөліміне оқуға түседі. Сол уақыттарда бұл оқу орны жабылып, студенттер білім алуларын жалғастыру үшін қазіргі Атырау, Қызылорда қалаларындағы институттарға жіберіледі. Сөйтіп, ол Қызылорда қаласынан жоғары білім алып, қолына диплом тиген соң сол кездің тәртібі бойынша Көкшетау облысына жолдамамен барады. Онда облыстық білім бөлімі Қызылтаң ауылындағы мектепке бөліп, осы жерде үш жыл мұғалімдік қызмет атқарады.

Мерзімді уақыты аяқталған соң туған жерге оралады. Келген соң Темір аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы болып қызмет істейді. Көп ұзамай Темір совхоз-техникумына оқытушылық қызметке алынады.

Осылайша оның орта арнаулы білімді ауылшаруашылық мамандарын даярлау жөніндегі ұстаздық қызметі басталады.

Ол 1970 жылдан Темір совхоз-техникумында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, сонымен бірге мұғалімдік міндетін де қоса жүргізеді.

Содан соң 1975-1984 жылдары  Темір  совхоз-техникумында директордың оқу ісі жөніндегі  орынбасары болып істейді.

1984 жылдан совхоз-техникумның  сырттай  оқу бөлімінің  меңгерушісі қызметін атқарады.

Оған осы совхоз-техникумындағы жемісті еңбегі, кадрлар даярлаудағы адал қызметі үшін «ҚР Білім  беру ісінің  үздігі» атағы беріледі.

Жәңгір ағаның зайыбы Тілектес Әмірова балабақшада медбике қызметін атқарады. Отбасындағы өсіп келе жатқан жеті перзенттің үлгілі тәртібі, сабақты жақсы оқуы ата-аналарының оларға берген ұлағаты мен үлгісінің жемісі іспетті еді.

Замандастарының айтуынша, Жәңгір аға жүзінен мейірім шуағын шашып тұратын келісті келбеті, байыпты жүріс-тұрысы, ұқыпты киім киісіне дейін үлгі болған жан екен. Балалары да жас кезінен сондай болуға ұмтылыпты.

— Мен балалардың үлкені болғандықтан да жауапкершілік жүгін ертерек сезіндім-ау деймін. Өзімнен кейінгі бір-біріне тетелес өскен үш қарындасым — Әлия, Ләззат, Ғалия анамыздың нағыз көмекшілері іспетті болып өсті. Олар кішкентай кездерінен үйдің ішін мұнтаздай етіп жинап, өсе келе барлық шаруаға кірісіп кете беретін. Әкеміз қыздарын еркелетіп, оларға аялы алақаны мен ерекше жүрек жылуын арнап жүретіндей көрінуші еді.

Қарындастарымнан кейінгі Нұрбек, Нұркен, Нұрлыбек де алдыңғы ізбен жүрді.

Олардың барлығы да жоғары білім алып, өздері таңдаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде, өз орталарында сыйлы. Бәрі де жақсы отбасын құрып, ұрпақ өсіруде, — дейді баласы Қайыржан Жәңгірұлы.

Бір атап өтерлігі, балаларының көпшілігі әкесі еңбек еткен, бәрі үшін де ыстық ұя болып саналатын Темір совхоз-техникумында оқыды, осы ұжымда еңбек етті. Мұны да бір жағынан олар мақтаныш та етеді.

Бір қызығы,олар мұғалімнің балалары болғандықтан ба екен, тәртіпсіздік жасауға, теріс қылықтарға жақын болуға қақылары жоқ сияқты көрінетін. Ең бастысы — әке-шешесі оларды жас кездерінен еңбекке тәрбиеледі, өмірдің мәні де, сәні де еңбек екенін жадыларына тереңдетіп сіңіре білді. Егерде бүгінде олар өмірде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп жүрсе, әке-шешеден дарыған сондай тәрбиенің жемісі екені анық.

Тағы бір атап айтарымыз — Жәңгір аға ауыл балаларының, кейінгі жас буынның оқығанын, жоғары білім алғанын жақсы көреді екен. Сол бағытта көптеген балаға бағыт беріп, қолдау жасағанын да ел жақсы біледі.

Жәңгір ағаның перзенті Қайыржан Орынбор ауыл шаруашылығы институтын мал дәрігерлік мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Темір совхоз-техникумында аға мал дәрігері болып бастады, кейін бас мал дәрігері лауазымына көтерілді.

Одан әрі аумақтық басқармада мамандығы бойынша еңбек етті, Кеңқияқ селолық округі әкімі қызметін атқарды. 2009 жылдан бері Темір орман шаруашылығы мекемесін басқарады.

Қайыржан жолдасы Жанна Қарақұлова екеуі Олжас, Ақылбек есімді екі перзент тәрбиелеп өсірді. Немерелері бар. Жанна ұзақ жыл медбике қызметін атқарды, қазір құрметті еңбек демалысында.

Жәңгір ағаның адал жары, перзенттерін мәпелеп өсіріп, ер жеткізген аяулы ана — Тілектес апа қазір үйдің кенжесі Нұрлыбектің қолында. Осы сәуір айында сексеннің үшеуіне толмақшы.

Жәңгір ағаның өмірден озғанына жиырма жыл болды. Тілектес апа балалары мен немерелерін, яғни ұрпақтарын әке салған ұлағатты ізбен алға бастап келеді.

Ұрпағы үшін өмірлік бағдаршы, асқар тау болған Әке есімі Молдағұловтар әулетінің кейінгі буынының мәңгі жадында жаңғырығып тұра береді!

Талғат БҰРХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button