Жасанды интеллект және сандық техника

Бану ӨМІРЗАҚОВА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жасанды интеллектке қатысты екі маңызды тұжырым айтқан болатын. Біріншіден, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа технологияларды тиімді пайдаланатын елдер дамудың алдыңғы қатарында болады. Сонымен қатар жасанды интеллект бюджет қаражатын тиімді жұмсауға, салық және кеден ісін жетілдіруге, мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға ықпал ете алады.
Екіншіден, Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің идеологияға әсеріне тоқталып, оған толық сенім артуға болмайтынын ескертті. Ол мәдениет пен идеология саласының жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтіп, бірақ адам факторы әлі де маңызды рөл атқаратынын баса айтты.
Жасанды интеллектінің дамуы қоғамға бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкеледі. Алайда бүгінде елімізде этикалық мәселеге қатысты қиындықтар туындап жатыр. Қазір жасанды интеллектінің негізінде жасалған қосымшалар қолданылып, жалған ақпараттар лезде тарап жатады. Әлеуметтік желі қолданушылары жалған ақпарат таратқанға жаза қолданылатындығын ескерсе екен. Сондықтан ел Президенті жиында әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үрдіс екенін айтып, жасанды интеллектіні дамыту мен оның этикалық маңызына тоқталды.
Бүгінде университет оқытушылары жасанды интеллектінің этикалық шеңбері мен қолданылу аясын айқындайтын жобаларды жүзеге асыруда. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім алушылары Google компаниясының Generative AI, AI-SANA және Huawei компаниясының мамандар даярлауға бағытталған жасанды интеллектінің жаңа түрлерін меңгеріп, курс сабақтарын оқуда. Бұл бастама Қазақстанның жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы әлеуетін арттырып, жас мамандардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.