Спорт

Бір өкініш, бір үміт

Әлем чемпионаты-2026

Максимнің жолы болмай-ақ қойды. «Ақтөбеден» Ресейге, «Ахматқа» ауысып барып еді, грозныйлық команда бірінші лигаға түсіп қала жаздап, шақ қалды. Мынау іріктеу турнирінің алғашқы кездесуінде ойын тәртібін өрескел бұзып, алаңнан қуыла жаздады. Әйтеуір литвалық төреші іш тартты ма, кім білсін, ескерту қағазын көрсетумен шектелді. Дегенмен расын айту керек, осы кездесуде көп еңбек сіңіргендердің бірі де осы Максим болды.

Ал кездесу Уэльс құрамасының гол соғуымен басталды. 9-минутта қорғаушыларымыз асып-сасып, Асхат Тағыберген тым шабан қозғалып, Александр Марочкин қисық қимылдап, қақпашымыз алданып, жоқ жерден қақпамызға доп енгізіп алдық. 32-минутта пенальти арқылы есепті теңестірген болып едік, екінші таймның басында, 47-минутта қақпашымыз Александр Заруцкий оңбай қателесіп, екінші голдың соғылуына себепкер болды. Ұшып келе жатқан допты қақшып түспек болған Александр ауа қармап қалды да, алаң иелері допты иесіз қалған қақпаға еш қиындықсыз сүңгітіп жіберді. Ал 90+1 минутта уэлсьтік футболшылар соққан үшінші гол тағы да қорғаушыларымыздың әрекетсіздігін, қақпашымыздың әлсіздігін көрсетті.

2026 жылы болатын футболдан Әлем чемпионатына іріктеудің алғашқы кездесуі осылай аяқталды.

Уэльс-Қазақстан — 3:1

Гол авторлары: Дэниэл Джеймс, 9-минут (1:0); Асхат Тағыберген, 32-минут, пенальти (1:1); Бен Дэвис, 47-минут (2:1); Рабби Матондо, 90+1 минут (3:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Максим Самородов, 42-минут; Ислам Чесноков, 62-минут.

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Александр Заруцкий (қақпашы), Ян Вороговский, Марат Быстров, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Еркін Тапалов, Асхат Тағыберген, Серікжан Мужиков (Георгий Жуков, 62-минут), Максим Самородов (Дастан Сатпаев, 75-минут), Ислам Чесноков (Ғалымжан Кенжебек, 86-минут), Айбар Жақсылықов (Абат Айымбетов, 75-минут).

Резервте болғандар: Стас Покатилов, Мұхаммеджан Сейсен (қақпашылар), Сұлтанбек Астанов, Әділбек Жұмаханов, Ұлар Жақсыбаев, Наурызбек Жагоров, Рамазан Оразов, Алияр Мұхамед.

Бас бапкердің міндетін атқарушы: Әли Әлиев.

23 наурыз 2025 жыл. Кардифф қаласы, «Кардифф Сити​» стадионы, Уэльс.

*   *   *

Екінші кездесуде жерлестеріміз жеңді. Онда да, расын айтуымыз керек, біздің асқан шеберлігіміздің емес, Лихтенштейн құрамасының әлсіздігінің арқасында жеңдік. Әйтпесе бірінші таймның соңына дейін қарсыластар қақпасына біздің футболшылар бірде-бір тіке соққы жасай алмай пұшайман болды. Тек 42-минутта Марат Быстров әуелете тастаған тамаша пасты Максим Самородов қақпаға баспен соғып, голға айналдырды. Арада 3 минут өткен соң осы Максимнің өзі әуелете пас тастады да, Александр Марочкин гол авторы атанды.

Екінші таймда алаңға бас бапкер жаңа ойыншыларды шығарды. Бірақ біздің жігіттер қанша тырмысқандарымен есепті одан әрі ұлғайта алмады. Оның себебін Лихтенштейн құрамасының бас бапкері айтып та берді: «Біздің құрамада Швейцарияда ойнап жүрген төрт-ақ кәсіби футболшы бар, — деді Конрад Фюнфштюк, — қалғандары әуесқойлар. Біздің жігіттер 114 километр жүгірсе, қазақстандықтардың көрсеткіші — 107 километр. Біз өз құрамамызда кәсіби футболшылар бар екендігін мақтаныш етеміз».

Міне, осындай құраманы жеңіп Қазақстан іріктеу турнирінде үш ұпайға ие болды. Ал алдағы кездесулерде қандай дәрежеде ойнайтынымызды алдын ала болжау қазір тым қиын болып отыр.

Лихтенштейназақстан 0:2

Гол авторлары: Максим Самородов, 42-минут (1:0); Александр Марочкин, 45+1 минут (2:0),

Ескерту қағазын алғандар: Феликс Обервадицер, 45-минут (Лихтенштенй), Рамазан Оразов, 19-минут (Қазақстан).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Мұхаммеджан Сейсен (қақпашы), Ян Вороговский (Наурызбек Жагоров, 72-минут), Марат Быстров, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сұлтанбек Астанов, Георгий Жуков, Рамазан Оразов (Асхат Тағыберген, 64-минут), Максим Самородов (Ғалымжан Кенжебек, 64-минут), Ислам Чесноков (Айбар Жақсылықов, 72-минут), Дастан Сатпаев (Эльхан Астанов, 77-минут).

Резервте болғандар: Темірлан Анарбеков, ​Александр Заруцкий (қақпашылар), Еркін Тапалов, Әділбек Жұмаханов, Ұлар Жақсыбаев, Серікжан Мужиков, Абат Айымбетов.

Бас бапкердің міндетін атқарушы: Әли Әлиев.

26 наурыз 2025 жыл. Вадуц қаласы, «Райнпарк» стадионы, Лихтенштейн.

*   *   *

Біздің топтағы басқа ойындардың есебі:

22.03.2025. Лихтенштейн-Солтүстік Македония — 0:3

25.03.2025. Солтүстік Македония-Уэльс — 1:1

Екінші турдан соң J тобында төмендегідей жағдай қалыптасып отыр:

Солтүстік Македония — 4 ұпай, Уэльс — 4 ұпай; Қазақстан — 3 ұпай.

Ал екі рет жеңілген Лихтенштейн мен әлі ойынға кіріспеген Бельгияда ұпай жоқ.

Е.АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button